90 мың кәсіпкер салық рақымшылығын пайдалана алады

531
0
Бөлісу:

Астанада ҚР Салық заңнамасындағы өзгерістерге арналған «1С» VIII форумы өтті. Форумға қатысушылар 2019 жылы салық және бухгалтерлік заңнамасында қандай өзгерістер орын алғанын егжей-тегжейлі білуге мүмкіндік алды, электрондық шот-фактураларды жазуға және ҚР ҚМ-нің «Виртуалды қойма» атты жаңа жүйесіне байланысты мәселелерді талқылады.
Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауында салықтың негізгі сомасын төлеу шартымен өсымақылар мен айыппұлдарды есептен шығаруды көздейтін шағын және орта бизнеске арналған салық рақымшылығын жүргізуді қолға алуды тапсырды. Рақымшылық 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша орын алған негізгі борышты 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеу шартымен шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімақылары мен айыппұлдарын есептен шығаруды мақсат тұтады. Бұл ретте айыппұл сомасы 2018 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша есептен шығарылатын болса, өсімпұл сомасы – негізгі борышқа төлем жасалған күнге дейін есептелген сома бойынша есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің алдын ала есептеулері бойынша 90 077 ШОБ субъектілері (31 210 ЗТ және 58 867 ЖК) рақымшылық жасауға жатады.
Қазақстан Республикасының Салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу ережелері 2019 жылдан бастап өзгерді және соның нәтижесінде қызметкерлердің салық жүктемесі төмендеді. Атап айтқанда, табыс мөлшері 25 АЕК-тен (2019 жылға – 63 125 теңге) аспайтын қызметкерлер үшін табыс салығының мөлшерлемесі  енді мәні бойынша 1 пайызды құрайды, өйткені мұндай қызметкерлердің салық салынатын табысы төлем көзінен ЖТС ұстап қалу кезінде 90 пайызға азайтылуға жатады.
2019 жылы енгізілген тағы бір жаңалық – бұл Бірыңғай жиынтық төлем туралы заң. Бұл бір жолғы төлем өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалардың қызметін тіркеу үшін енгізіледі және 4 міндетті төлемді алмастырады. БЖТ төлеушілер үшін республикалық маңызы бар қалалар, Астана және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК (2 525 теңге) мөлшерінде және басқа елді мекендердің тұрғындары үшін АЕК (1 263 теңге) жартысының деңгейіндегі екі есе төмен табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер бойынша ең төменгі мөлшерлемелер белгіленген.
Тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесі туралы Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің баяндамасы тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды. Қазақстандағы көптеген салық төлеушілер Салық төлеушінің жеке кабинетінде олардың кәсіпорны қандай тәуекел дәрежесіне жатқызылғаны туралы (жоғары, орташа немесе төмен) ақпарат алды. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Сәуле Баймағамбетова ТБЖ-да қандай ашық критерийлер қолданылатыны және олардың қалай есептелу керектігі туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Сондай-ақ іс-шара барысында «Электрондық келісімшарттар», онлайн-кассалар және осы жылдың басынан салық төлеушілер бетпе-бет келген басқа да жаңалықтар сияқты жаңа цифрлық сервистерді пайдалану мәселелері қозғалды.
Естеріңізге сала кететін болсақ, Қазақстандағы «1С» өкілдігі бухгалтерлер мен жетекшілерге арналған «1С» форумын жыл сайын өткізеді.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

Пікір жазу


*