Еуропадағы алпауыт елдер Гуайдо билігін тануға дайын. Тек бір шартпен…

390
0
Бөлісу:

Еуропалық алпауыт елдер Венесуэлада билік басына жас саясаткер Хуан Гуайдоның келуін қолдайтындарын мәлімдеді. Егер қазіргі президент Николас Мадуро сегіз күн ішінде елде жаңа сайлау жария етпейтін болса, онда Париж, Берлин және Мадрид Гуайдоны ел президенті деп санайды.

Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон, Испания премьер-министрі Педро Санчес және Германия үкіметі төрағасының орынбасары Мартин Фиц мәлімдеген.

«Венесуэла халқы өз болашақтарына қатысты еркін таңдау жасау мүмкіндігін алуы керек. Егер сегіз күн ішінде сайлау жарияланбаса онда біз Гуайдоны Венесуэла президенті деп танимыз» деп жазды Макрон Твиттердегі парақшасында. Санчес пен Фиц те осындай мазмұндағы көзқарастарын жария еткен.

Испания премьер-министрі Венесуэладағы демократия мен еркін таңдауды жақтаса, Фиц бұл мәселе бойынша еуропалық әріптестерімен тығыз байланыста екенін айтқан.

Еске салсақ, апта ортасында елде президент Николас Мадуро билігіне қарсы жаппай ереуілдер басталды. Кейін оппозиция көшбасшысы және парламент спикері Хуан Гуайдо өзін жаңа президент деп мәлімдеді. Жас саясаткердің кім екені, қайдан шыққаны, билікке қалай келгені туралы ақпарат берген болатынбыз.

Бұл жағдайға бұлқан-талқан ашуланған Мадуро Гуайдоны – «АҚШ-тың көзірі» деп бағалап, Вашингтонмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзді. Осылайша, елдегі АҚШ елшілерін Венесуэла территориясын тастап шығуға бұйырған. Алайда мемлекеттік хатшы Майк Помпео бұл талапты орындаудан бас тартатындарын мәлімдеді.

Бүгін Гуайдо елдің қарулы күштерін халық тарапына өтуге шақырды. Бұл туралы Каракаста өткен митинг кезінде айтқан. Митингке 500-ге жуық адам қатысып, ереуіл бейбіт жағдайда өрбіген. Алаңға келген полицейлер кедергі келтірмеген және оппозиция лидерлерін тұтқынға алмаған.

Соңғы бес жылда жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 45 пайызға құлдырап, инфляция 1000 пайыздан асып кеткен. Нәтижесінде елде азық-түлік және дәрі-дәрмек тапшылығы орнады. Соңғы үш жылда Венесуэладан 1,5 млн адам көшіп кеткен. 2014 жылы әлемдік нарықтағы мұнай бағасы арзандап, Венесуэла экономикасы да шатқаяқтай бастаған. Жұмыссыздық ә дегеннен 35 пайызға дейін өсіп кетті. Ақша құнсызданып, азық-түлік сатып алу мұңға айналды. Осыдан соң үкімет елдегі гуманитарлық жағдай жайлы ақпараттардың сыртқа тарауына шектеу салған. Соған қарамастан халықаралық гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше 2016-2017 жылдары халықтың басым бөлігі ет сатып ала алмаған, ал балалардың 10 пайызынан аштық кесірінен туындаған аурулар белгілері байқалған.  Адамдар жұмыс пен тамақ табу үшін шет елдерге ағыла бастайды.

Мадуро 2018 жылы президент сайлауында жеңіске жеткеніне қарамастан, оны АҚШ және өзге де көптеген батыс елдері қолдаған жоқ. Оны әскерилер, бюджет саласының қызметкерлері және халықтың азғантай бөлігі қолдайды. Дегенмен оппозицияның күші мен танымалдылығы сәт санап өсіп келе жатыр.

Мұнай бұл елдегі экономиканың 90 пайызын құрап тұр. Мұнайдан түскен қаржы мемлекеттік бюджетке түсіп, қажетті тұтынушылық тауарларды сатып алу үшін керекті шетел валютасымен қамтамасыз етуге көмектеседі. Елдегі өнеркәсіп әбден тұралаған. Тіпті бұрыннан жоқ десе де болғандай. Киім-кешектен бастап, дәретхана қағазына дейін сырттан сатып алады.

Мадуро билікке келген соң ақшаны құнсыздандыра салуына да болушы еді. Алайда ондай жағдайда импорттық тауарларға деген баға да аспандап шыға келетін. Жоғары инфляция – ұлттық валюта – боливарға қарама-қайшы түсіп жатты. Ақырында Мадуро айырбас бағамының қымбат мөлшерін сақтап, импортқа қатаң шектеу енгізді. Ол үшін шетел валютасына үкіметтік деңгейде бақылау қойды. Бұдан соң PDVSA мұнай компаниясы модернизация үшін қаржы тауып бере алмай, жемқорлық былыққа батты.

2018 жыл – ел экономикасының әбден құлдыраған уақыты болды. Ақшаның құнсызданғаны сонша, билік валютаны басып үлгере алмаған. Жұмыс уақыты аптасына 4 ретке қысқарып кеткен. Мұндай жағдайда бизнесті де оңдырып жүргізе алмасын ұғынған шетелдік компаниялар да жаппай елден кете бастады. Инвестициялауды түбегейлі тоқтатты. Ал қателіктен сабақ алмаған Мадуро ақшаны басып шығаруды доғармады. Нәтижесінде инфляцияның белсенділігі шектен тыс артып, ұлттық экономиканы аямай бүлдірді.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*