Венесуэладағы дүрлігу: Хуан Гуайдо деген кім?

611
1
Бөлісу:

Венесуэладағы экономикалық дағдарыстың елдегі жаппай қарсылық толқынына ұласуы әлем елдерінің назарын аударуда. Ұзақ жылдар бойы мұнайдан түскен қаржыға қатты сеніп келген елдің тағдыры қыл үстінде тұр. Бұл жағдай биліктің де талан-таражға түсуіне әкеліп соғатын секілді. Ел президенті Николас Мадуро өкілетін сақтап қалу үшін жанталасуда.

Әлем елдері де Мадуроны жақтаушылар және жақтамаушылар болып екіге қақ жарылды. Мадуро билігін қолдайтындардың қатарында Ресей, Түркия, Куба, Боливия, Уругвай, Қытай секілді елдер бар. Ал еуропалық алпауыт мемлекеттер – Франция, Ұлыбритания, Украина, Грузия мен Албания жаңа көшбасшы 35 жастағы Хуан Гуайдоның билікке келуін қолдауда. Жас саясаткердің билікке келуіне мүдделілік танытқан елдердің қатарында Бразилия, Гватемала, Гондурас, Перу, Чили, Колумбия сияқты мемлекеттер бар. Ал Испания, Португалия, Беларусь, Мексика елдері әлі нақты позициясын жария етпеді.

Біраз күн бұрын Гуайдо өзін елдің жаңа президенті деп жариялады. Оның бұл мәлімдесін іліп әкеткен АҚШ президенті Дональд Трамп та, жас басшысының Мадуро билігін тартып алуын қолдайтынын байқатты. Қазіргі таңда оппозициялық венесуэлалық парламенті – Ұлттық ассамблеясының көшбасшысы Хуан Гуайдо бұл билікке кездейсоқ келген. 5 қаңтар күні оның «Халық еркі» партиясының негізгі тұлғаларын тұтқындаған соң, кезек Гуайдоға кеп қалған.

Гуайдо Ла-Гуайра қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Андрес Бельо атындағы католик университетінде білім алған. Әкесі – ұшқыш, анасы – мұғалім болған. Гуайдоның жастық шағы елдегі табиғат апаттарының жиі болуымен тұспа-тұс келді. Соның кесірінен оның отбасы 1999 жылы баспанасыз да қалған. Өз есімін жасырып қалған курстасының айтуынша, «Гуайдоның отбасы қаржылық қиындықты бастан кешіп өмір сүрген. Тіпті ата-анасы ұлдарының оқу ақысын төлей алмай қиналған». «Ол – ашық адам. Өз құқығын қорғай біледі» дейді досы.

Ол студент кезінде белсенді болып, Уго Чавес үкіметіне қарсы шерулерге қатысады. Сондай-ақ оппозиция өкілдері үшін семинарлар өткізіп, сайлаудағы дауыс беру мен дауыстарды санау мәселелерін түсіндірген. «Бізде «өз дауысыңды қорға» деген топ болды. Біз семинарлар өткіздік» дейді оның таныстарының бірі.

Гуайдо мемлекеттік басқару саласындағы магистр дәрежесін АҚШ-тағы Вашингтон университетінде оқып иеленген. 2009 жылы оппозиция өкілдері және өзінің саяси тәлімгері Леопольдо Лопеспен бірлесіп «Халық еркі» партиясын құрады. Кейін Лопес терроризм ісі бойынша айыпталып, 13 жылға сотталады. Кейін оның жазасы «үй қамағына» ауыстырылған.

Жас жігіт үлкен саясатқа 2011 жылы араласады. Сол уақытта оны «Халық еркі» партиясы сайлаған болатын. Сөйтіп, аяқ астынан парламент мүшесі болып шыға келеді. 2015 жылы желтоқсан айында парламент сайлауында оппозицияның жеңісінен кейін партия көшбасшылары өзара келісім жасасады. Ол келісім бойынша парламент төрағасы әр жыл сайын ауысып тұрмақ. Биыл кезек – «Халық еркі» партиясына келген болатын. Алайда партияның негізгі көшбасшылары заң тұрғысындағы проблемаларға тап болып, олардың орнын Гуайдо басады. Лопес үй қамағында отыр. Карлос Веккио болса АҚШ-қа қашып кеткен. Ал оның орынбасары Фредди Гевара Чили елшілігіне барып, саяси баспана сұраған. Ол 2017 жылы елде болған көтерілістен кейін айыпталған екен. Нәтижесінде Гуайдоға спикерлік билік бұйырады.

Гуайдоның елдегі толық билікке қол жеткізу-жеткізбеуі әзірге белгісіз. Қазіргі президент Николас Мадуро жас саясаткердің өкілеттілігін мойындамайтынын хабарлады. Гуайдо қазіргі таңда ел парламенті – Ұлттық ассамблеяны басқарады. Былтыр Мадуро арнайы жиын жасап, парламенттің барлық құзіретін Ұлттық ассамблеяға берген болатын. Ал Гуайдо болса барлық іс-әрекетті ел конституциясы негізінде жасай отырып, елдегі билік ауысуын демократиялық жолмен іске асыру керек деп есептейді.

Фото: AP Photo/Fernando Llano

Фото © Twitter/Reuters Top News

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Аноним 27 Қаңтар, 2019 at 07:24 Жауап

    қай уақыттан бері Украина,Грузия,Албания Еуропаның алпауыт мемлекеттерінің біріне айналып жүр?

Пікір жазу


*