Үлесі мол, үдесі зор

496
0
Бөлісу:

Еліміздің тәуелсіздік алуы мәдениетіміз бен рухани өмірдің барлық саласына зор өзгерістер әкелгені белгілі. Соның ішінде кез келген елдің жоғары мәдениетінің, рухани өресінің көрсеткіші саналатын философия ғылымына тың серпін, сапалы өзгерістер енгізілді. Әсіресе, саяси-идеологиялық еркіндік алған ұлттық философия­ның мазмұны мен мәні түбегейлі жаңа бағыт алды. Интеллектуалдық дәрежесі мен білім деңгейі, құзыреттілігі бұрын болмаған дәрежеге жетті. Оның осындай деңгейге жетуіне еліміздің кәсіби философ ғалымдары, соның ішінде мемлекеттік тілде жазатын, кәсіби философиялық білімін терең зерттеушілік дарынымен ұштастырған, қазақ тілінің қадір-қасиетін, сөз саптауын терең игерген ғалымдар өз үлесін қосты. 

Қазақ тіліндегі философия ғылымы мен кәсіби фило­со­фия­лық білімнің ренессансына өзінің зор үлесін қосқан ғалым­ның бірі – философия ғылым­дарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Нұрышева. Сонау өткен ғасырдың 80-жылдары қазақ баласына тосындау, қиын, бірақ рухани танымдық мәні терең философия мамандығын таңдап, қазір өзі кафедра бас­қа­рып отырған, философ маман­дар дайындайтын қазақ филосо­фия­сының қара шаңырағы сол кездегі Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетін бітіріп шықты. Еңбек жолын өзі туып өскен Атырау облысындағы білім ордасы – Педагогикалық институттың философия кафедрасынан бас­тап, кейін өзі білім алған универ­ситеттің аспирантурасын бітіріп, еліміз тәуелсіздік алған жылдары философия ғылым­дары­ның кандидаты атағын алып шықты, артынан докторлық диссерта­ция қорғады. Осылайша, Гүл­жи­һан Жұмайбайқызының ғалым-философ ретіндегі қалыптасуы мен өсуі еліміздің тәуелсіздігімен тұстас басталды. Сондықтан бо­лар, өзінің кандидаттық жұ­мы­­сын да кеңес кезінде жазыл­­маған және жазылуы мүм­кін емес тақы­рыпқа – ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік санасына арнады. Осылайша, қазақ қоға­мын бейидеологиялық зерт­теудің философиялық-әдісте­мелік һәм теориялық негі­зін айқындайтын сүбелі ғылыми зерттеу дүниеге келді.
Ғалымның докторлық зерттеуі де қазақ философиясына қосыл­ған үлкен үлес болды. Адам өмі­рі­­нің мәні мәселесі шетел фило­софиясында терең зерттелген, негізгі философия­лық бағыттың бірі болса, кеңес елдерінде кенже қалған тақырып еді. Ал қазақтың ұлттық философиясы туралы айту ол кезде мүлде мүмкін емес сияқты көрінетін. Ғалымның өзі айтқандай: «Идеологиялық сипаттағы туындылар қазақ хал­қының философиялық дүние­танмының терең, қайта­лан­бас ұлттық мәнін көрсете алмады, ой еркіндігі болмаған қоғамда ол мүмкін емес те еді». Ғалымның бұл зерттеу еңбегі қазақ фило­софия ғылымына бірнеше тың өзгерістер әкелді. Адам өмірінің мәні, мәселесі тұңғыш рет қазақ философиясы бойын­ша зерт­телді. Қазақтың ақын-жырау­лары, ойшылдары­ның шығарма­ларына сүйене отырып ғалым қазақтың төл фило­софиясының экзистенциалдық, «өмірмән­ді­лік» сипатын ғылыми түрде дәлелді. Жалпы, бұл жұмыста қазақ философиясына қатысты қазір канондық сипат алған тың тұжырымдар мен категориялар дүниеге келді. Зерттеушінің ана тілін терең білуі, қазақ сөзінің мәнісін білетіндігі, кейін қазақ сөздерін философиялық ойды, құбылыстың мәнін дәл жеткізе алатын философиялық таным­дық категорияға айналдыруға мүмкіндік берді. Ғалымның қазақ және орыс тілдерін жоғары дең­гейде меңгеруі, екі тілде бір­дей еркін сөйлеп, жазуы шығар­ма­шылық қызметіне зор ықпал етіп, еліміздегі қазақ тіліндегі фи­лософия ғылымының да­м­уы­на да игілігін бергені сөзсіз.
Ғалым ретіндегі оның ғылыми зерттеу шығармаларының отан­дық философиядағы орны мен мәні жайлы әңгіме өз алдына жеке тақырып екеніне сөз жоқ. Сонымен бірге, белсенді қоғам қай­раткері, танымал интеллек­туал ретінде еліміздегі әлеу­мет­тік-мәдени құбылыстарға, қазақ тілі мен мәдениетіне, ағымдағы маңызды оқиғаларға өзінің пікірін білдірген мақалалары мен сұхбаттары бір төбе.
Ғалымның қырық жылдай ғылыми шығармашылық кезеңі еліміздегі философия ғылымы мен кәсіби философиялық білім саласымен тікелей байланысты. Ғалым Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде профессор қызметін атқарып, 2006-2013 жылдары еліміздегі белгілі Қазақстан-Британ техни­ка­лық университетінде гумани­тарлық ғылымдар кафе­драсының меңгерушісі болып еңбек етті. Бүкіл оқу процесі жаңа талап­тар­ға, соны үрдістерге негізделген бұл оқу орнында Гүлжиһан Жұма­­бай­қызы басшы ретінде философия пәнін оқытудың тың әдістемелік негіздерін қалып­тас­тыр­ды, философиядан бітімі өзгеше жаңа талаптарға сәйкес оқулықтар мен типтік бағдар­ла­ма­лар жасақтады. Бүгінде Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгерушісі. Кәсіби білім беретін еліміздегі іргелі кафедраның қым қуыт жұмы­сымен қатар, еліміздегі ғылым мен білімнің дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып жүр. Кафедраның тек еліміз емес, халықаралық деңгейдегі сапасы өсуіне көп еңбек сіңіріп, оқу орнындағы белді кафедраның біріне айналдырды, халықаралық байланысы нығайды. Жалпы, Гүлжиһан Жұмабайқызының қазіргі Қазақстанның фило­со­фия­сы саласындағы еңбегін екі бағытта қарауға болады. Ол: ғылы­ми зерттеушілік және ұс­таз­­дық, әдістемелік, басшы­лық қызметі. Оған ғалымның әлем­де­гі іргелі философиялық еңбек­терді қазақ тіліне аудару сала­сын­дағы зор еңбегін қосар бол­сақ, профессор Г.Нұрыше­ва­ның отандық, әсіресе, ана тілін­дегі философия ғылымына қос­қан үлесі айқындала түсетіні сөзсіз.

Өмірбек БЕКЕЖАН,
философия ғылымдарының докторы

Бөлісу:

Пікір жазу


*