Өнер иелері Жастар жылын қолдады

470
0
Бөлісу:

Мәдениет және спорт министрлігінде халықаралық конкурстарға қатысқан және шығармашылық жеке концерттерін өткізген өнер адамдардың қатысуымен пресс-конференция өтті. Бұл Жастар жылы аясындағы жас талантарды қолдау білдіргені. 

Кешке Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов, «Құрмет» орденінің иегері Мөлдір Әуелбекова, әнші Нұрболат Абдуллин, «Жігіттер» квартетінің солисті Ердос Қанаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әли Оқапов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлішер Кәрімов, Астана қалалық «Жастар» театрының директоры Ернар Жұматаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бақтияр Алдамжан қатысты.

«Мемлекет шығармашыл жастарды қолдауға үлкен мән береді. Оған министрліктің дәстүрлі негізде өткізіліп жатқан түрлі бағыт пен жанрларды қамтитын халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдері дәлел. Мәселен, Құрманғазы атындағы республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсы, Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылар конкурсы, жаңа өнер туындыларына арналған «Тәуелсіздік толғауы» және «Елім менің» атты патриоттық негіздегі республикалық конкурсы, вокалистер, скрипкашылар, пианистер, балет артистерінің халықаралық конкурстары, Шәмші Қалдаяқов әндерінің фестивалін атап өтуге болады. Аталған конкурстарға еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жас орындаушылар қатысады. Сонымен қатар, министрлік тарапынан дарынды жастар жақын және алыс шет елдерде өткізілетін халықаралық конкурстарға тұрақты жіберіліп тұрады», – деді Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департамент директоры Әбіл Жоламанов.

Айтуынша, дарынды жастарғады мемлекеттік қолдау мақсатында  Елбасының Жарлығымен жыл сайын Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия беріледі. Мәселен, дирижерлар Алан Бөрібаев, Қанат Омаров, балет солистері Әйгерім Бекетаева, Мадина Баспаева, Жанель Төкеева, Мукарам Абубахриева, дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Айгүл Қосанова, танымал театр және кино артистері Әлия Телебарисова, Аида Жантілеуова, Берік Айтжанов, Әділ Ахметов, Санжар Мәдиев, Самал Еслямова, Аян Өтепберген, Еркебұлан Дайыров, суретші Анар Әбжановаларға берілді.

«2019 жыл Жастар жылы болып жарияланып, қатты қуанып жатырмыз. Бұл жыл жастар үшін жемісті әрі жеңісті жыл болады деп сенемін. Енді «Қазақконцерт» бірлестігі өткен жылы үлкенді-кішілі 139 жобаны жүзеге асырды. Оның екеуі – халықаралық жоба.  Екінші халықаралық «Астана» театр фестивалі және Notre Dame de Paris мюзиклі алғаш рет қазақ тілінде қойылды. Бұл мюзиклді алдағы уақытта Азия елдеріне шығару жоспарда бар», – деді әнші, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының эстрада бөлімінің жетекшісі Мөлдір Әуелбекова.

Ал әнші Әлішер Каримов те Жастар жылы жастарға үлкен мүмкіншіліктер беретінін айтып, шығармашылық жетістіктері жайында сөз қозғады. Биыл өнер жолында жүргеніне 15 жыл толатынын, алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде концерт бермекші екен.

«Елбасымыздың бастамасымен 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы жастарға берілген үлкен қолдау. «Жігіттер» квартеті сахнада жүргеніне 15 жыл толуына орай есеп беру концертін өткен жылы Алматыдағы Алматы аренада өткізіп, желтоқсанда Астанада да атап өттік. Халықтың көңілінен шығатын кеш өткіздік. Енді мерейтойға арналған бағдарламамызбен алыс-жақын елдерде өнер көрсету жоспарда бар», – дейді өз кезегінде «Жігіттер» квартетінің әншісі Елдос Қанаев.

 

«Айқын ақпарат»

 

Бөлісу: