Жекешелендіру шаралары қабылданады

371
0
Бөлісу:

Үкімет оты­ры­сын­да Премьер Бақытжан Сағынтаев күн тәртібінің мәсе­ле­лерін талқы­лан­ды

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бес баласы­нан айырылып қайғы жұтып, қа­быр­ғасы қайысқан отбасыға қолдау көр­сету бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар мен алдағы уақытта осындай жағдайлардың орын ал­ма­уы үшін қабылданып жатқан шара­лар туралы баяндама жасады.
Үкімет басшысы алдағы тәулік­тер­де бірқатар өңірлерде күннің қатты суытатынын еске салып, әкім­­діктердің, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтерінің назарын өрт қауіпсіздігі мәселесіне аударды. Өйткені жылу құбыр­ла­рын­­дағы қызу артады, жеке үйлерде пештер мен қазандықтар күшей­тіл­ген түрде жағылады. Сондықтан қауіп­сіздік техникасының сақта­луы­на ерекше назар аудару тап­сырылды.
Ішкі істер министрлігіне жергі­лік­ті атқарушы органдармен бірле­сіп, күннің күрт суытуына байла­ныс­­ты жылу беру маусымы аяқтал­ған­ша, өрт қауіпсіздігі айлығын қайта бастау жүктелді. Жылу мен энергия өндіруші барлық ұйымдар, өңірлік әкімдіктердің тұрғын-үй коммуналдық қызметтері тұтыну­шы­­ларды жеткілікті деңгейде жылу­мен және жарықпен қамтамасыз етуі тиіс. Барлық қызметтер іркі­ліс­сіз және апатсыз жұмыс істеуге мін­детті. Бұл мәселені ерекше бақы­лауға алу туралы әкімдерге тап­сыр­ма берілді.
Сонымен қатар облыс әкімдіктері мен ІІМ-ге қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында жеке үйлерге өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізіле­тін тексерістер сапасына ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Үкімет бас­ш­ысы қатаң талап болу керегін нықтады.
Астана қаласының әкімдігі зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетілетінін хабарлады. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қала басшылығы оқиға орнында болған. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұ­мыс істеуде екен. Зардап шеккен отба­сына қалалық әлеуметтік қор­ғау басқармасы тарапынан мате­риал­дық көмек көрсетіледі. Әкім «Сарыарқа» ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отба­сына уақытша баспана беру­ді, жан­ған үйді тез арада қалпы­на келтіру үшін қаражат бөлуді жүктепті.
Әкімдікте өткен кеңесте қала әкімі Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен Төтенше жағдайлар департаментіне және полицияға дереу елордадағы жеке сектордағы әр үйге бірге барып, өрт қауіпсіздігі ережелерінің қаншалықты сақта­лып отырғанына тексеріс пен түсін­діру жұмыстарын жүргізуді талап етті.
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының халықтың табысы мен өмір сапасын арттыруды қамтама­сыз ету бойынша Үкіметтің 30 қаң­тар­дағы кеңейтілген отыры­сын­да берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы жауапты мем­орган­дардың баяндамалары тыңдалды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, министрлік шағын және орта биз­нес­тің экономикадағы үлесін ұлғай­ту бойынша жүйелі жұмысты жал­ғас­тыратын болады. Өткен жылы заңнамалық деңгейде қабылданған реформаларды жергілікті деңгейде іске асыру арқылы бизнес үшін кедергілерді төмендету бойынша жұмыс жанданады. Бөлінген 600 млрд теңге бойынша өңдеу өнер­кәсібіндегі, агроөнеркәсіп кеше­нінің өндірісі мен қайта өңде­уіндегі, сондай-ақ қызмет көрсет­у сала­сындағы жеке кәсіп­керлік субъек­тілерінің басымдықты жобаларын кредиттеу бағытында практикалық жұмыс басталады. Оның кем деген­де 100 млрд теңгесі шағын және орта бизнес жоба­ларына бағытталады. Осы қара­жаттың мақсатты пайда­ланылуына бақылау қамтамасыз етіледі.
«Бизнестің жол картасы–2020» аясында осы қаражаттан берілетін кредиттерді арзандату мақсатында сыйақы ставкасының бір бөлігін субсидиялау 3 жылдық бюджетте көзделген.
