Спорт кешендерінің 90 пайызы ауылда салынады

793
0
Бөлісу:

Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрақты түрде спортпен айналысатын халық саны 29,8 пайызды құрады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев айтты.

Демек барлық жас санаттарын қоса алғанда 5 млн қазақстандық спортпен айналысады деген сөз.
– Халықтың салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен айналысуға деген сұранысын қанағаттандыру үшін, әрине, спорт ғимараттары қажет. Бүгінде Статистика агенттігінің мәліметінше, елімізде 9 мыңнан астам спорт нысандары бар. Қазіргі таңда біз жергілікті және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, спорт ғимараттарының құрылысын ұлғайту төңірегіндегі іс-шараларды атқарып жатырмыз, – деді Комитет төрағасы Серік Жарасбаев.
Елбасының халықтың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, мектептердің 80 пайыздан астамы спорт залдарымен және спорт алаңдарымен қамтамасыз етілген.


– Әлі де атқарылатын жұмыстар алда, оның үстіне спорт – мектеп қабырғасынан басталатыны анық. Мектеп спорты – бұл спорт шыңының негізгі бастауы. Егер спорт пирамидасын елестетсек, онда Олимпиада ойындары оның ең жоғарғы жағында орналасса, онда оның негізін бүгінгі күні елімізде жақсы көрініс тапқан балалар мен жасөспірімдер спорты және мектеп спорты қалайды, – деді С. Жарасбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, елімізде 400-ден астам балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері (БЖСМ) жұмыс істейді. БЖСМ-де іріктеу жүйесі жақсы жүйеге қойылған. Нақты кезеңдер бар: бастапқы даярлық топтары, оқыту-жаттығу топтары, спорттық шеберлік, жоғарғы шеберлік топтары және т.б. Жаттықтырушылар мен мектептердің басшылығы бастапқы кезде-ақ әр баланың әлеуеттерін байқап, өздерінің тәрбиеленушілерін жоғары жақтағы ұйымдарға ұсынады.
– Еліміздегі спорт мектептерінде балалар ақысыз негізде жаттығатындарын атап өткен жөн. Барлық мемлекеттік БЖСМ-дер жергілікті немесе облыстық бюджеттер есебінен қамтылып, мемлекет есебінен қаржыландырылады. Спорт мектептерге түсудің еш қиындығы жоқ. Ең бастысы – дәрігер тарапынан ешқандай да қарсы көрсетімдер болмауы керек, – деді С. Жарасбаев.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мақсатында Үкіметтің жалпыұлттық жоспары бекітілді. Онда 44, 46, 48 – үш тармағы белгіленген, оларды іске асыруға Мәдениет және спорт министрлігі тікелей жауапты. Осы тармақтардың бірі – 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін (ДШСК) салу.
С. Жарасбаевтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі органдармен және жергілікті атқарушы органдармен қажеттілікке талдау жасап, аталған нысандар салынатын негізгі критерийлерді анықтады. Бұл — кем дегенде 3 мың адам халқы бар елді мекендер. Сонымен қатар, осы елді мекендерде өсім қарқынының болуы, халық арасында спортқа деген қажеттіліктің және ниеттің бар болуы да ескерілді. Соның нәтижесінде үш жыл ішінде 100 ДШСК салынатын елді мекендер тізімі жасалды.
Комитет төрағасы жаңа ДШСК негізінен ауылдық елді мекендерде салынатынын айтты.
– Талдау жүргізу арқылы алдағы уақытта салынатын спорт кешендерінің 90 пайызы ауылдық елді-мекендерге тиесілі. Өздеріңіз білетіндей, біздің олимпиадашылар ауылдық жерлерден шыққан, сол себепті де біз әлеуеті жоғары ауылдарда жағдай жасап, спорт кешендерін салуымыз керек, — деді С. Жарасбаев.

А.Алтайұлы

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз