КӘСІБИ ӨСУДІҢ МҮМКІНДІГІ ҚАЙДА ДЕСЕҢ…

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен еншілес ұйымдарында 52 мың жас жұмыс істейді. Олар компаниядағы кадрлардың 39 пайызын құрайды. Осы жастардың кәсіби және тұлғалық өсуіне компания бар жағдайды жасап отыр. Бұл жөнінде «ҚТЖ» ұлттық компаниясының жастар саясатына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялады. Компания 2009 жылдан бері жас кадрлардың инновациялық әлеуетін дамытып, кәсіби, тұлғалық өсуі үшін Жастар саясаты бағдарламасын сәтті жүзеге асырып келеді, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әбденов.
Оның айтуынша, аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында теміржол саласы үшін жас мамандарды даярлауға ерекше назар аударылады. Мәселен, жыл сайын жақсы және өте жақсы үлгеріммен оқып жүргендерге Компания Басқарма төрағасының атаулы стипендиясы және «Магистраль» бағдарламасымен оқуға білім гранты тағайындалады. Соңғы 3 жылда «Магистраль» бағдарламасы бойынша 60 білім гранты және 33 атаулы стипендия берілген.
– Компания жұмысына жас мамандарды тарту үшін болашағынан үміт күттіретін жастар жұмысқа тартылады. Мәселен, 2016 жылдан бастап компания кәсіпорындарына Қазақ көлік және коммуникация академиясының 240 түлегі жұмысқа орналасты. Сонымен бірге, салалық мамандықтар бойынша арнайы орта және жоғары оқу орындары шәкірттерінің өндірістік тәжірибеден өтуіне де мүмкіндік береміз. Бұл ретте 2016 жылдан бастап 6 мыңнан астам шәкірт өндірістік тәжірибеден өтті. ҚазККА-ның үлгерімі жоғары студенттерінің өндірістік тәжірибесін ақылы еттік. Өткен жылы академияның 53 студентіне 2,9 млн теңге стипендия төленді. Теміржол саласындағы жұмыстың тартымдылығын жақсартып, кадрлық әлеуетті нығайту үшін компания қызметкерлерінің баспана мәселесін шешу міндетін де компания мойнына алған, – деді С.Әбденов.
Компанияның Жастар саясаты бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жыл сайын республикалық жастар форумы, «Сен болмасаң, кім?» жастар корпоративтік лагері сессиялары, «Жас кәсіби маман» жастар сыйлығы байқауы, «Жоба-менеджмент» өңірлік инновациялық байқаулары өткізіледі. Бұл байқауларға жыл сайын компанияның 1600 жас қызметкері қатысады екен. Конкурс кезінде жас иноваторлар ақпараттық технологиялар, цифрландыру, ұқыптылық өндірісі, еңбекті қорғау, тасымал қауіпсіздігі сияқты бағыттар бойынша компания жұмысын жақсартуға бағытталған бизнес идеяларын таныстыруға мүмкіндік алады. Еліміздің 16 өңірінде өтетін бұл байқаудың үздіктері Астанадағы Жастардың республикалық форумына қатысу мүмкіндігіне ие болады екен. Аталған форум өңірлік деңгейде өткізілетін барлық конкурстар мен іс-шаралардың қорытынды кезеңі саналады. Ал республикалық форум шеңберінде жыл бойы жүргізілген жұмыстың қорытындысы шығарылады. 2010 жылдан бері 2000 жас теміржолшы республикалық форумға қатысып, нәтижесінде 70-і қызметте көтерілсе, екеуі шетелдік университеттердің оқу грантына ие болды.
2018 жылдың 4 желтоқсанында Жастардың ІХ республикалық форумында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев «ҚТЖ 100 жас тұлға» жобасының іске асқанын жариялады. Биыл жыл бойы Worldskills Hi-tech чемпионатына қатысуға, халықаралық тәжірибеден өтуге және МВА бағдарламасымен оқуға мүмкіндік алатын компанияның тиімді де жоғары әлеуетті 100 үздігі анықталады.
Ал «Жас маман» жастар сыйлығы өз саласының үздіктерін анықтайды. Байқау үздік жолшы, байланысшы, жолсерік, вагоншы, қозғалысшы, экономист сияқты 24 аталым бойынша өтеді. Еліміздің әр өңірінде тұратын компанияның жас қызметкерлері арасында тиімді коммуникацияны қамтамасыз ететін Zhastemir.kz әлеуметтік желісі жұмыс істейді. Бұл желіні 9000 жас пайдаланады.
Айдана БЕГІМ