ЖЫЛЫЖАЙДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

744
0
Бөлісу:

Жылыжай салу – әрбір бағбанның арманы. Сол арқылы сүйікті кәсібімен жыл он екі ай айналысуға болады. Күй таңдағыш өсімдік, қыста жейтін жеміс-жидек, көкөніс осы жылыжайда өсетіні белгілі. Жылыжай – бизнестің табысты бағыты әрі халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Сұраныстың көптігіне орай жерден ризық тапқан жандар өнімдерін өткізуден еш қиындық көріп жатқан жоқ. Өйткені қыстыгүні көкөніс жаздағыдан аз өндіріледі.

Жылыжайда өскен ауылшаруа­шылық дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтсақ, өнім­ге қоршаған ортаның зияны тимейді, көкөніс жылдам өніп, сырты далада өскен көкөніске қарағанда көз тар­тарлықтай жылтыр болады. Сонымен бірге, ылғал мен жылу бүкіл аумаққа бірдей таралады. Бірақ жабық жерде өскен өнімнен күннің иісі сезілмейді. Сондықтан дәмі жағынан далада өс­кен көкөністен айырмашылығы бар. Десе де, құрамында қажетті дәрумен­дер мен минералдар жеткілікті.
Бұл шаруашылықтың да өзіне тән қиындығы бар. Сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжайды жылу жүйесімен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны анық.
Әлемде жылыжай салудан Қытай – бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланды секілді дамыған елдерде көлемі үлкен әрі жаңа технологиямен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн евроға дейін барады. Өйткені оның құрылымында қуатты өте көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар және құнарлы, сапалы өнім алуға жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтауы тиіс. Мамандардың пікіріне сүйенсек, 1 гек­тар жерге 1МВт электр қуаты және 10 мың Гкал жылу қажет. Дамы­ған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Мәселен, Түркияда жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсіріледі. Ал қалған 10 пайызына жеміс, 2 пайызына гүл егіледі.
Халқының саны бізбен бірдей болғанмен, жері әлдеқайда кіші Ни­дерландының әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету әлеуеті таңғалдырады. Бүгінде Нидерланды – тамақ өнім­дерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Бір айта кетер­лігі, еліміздегі біраз жылыжайлар Ни­дерланды технологиясымен салынған. Қазақстан жылыжайлар қауымдас­тығы бізге осы нидерланды техно­логиясының тиімді екенін айтып отыр. Нидерландықтар жабық топы­рақты жылыжайда қолданатын тех­но­логияны өткен ғасырдың 45-жылдары ойлап тапқан.

Жылыжайымыз жеткілікті ме?
Қысқы уақытта ағза жылыну үшін көп калория жоғалтып, адамның тәбеті артатыны белгілі. Бұл жағдайда сырқаттанып қалмас үшін диетологтар дұрыс әрі қажетінше тамақтануға кеңес береді. Алайда артық салмақ қосып алмау жағын ойлаған да абзал. Иммунитетіңіз қалыпты болу үшін қыста күніне тамаққа қосатынды есептегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс тұтыну керек екен.

Жаздыгүні еліміз бойынша кө­кө­ніске деген сұраныс 2 млн 250 мың тон­наға барады. Ал қыста – 115 мың тон­на. Жазда өзімізді көкөніспен то­лық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бол­ғанымен, қыс мезгілінде жылы­жай­да өсірілген көкөніс сұранысты толық өтеп жатыр деп айтуға әлі ерте.

