ШАПШАҢ БОЛСАҢ, ШАҢ ШЫҚПАЙДЫ

394
0
Бөлісу:

Президенттің «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты  халыққа Жолдауында:  «Бізге жеке сектордағы да, сонымен бірге, мемле­кеттік сектордағы да жүйелік тәуекелдерді басқаруды дамыта түсу қажет. Үкімет, ҚБА және Ұлттық банк тәуекел­дер­ді басқарудың икемді де сенімді жүйесін құруы керек. Сондай-ақ күтпе­ген ахуалдарға қарсы шапшаң іс-қимылдар жасау шараларының жүйесін әзірлеу міндеті де тұр», – деген болатын. Расында, күтпеген ах­ау­ал­­дарға қарсы шап­шаң қимылдай ал­май отыр­мыз. Себебі неде?

Танымал тележурналист Бей­сен Құранбек әлеуметтік желіде бүгін­гі қазақтың басындағы бірне­ше әлеуметтік проблеманы жіпке тізгендей етіп беріпті. «Бізге ең көп хабарласатын адамдардың айта­ты­ны – ақша! Нақтырақ айтқанда – ақшаның жетіспеуі. КЕДЕЙЛІК, ЖОҚШЫЛЫҚ, ЖҰМЫССЫЗ­ДЫҚ­ТЫҢ зарда­­бын әбден тарт­қан­нан кейін хабарластық дейді. Олардың дені – ауылдан қалаға көшіп келгендер. Екінші мәселе­мен хабарласатындардың мұңы осы ЖОҚШЫЛЫҚТЫҢ салда-
ры – БАСПАНАНЫҢ болмауы. Бұлар негізінен – ауылдан қалаға көшіп келгендер және көпбалалы отбасылар. Үшінші – ДЕНСАУ­ЛЫҚ мәселесі. Квота алып беру, мүгедектікті рәсімдеуге болысу, дұрыс диагноз қоятын мамандар табуға көмектесу, шетелге емдету, емге қаржы жинауға атсалысу тағысын тағылар», – депті. Бұл – шын мәнінде өмірлік мәселелер. Шешімі табылмай, ел-жұрттың көбін тығырыққа тіреп, сандалтып, шаршатып келе жатқан әлеуметтік проблеманың өзегі.
Бейсен ОТБАСЫ мәселесін төр­тінші орынға шығарыпты. «Кө­бі­не ажырасқан жалғызбасты ана­лар хабарласады. Айтатындары – алимент және жоғарыда айтыл­ған бастапқы үш мәселе. Соңғы кезде өзін балаларымен қоса тас­тап кеткен ер азаматтар да көмек сұрайтын болды. Бесінші – ҚҰҚЫҚТЫҚ мәселелер. Жеке бас құжатының дұрыс болмауы немесе оның мүлде жоқтығы. Мүліктің заңды рәсімделмеуінен туатын келіспеушіліктер, сот про­цес­­терінде заңды білмеген­дік­тен жібе­рілген қателіктер, заң орган­дарының бұрмалаушылыққа жол беруі тәрізді. Алтыншы – ҚАР­ЖЫ мәселесі. Несие алу, оны уақы­­тын­да төлемей қарызға бату. Біреуге қарызға ақша беріп, қайтара алмау. «Үй алып берем», «жер алып бе­рем» дегендерге ақша беріп, ал­да­­нып қалу. Жетін­ші – МАМАН­ДАРДЫҢ КӘСІБИ БІЛІКСІЗДІГІ МЕН НЕМ­ҚҰРАЙ­ЛЫҒЫ. Дәрі­гер­лердің дұрыс диагноз қоя алмауы, мұға­лім­нің жақсы білім бермеуі, мемлекеттік қызметкердің мәсе­ле­сін шешпеуі, полицейдің жо­ғал­ған затын іздемеуі, соттың әділ шешім шығармауы, жур­на­лис­тердің шынайы ақпарат бер­меуі».
Жанды жеген жеті мәселе. Жеті мәселе – жегі құрт секілді. Енді осыларды шешу үшін кілең док­тор­лар мен ғылым канди­дат­тары­нан құралған Үкімет мүшелеріне қандай ақыл керек? Елбасының «Шеттеріңнен қорқақсыңдар!» деген ескертпесі расқа айналғандай ма, қалай? Бел шешіп, білек түрі­ніп, қоғамда орын алған әлеу­меттік проблемаларды шап­шаң шешуге не кедергі? Немқұрайлық па? Жаны ашымастық па? Қорқақтық па? Шапшаң қимылдар жүйесі қашан жасалады?

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: