Ұлттық музейде «Заманауи Өзбекстан» көрмесі өтуде

686
0
Бөлісу:

Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Өзбекстан Бейнелеу өнері музейі ұйымдастырған «Өзбекстанның заманауи кескіндемесі» көрмесі және «Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі салтанатты түрде ашылды.

 

Көрмеде Өзбекстанның заманауи бейнелеу өнері өзіндік көркемділігімен ерекшеленіп, қылқалам шеберлерінің туындылары қазақ алаңында жаңа қырынан ұсынылды. Көрмеге Файзулла Ахмадалиев, Хуршид Зияханов, Нодир Шоабдурахимов, Алишер Аликулов, Валерия Енина, Виктория Трошина, Дилором Мамедова, Бахтиёр Обидов, Абдухаким Каримов, Дилмурод Юлдашев, Умар Ражабов сияқты танымал суретшілер мен жас авторлардың соңғы бес жыл ішінде жасаған 38 көркем суреті қойылған.

1998 жылы екі ел Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойды. Өзбек елімен қазақ халқының бауырластық сипаты ертеден қалыптасқан. Өзбекстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнері Ұлттық музейде бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Осыдан 2 жыл бұрын көркем сурет көрмесі үлкен табыспен өткен болатын. Былтыр жарияланған «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» екі халықтың шынайы бауырластығын кеңінен танытты. Биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы бастау алады. Осыған орай аталған мемлекетте «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы аясында көрме ұйымдастырылмақ. Ортақ тарихымыз, бай рухани мұраларымыз қос ел арасындағы достық қарым-қатынасқа басты себеп екені сөзсіз, – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Алмаз Нұразхан.


Фотоөнер – көпжанрлы, өмірді әр қырынан танытатын, өзіндік сипаты мен шығармашылық қолтаңбасы қалыптасқан сала. «Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі А. Жұмаев, В. Гончаренко, Х. Шорахмедов, В. Шлосберг, В. Вяткин, В. Соколов сынды шеберлердің 100 фотосуреттерінен тұрады. Көрмеден өзбек бейнелеу өнерінің соңғы он жылдағы заманауи сипатымен қатар, ұлттық тарихтың отарлау кезеңінен кейінгі ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуына дейінгі әртүрлі дискурстарын, келешек ұрпақ үшін өзекті саналатын маңызды көзқарастар мен міндеттердің  көрінісін оймен бағамдап, сүйсініп тамашалауға мүмкіндік бар.
– Бұл көрме «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» шарасының аясында қолға алынып отыр. Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу кезінде 200-ден астам түрлі шаралар ұйымдастырылып, кеңінен насихатталған өзбек елінің тарихы, мәдениеті қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдау тапты. Осындай мәдени шаралар арқылы екі ел арасындағы байланыс қарқынды түрде дамитынына сенемін. Бүгінгі көрме де көпшіліктің көңілінен шығады деп үміттенеміз, – деді Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісінің кеңесшісі Тимур Рахимов.


Музей қонақтары  аталған көрме арқылы Өзбекстан тәуелсіздік алған жылдары қалыптасқан құрылымдық өзгерістер, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, өзбек елінің сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігімен жақын таныса алады.

А.Ахметқазы.
Фото С.Мағзұмов

Бөлісу: