Құзыретті органдарын жабдықтайды

522
0
Бөлісу:

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысты халықаралық құжатты күшіне енгізетін жаңа заң жобасы қаралды.

Заң жобасы «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады.
Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Армения және Молдова арасындағы терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге 2012 жылы 5 желтоқсанда Ашғабат қаласында қол қойылды.
Келісімнің негізгі мақсаты уағдаласушы мемлекеттердің аталған құзырлы органдарын арнайы техникамен, құралдармен, материалдармен қамтамасыз ету үшін тең және жеңілдікті жағдай жасау болып отыр.
Келісім аясында тараптар арасындағы ынтымақтастық «құзыретті органдардың сатып алу және жеткізу туралы сұрау салуды орындау» арқылы жүзеге асады. Бұл ретте сұрауды орындау мерзімі 30 күннен аспауға тиіс. Сұрау салған ел сұраудың толық, уақытында және сапалы түрде орындалуына қажетті барлық шараларды жүзеге асырады.
Келісімді жүзеге асыруға байланысты шығыстар құзыретті органдардың осы мақсатқа арналған қаржысы есебінен жүзеге асады.
Комитет отырысында сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы «Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да талқыға салынды.
Келісімге мемлекеттердің шекара мекемелерінің басшылары деңгейінде 2017 жылы 25 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған болатын.
Құжаттың басты мақсаты – Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараның құқықтық негіздерін бекіту және қатынастарды реттеу. Мемлекеттік шекараның тәртібіне шекарадағы қолданылатын ережелер мен мемлекеттік шекараның тәртібі, мемлекеттік шекарадан адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен басқа да мүліктерді өткізу, мемлекеттік шекара үстінен ұшуды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік шекарада, шекаралық белдеулерде, шекара сулары шегінде шаруашылық және өзге де қызметтерді жүзеге асыру, шекаралық қақтығыстарды шешу болып отыр.
Келісімнің мерзімі шектелмеген. Оны ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарасындағы тәртіп ережесін бекітуге, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септеседі және Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Заң жобалары Сенаттың жалпы отырысында қарауға жіберілді.

Айхан Шәріп

Бөлісу: