Санитарлық талаптар сақталады

285
0
Бөлісу:

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко өңірдегі бірқатар нысандарды аралады. 

Сонымен қатар «Партияны жаңғырту жағдайындағы бастауыш ұйымдардың қызметін жетілдіру» атты семинар-тренинг басталды. «Нұр Отан» партиясының мүшеле­ріне арналған әдіс алмасу семи­на­ры барлық аймақтарда жалғасатын болады. Екі күндік шарада Аста­надан арнайы келген маман­дар партия құндылықтарын түсін­діріп, дәріс оқыды. Партия­ның жобала­ры аймақта қалай іске асып жатқа­нын көру мақсатында келген Илья Теренченко алдымен №42 «Ақ­ниет» гимназиясы асханасының және IT сыныптың жұмыс бары­сы­ме­н танысты. Партия хатшы­сына Орал қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Батика Пайдина асхананың санитарлық талаптарды толық сақтап отырғандарын баяндады. Мектеп оқушыларына күнделікті қандай тағам түрлерін ұсынып жүргендерін баяндады. «Асхана­дағы жағдайды бақылау үшін бейнебақылау орнатылған. Ата-аналар аспаздардың жұмысын көруге жан-жақты мүмкіндік жасал­ған. Мектеп оқушыларына шұжық пен шұжық өнімдерін және қытырлақ картоп беруге тыйым салынған. Асхананың жұмысы көңілімнен шықты», – деді Илья Теренченко. Бұдан кейін Илья Теренченко оқушылар және жастар сарайына арнайы барды. IT сыныптың жабдықталуын көрді. Содан соң қалалық көпбейінді ауру­ханаға барып, бастауыш пар­тия ұйымы өкілдерімен кездесті.
Партия хатшысы аймаққа сапары барысында Батыс Қазақ­стандағы игі бастамаларға айрық­ша тоқталды. «Жастарға партия­ның құндылықтары түсіндіріліп, негізгі жұмыстар жайында жан-жақты айтылды. Оқыту шарасын Астанадан арнайы келген төрт лектор жүргізді. Әлеуметтік желіде партияның жұмысы жайында үгіт-насихатты жүргізу тәсілдерін үйрету қамтылды. Сандық партия жұмысы бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілетін болады. Менің ойымша, мұндай тәсілдер бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жандандыруда өте маңызды деп есептеймін. Жалпы, елімізде 275 бастауыш партия ұйымы бар. Оған 34 мыңнан астам азамат мүше. Олардың көмегімен аймақтарда 22 партиялық жоба сәтті жүзеге асқан. Білікті арттыру шарасы Орал, Тасқала, Теректі, Бәйтерек аудандарынан делегаттар арнайы келіп қатысқан», – деді.
Шараға қатысқан делегаттар мұндай шеберлік сағаттары жиі өткізілгені жөн дейді. Себебі, қазіргі заман талабына қарай әлеуметтік желіде партия жұмысын насихаттау, игі бастамаларды халық арасында кеңінен тарату жұмыстарында маңызды рөл атқарады. Әсіресе, ІТ сыныптар­дың мүмкіндігін қолдануды кеңі­нен түсіндірген абзал. Себебі, ІТ сыныптар қажетті құрал-жабдық­тармен жабдықталғаны­мен, оның мүмкіндігін шалғайдағы мектептер де толықтай пайдала­нып, кәдеге жаратуы тиіс.

Бөлісу:

Пікір жазу


*