МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҢА САПАҒА КӨШПЕК

412
0
Бөлісу:

Алматыда «Заманауи медициналық білім беру саласындағы сапа, үздіксіз жетілдіру және бенчмаркетинг» тақырыбында халықаралық семинар өтіп жатыр. Шараны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті, «Ұлттық медициналық университет» АҚ, «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» ұйымдастырды. 

Білім беру сапасы ел саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте әсіресе медициналық білімге ерекше назар аударылады. Өйткені медицина адам өмірінде тікелей шешуші рөлге ие. Сондықтан болашақ дәрігерлерді оқытуды  жаңа сатыға көтеру – заман талабы.  Оның бірден бір тәсілі – емхана, ауруханалармен бірігіп жұмыс істеу. Өйткені студенттер білімді тек кітаптан, яғни, теория жүзінде емес,  практика жүзінде, яғни, науқастармен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы шыңдайды. Себебі жетекші мамандардың қасында жүріп, көру бөлек те, теория жүзінде оқу бір бөлек.

Шетелдерде бұрыннан сондай, яғни, емхана мен жоғары оқу орындары бір. Аталған семинарға осы ретте өз тәжірибелерімен бөлісу үшін   Малайзияның University «IMU»-дің білім  жөніндегі  проректоры, профессор Vishna Devi Nadaraja, Open Health debate Open / HEP IPTS Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық пікір-сайыс бойынша кеңесшісі және IMU медицина факультеті деканының орынбасары, фармакология профессоры және Малайзиялық біліктілік агенттігінің (MQA) медициналық бағдарламаларды аккредитациялау бойынша топ мүшесі доктор Azizi Ayob келіп, баяндама жасады. Және халықаралық маңызға ие бұл шараға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев келіп қатысты.

 

Олжас Әбішев, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

Семинардың басты мақсаты – ХХІ ғасырдың жаңа сұранысына сай, елімізде медициналық білім беру ісін дұрыс жолға қою. Сондай-ақ, дәрігелердің жаңа технологияны игеруі, емделушілермен жұмыс істеуі, жаңа технологиялар мен әдістерді қолдануы және олардан қандай нәтиже күтетінімізді де талқылап алайық дедік. Осы жолда университеттер мен ауруханалардың интеграциясын күшейтуіміз керек, содан соң еліміздің үздік ғылыми институттары базасында университеттік клиникалар құруға көшпекпіз. Осы жолда біз дәрігерлер дайындауды бұрынғы әдістен қазіргі  заманауи стандартқа көшіру үшін медицинасы жақсы дамыған Малайзия, Литва елдерін таңдадық. Бұл елдер бұрыннан-ақ біздің стратегиялық әріптестеріміз. Алайда енді біз олармен біріге отырып болашақ медицина мамандарын даярлайтын ортақ бағдарлама жасауды жоспарлап отырмыз. Сол бойынша алдағы 2-3 жыл көлемінде медицина мамандарын 7-9 жыл емес, 6 жыл оқытатын жүйеге көшкіміз келіп отыр.

 

Бенчмаркинг дегеніміз – міне, осы, яғни, бір емес, көптеген елдердің тәжірибелерін салыстыра отырып, жақсысын, қолайлысын алу. «Мысалы біз Франция медицинасының тәжірибесін Қазақстанға енгізе алмаймыз. Себебі Францияның көлемі шағын, біз одан төрт-бес есе келеміз. Соған байланысты бізде дәрігерлер басқаша даярлануы керек. Фельдшерлік ашық пункттер десек, олар Австралия, Канада сияқты үлкен елдерге тән нәрсе. Шағын елдерге оның қажет жоқ. Сондықтан біз көптеген елдердің тек жақсы деген тәжірибелерін ала отырып, бенчмаркинг арқылы ерекше өз моделімізді құрғымыз келеді» – деді вице-министр журналистерге берген арнайы сұхбатында.

Айта кету керек, үш күнге созылатын семинар-тренинг аясында қазіргі заманғы білім берудің өзекті мәселелері – сапа философиясы, оқытушының рөлі мен құзыреттілігі, бағалау әдістері және т.б. қарастырылады. Сонымен қатар, семинар спикерлері, профессор Vishna Devi Nadaraja және Доктор Azizi Ayob фокус-топтарда жұмыс істеу кезінде медициналық жоғары оқу орындарында жеке консультациялар мен кездесулер барысында сапаны қолдау мәселелерінде әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді.

Бөлісу: