«Ұры» деп оқудан босатылған қыздар ақталды

543
0
Бөлісу:

Семейдегі Медицина университетінің ішкі жарғысы аса қатал боп шықты. Осыдан біраз бұрын ұрлық жасады деген күдікпен медуниверситтен  шығарылған қыздар «Нұр Отан» партиясы, қалалық әкімдік пен мәслихат араласқан соң оқуға қайта қабылданды.

Семейдегі медуниверситетте компьютердің мышка деп аталатын жабдықшасын кітапханадан дискуссия залына апарған екі студентті оқудан шығарып жіберген еді. Бұл туралы студенттер аты-жөндерін көрсетпестен әлеуметтік желіде айтқан. Тағы да басқа студенттер  осындай ұсақ-түйек үшін студенттерді оқудан шығарып жіберуге бола ма деген наразы пікірлерін берген.

Желтоқсанның 21-і күні Семей мемлекеттік медуниверситетінің құқықпен қамту бөлімінде анықталғандай, кітапхана қызметкерлері компьютердің қозғалмалы мышкасы жоқ екенін анықтап, қауіпсіздік қызметіне өтініш жасайды. Арнайы тексеру барысында белгілі болғандай, екі студент қыз «Патологиялық анатомия» пәніне дайындалу үшін 21.12.2018 жылы компьютер мышкасын алып, кітапхананың басқа бөлмесіне апарады да сонда ұмытып кетеді. Екі студент өз түсініктемелерінде солай деп жазған. Ал медуниверситет ұжымы болса, бұл екеуі университет имиджіне нұқсан келтірді, ұрлық сипаты бар, сондықтан ҚР Заңнамасына сәйкес шаралар қолдандық дейді. Десек те, биыл «Жастар жылы» екенін ұмытып кеткен сияқты.

Сонымен әлеуметтік желіге шығып кеткен дау туралы медуниверситет ректоры Ерсін Жүнісов БАҚ өкілдері алдында айтып, облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, қала әкімі Ермак Сәлімов, мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов қатысқан баспасөз мәслихатында студенттердің оқуға қайта қабылданғаны туралы түсініктеме берді. Екі қыз өздерінің гранттағы заңды орындарына қайта оралды.

– Біздің ішкі жағдай болғандықтан ұстаздар да, студенттер де әлеуметтік желіге шыққан жоқ еді. Бірақ, бұл оқиға орын алғаны туралы әлеуметтік желіге қалай тарап кеткені белгісіз болып тұр, –  деді ректор.

Раушан Нұғманбекова,
Семей

Бөлісу:

Пікір жазу


*