«Реал» өз тарихынан Роналдуды өшіріп тастауға белсене кірісті

792
0
Бөлісу:

Мадридтік «Реал» өз тарихынан Криштиану Роналдудың есімін өшіруге белсене кіріскен сияқты.

Роналду былтыр жазда туриндік «Ювентус» командасына ауысқан. Оның трансфері 112 миллион еуроға түсті. Қазіргі таңда шабуылшының Италиядағы жалақысы жылына 30 миллион еуроны құрайтын көрінеді.

Роналду «Реалда» тоғыз жылын өткізді. Осы тоғыз жыл ішінде ол клубпен мүмкін болған командалық және жекелей жетістіктердің барлығын түгелдей еншіледі. Сөзсіз, клуб тарихындағы үздік ойыншыға айналды. Осынау бас айналдырарлық жетістіктерінің арқасында әлем футболының аңызы атанды. «Реалмен» бірге жалпы саны 16 трофейді жеңіп алыпты. Сондай-ақ мадридтік команданың жейдесімен 438 матчта 451 гол соққан. Бұл әрине, сөзсіз аса айтулы жетістік.

Әлемге аты әйгілі Daily Mail басылымы аңғарғандай, «Реал» барлық әлеуметтік желілерде Роналдумен байланысты үзген. Керісінше, футболшының бұрынғы клубы – «Манчестер Юнайтед» Роналду қайда болса да «оның ізінен еріп отыратынын» байқатқан.

«Реалдың» ресми сайтындағы УЕФА нұсқасы бойынша 2018 жылдың командасы делінген суретте тек төрт ойыншының суреті көрсетілген. Олар – Серхио Рамос (капитан), Рафаэль Варан, Лука Модрич және Марсело). Ал командаға өлшеусіз еңбек сіңірген Роналду тек көптің арасында ғана бір мәрте аталып өткен.

Галерея бөлімінде де Роналду артқы планда қалған «Реалдың» чемпиондық суретін көруге болады.

Ал «Тарих» және «Аңыздар» бөлімінде қолданушыға бірінші болып Ди Стефано мен Зинедин Зиданның бейнесі көрінеді. Сондай-ақ «Реалдың» жеке клубтық телеарнасы да Роналдудың бейнесі бар видеоларды сирек көрсетуге тырысады.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*