Ауыл медицинасына алаңдады

502
0
Бөлісу:

Мәжіліс вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Г.Исимбаеваның төрағалығымен фракцияның жаңа жылдағы алғашқы жиналысы өтті. Оған Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында медициналық санитарлық алғашқы көмек қызметінің қолжетімдігі мен сапасын арттыру (сырқатты басқарудағы жаңа әдістерді енгізу) тақырыбы арқау болды.

Фракция жетекшісі Г.Исим­баева кіріспе сөзінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында және Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында медициналық-санитарлық алғаш­қы көмекке (МСАК) қолжетім­ді­лікті, әсіресе, ауылдық жерлерде одан ары арттыру бойынша айқын және нақ­ты тапсырмалар бергенін атап өтті.
Вице-спикер депутаттық кор­пустың және Үкіметтің осы ба­ғытта біраз жұмыс атқарғанына назар аудартты. Денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заң қабыл­данды, онда кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа мо­делі заңнамалық тұрғыдан бекі­тілді. МСАК-ті қаржыландыру көлемі ұлғаюда.
Дегенмен Гүлмира Исимбаева бүгінде 1 900-ден астам ауыл ме­дициналық санитарлық алғашқы көмекпен толық көлемде қамтыл­май отырғанына тоқталды. Соны­мен қатар таяудағы медициналық объектілер 5 шақырым аумағында орналасуға тиістігіне қарамастан, 37 ауылдық елдімекенде. Ол 30-дан 180 шақырымға дейінгі қашық­тықта орналасқан. Осыған бай­ла­нысты фракция жетекшісі меди­циналық ұйымдар жүйесін дамы­тудың инфрақұрылымдық жос­парын әзірлеуді ұсынды.
Бұдан бөлек, оның байла­мын­ша, денсаулық сақтау ұйымдары жүйелерінің нормативтерін қайта қарау керек. Ауылдағы тұрғын­дар саны ғана емес, елді­ме­кен­дердің бір-бірінен алшақ­ты­ғы, геогра­фиялық және табиғи-кли­маттық факторлары ескерілуі қа­жет. Сонда ғана барлық тұр­ғын­ға медици­налық көмек қыз­мет­теріне тең қолжетімділік қамта­масыз етіледі.
Жиналыста МСАК сапасын жақсарту бағытында қабылда­нып жатқан шаралар туралы Ден­саулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева баяндады. Ашық пікірталас ая­сын­да депутаттар, фракция мүшелері З.Аманжолова, Қ.Қаракен, Г.Би­жанова, М.Те­міржанов, И.Унжа­кова, К.Мұ­сырман медициналық санитарлық алғашқы көмек жүйе­сін ары қарай жетілдіру бойынша нақты ұсы­ныстар енгізді. Атап айт­қанда, депутаттар денсаулық сақтау ұйымдары жүйелерінің нор­мативтерін географиялық және табиғи-климаттық фактор­ларды ескере отырып қайта қарау­ды, МСАК шеңберінде медици­налық қызметтердің оңтайлы тізімін қабылдауды, денсаулық сақтау объектілерінің бірыңғай картасын пысықтауды, автомобиль жол­дарын денсаулық сақтау объек­тілеріне икемдеп салуды, ауылдық жерлерде жедел жәрдем көлігін жаңарту бойынша шаралар қа­был­дауды ұсынды.
Жиналыс қорытындысы бо­йынша фракция қаулысы қабыл­данды. Онда бірқатар министр­лік­тер мен жергілікті атқарушы ор­гандарға медициналық сани­тарлық алғашқы көмек қызметінің сапасын арттыруға және қолже­тімділігін уақытылы қамтамасыз ету­ге бай­ла­ныс­ты ұсынымдар қам­тыл­ған.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*