Агроөнеркәсіп саласын кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі бағ­дар­ламасы аясында еліміздегі жы­лы­жай­лар көлемін арттыру міндеттелген еді. Сонымен бірге өткен жылы Алматы облысындағы жылыжай көлемін 20 гек­тарға ұлғайту көзделген бола­тын. Бұл тұрғыда оң бастамалар бай­қалады. Осы жылы Алматы облы­сын­да, Астана мен Қызылордада жаңа технологиямен жабдықталған, қатты суыққа төтеп беретін жылыжайлар салынды. Бүгінде отандық шаруалар 115 мың тоннаның шамамен 45 мың тоннасын өндіруге қауқарлы болып тұр. Қалғаны көршілес елдерден ке­леді. Алматы мен Астанадағы дүкен­дер­де қазір қызанақ пен қиярдың ке­лі­сі – 1100-1200 теңге шамасында. Да­­мыған елдермен терезе теңестіру үшін әрі сырттан келетін көкөніс кө­лемін азайтып, бағаны төмендету үшін жылыжай санын әлі де арттыру керек.
Еліміз бойынша жылыжайдың басым бөлігі, яғни 80 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Қа­зіргі таңда Ордабасы, Қазығұрт және Түркістандағы шаруалар жы­лыжайда өнім өсіруден көш ілгері келеді. Оңтүстік өңірдегі жабық ке­шен­дер шамамен 1 325 гектар алқапты алып жатыр. Жылыжайдың жайы кли­маттық жағдайға да байланысты. Салыстырмалы түрде қарайтын бол­сақ, Испания, Нидерланды, Түркия елдерінде температура +10 градусқа дейін ғана төмендейді. Ал біздегі солтүстік өңірлерде ауа температурасы -45 градусқа дейін барады.
Сарапшы мамандар Солтүстік, Орталық, Шығыс аймақтарда күн райы суық болғандықтан, көкөніс дақылдарын жабық жерде өсіру қиынға соғып тұрғанын айтады. Суық ауа-райында электр энергиясына, жылуға жұмсалатын шығын көлемінің арта түсетіні тағы бар. Соған қарамас­тан, суық аймаққа жататын Астана­мызда да жылыжай бар.
– Соңғы жылдары Астанада, жалпы елімізде жылыжай кешендері жақсы дамып келеді. Қазір бәрі же­кеменшік. Осы салада жақсы жұмыс істеп, елді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосып жатқан «Астана Эко Стандарт» ЖШС-ты атап өтуге болады. 3 гектар аумақты алып жатыр. Оның 1,5 гектарына қызанақ, 1,5 гектарына қияр егеді. Соңғы кезде Астана халқының саны көбейіп жатқанын білесіздер. Сондықтан халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үлкен мәселе болып тұр. Бізге бұл шаруашылықты дамыту үшін аумағы 2-3 гектар болатын жылыжай кешен­дерін көбейту керек, – дейді С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агротех­ни­калық университеті егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Арыскүл Тұрбекова. Оның айтуынша, елордада басқа да жылыжайлар бар. Алайда олардың аумағы «Астана Эко Стан­дарт» ЖШС-нікі секілді үлкен емес.
Арыскүл Тұрбекова жылыжай­лардағы тамшылатып суару техноло­гиясы осы шаруашылыққа оң әсерін тигізіп жатқанын айтады. Оның бір артықшылығы – суды егілген да­қыл­дың үстіне керек кезінде ғана там­шы­латып қоюында. Сондай-ақ шаруалар өлшеуіш құрал арқылы шығынын нақты есептей алады әрі өнімділікті арттыруға септігі тиіп отыр. Қазір әлемде су тапшылығы сезіліп жатқа­нын ескерсек, бұл әдістің игілігі көп-ақ. Израильде суландыру жүйесінің 98 пайызында осы әдіс қол­данылады. Елімізде тамшылатып суа­ру әдісі 2011 жылы – шамамен 18,3 гек­тарға, 2015 жылы 50 мың гектар жер­ге қолданылған. Қазір бұл көрсет­кіш әрине, ұлғайған. Шаруалардың жаңа технологияның тиімділігіне көзі жетті.

Бағбанға қолдау бар ма?
Үкімет ауыл шаруашылығын қол­дау үшін түрлі бағдарламалар қарас­тырған. Шаруа қожалықтарының шығындарын жабатындай етіп субсидиялау 2010 жылдан бастап қолға алынған болатын. Қазіргі таңда жылыжай шаруа­шылығымен айналысатын бағбандарға 1994 жылы құрылып, 2007 жылы «ҚазАгро» холдингінің құрамына енген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіп, несие беріп келеді.
Қордың баспасөз қызметі берген ақпарға сенсек, қордың басқа ком­па­ниялардан айырмашылығы 1 мил­лион­нан 20 миллионға дейін қарыз бере алады. Мәселен, өткен жылы жы­лыжай салу және кеңейту мақса­тында жалпы сомасы 530 млн теңге көлемінде 79 несие берілген. Олардың барлығы дерлік – шағын және үй жанында орналасқан жылыжайлар. Көмекке жүгінетіндердің басым бөлігі Түркістан облысының шаруалары екен. Бұл өңір бағбандарына өткен жылы 49 несие беріліпті.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: