Дариға Назарбаева: Конвенцияға қол қою – Каспий маңы елдерінің ортақ жеңісі

519
0
Бөлісу:

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева комитеттің кеңейтілген отырысын қорытындылай келіп, қаралған «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасының ерекше маңызын атап өтті.

– Біздің дипломаттардың, үкіметтің ауқымды жұмысы бүгінде табысты аяқталды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылуы – біздің жеңісіміз ғана емес, Каспий маңы елдерінің бәрінің жеңісі. Каспийдегі шекарамыз еліміздің бүкіл шекарасындағы ең нәзік жері болған еді. Біз оны әскерилермен бірнеше мәрте талқыладық, Каспийге де бардық. Нәтижесінде осы құжатқа қол қойылды, – деді Д.Назарбаева.
Конвенцияға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммитінің барысында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттері қол қойған болатын.
Конвенцияның мақсаты Каспий теңізін, оның суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен теңіз үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындау және реттеу.
Конвенция Каспий теңізіндегі ұлттық аймақтардың, юридикциясы мен егемендіктің аражігін ажырату, қойнауын пайдалану, транзит және тасымалдау, су асты құбырлары мен байланыс желілерін жүргізу құқықтарын, табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын қорғауға байланысты мәселелерді реттейді. Қазіргі заманғы қауіптер мен қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайларды ескерту және жою, Каспий маңы елдерінің әскери қызметі тұрғысында қауіпсіздік мәселелеріне дербес назар аударылды.
Конвенцияға сәйкес, Каспий теңізінің айдыны түрлі тәртіптегі аймақтарға бөлінеді. Тараптар сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара мәртебесіне ие 15 теңіз милінен аспайтын көлемде аумақтық суды бекітті. Аумақтық суларға әр мемлекет тек кәсіп ету құқығына ие он мильдік балық аулау аймағы шектесетін болады.
Конвенция депозитарийі болып табылатын Қазақстан Республикасы бесінші ратификациялық грамотаны алған күннен бастап күшіне енеді.
«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы Сенат қарауына жіберілді.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

Пікір жазу


*