– «Бизнестің жол картасы–2020-ны» 2025 жылға дейін ұзарту аясында қаржылық қолдау құрал­дарын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіледі. Тиімділігі төмен кәсіп­орындарды қолдаудан бас тартамыз. Іріктеудің критерийлері жоба­лардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне бағдарланатын болады. Бұдан бөлек, қаржылық емес қолдау шаралары да жетіл­діріледі. Атап айтқанда, оқыту бағдарламаларында бизнес үшін ИТ сервистерді және жаңа цифрлық шешімдерді қолдану бойынша мамандандырылған курстар көзде­летін болады, – деді бас экономист.
Екіншіден, мемлекеттің эконо­ми­каға араласуын азайту және одан ары жекешелендіру шаралары қабылданады. Министрдің мәліме­тінше, биыл 139 объектіні сату жоспарланып отыр. «Қазато­мөнер­кәсіптің» ІРО-сын табысты өткізу тәжірибесін ескере отырып, енді «Қазақтелекомның», «Эйр Астана­ның» және «Самұрық-Энерго» ұлт­тық компаниясының акция­ла­рын сату жоспарлануда.
2019 жылы жекешелендіру бағдарламасына қосымша 48 нысан қосылады. Осыған байланысты, Ұлттық экономика министрі Үкімет басшысынан мүдделі мемлекеттік органдарға алдағы 1 наурызға дейін осы объектілерді биыл сату бойын­ша жол карталарын әзірлеуге тапсырма беруді сұрады.
ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына сәйкес, мемлекеттік меншік құры­лы­мын «коммерциялық» және «ком­мерциялық емес» деп нақты заң­намалық бөлу арқылы оны реформалау қолға алынады.
Президент Әкімшілігі жасаған «өңірлердің проблемалық мәселе­лері картасының» негізінде жүйелі инфрақұрылымдық түйткілдерін шешу бойынша жұмыс жүргізілмек. Министрлік бұл мәселелерді 2019 жылғы бюджетті нақтылау кезінде және 2020 жылғы бюджетті қалып­тастырған кезде шешуді ұсынатын болады.
– Мемлекет басшысы көлеңкелі айналыммен күресті күшейтуге екпін түсірді. Қадағаланбайтын экономика деңгейін қысқарту үшін біздің министрлік Қаржы министр­лігімен бірлесіп, салық, сауда сая­саты, салалық реттеу шараларына қатысты мәселені пысықтайды. Ол шаралар экономикадағы қолма-қолсыз ақша айналымын ұлғайтуға бағытталады. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысу сомасына шек-лимитті белгілеу, жылжы­майтын мүлік пен көлікті міндетті түрде қолма-қол ақшасыз сату және басқа мәселелер қаралады, – деді Т.Сүлейменов.
Ал Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Елбасының «Жергілікті желілердегі жақсы жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 90%-ға дейін жеткізу» тапсырмасы бойынша биыл өз ведомствосының «қымбат күрделі жобалардан» енді «салқын ресайклингтің үнемді орташа әдісіне» көшетінін мәлім етті. 2019 жылы тең-паритетті негіз­де республикалық және жергілікті бюджеттен 150 млрд теңге бөлінбек. Осылайша, 2025 жылға қарай жергілікті желілердің 90%-ын жақ­сы және қанағаттанарлық жағ­дайға жеткізеді.
Ел Президенті «АҚШ пен Жапонияға тікелей әуе рейсін ашу мәселесін пысықтауды» жүктегені мәлім.
– Осы жылы министрлік «Эйр Астана» әуекомпаниясымен бірле­сіп, Жапонияға, сондай-ақ Нью-Йорк, Шанхай және әлемнің басқа да ірі қалаларына әуе қатынасын ашу үшін тиісті шаралар қабыл­дайды. Биыл АҚШ-қа ұшу үшін аккредитация рәсімдерін бастай­мыз. Министрлік «Ашық аспан» үлгісінде Қазақстан мен АҚШ арасында әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім жобасын қол қоюға әзірледі. Қол қою биылғы наурыз айына жоспар­лануда, – деді Ж.Қасымбек.
Елбасы халықтың әртүрлі санат­тары үшін баспананың қолже­тім­ділігін арттыру мақсатында тұрғын үй бағдарламаларына талдау жүргі­зуді ұсынды. Бұл ретте бюджет­тік ұйымдар қызметкер­леріне тұрғын үй сертификаттарын беру мәселе­лері жөнінде тұрғын үй заңнамасына түзетулер енгізілуде. «7–20–25» және «Нұрлы жер» бағдарла­ма­ларына түзетулер енгізілді, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бастап­қы жарнасының мөлшер­ле­месі 30%-дан 20%-ға дейін төмен­де­тілген.
Елбасы Үкіметтің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Сонымен бірге, Үкімет басшысы Б.Сағынтаев жеткенге тоқмейіл­сімей, осы жылға белгіленген мін­деттер мен тапсырмаларды орындау үшін бұрынғыдан да көп күш-жігер жұмсау қажеттігін нықтады.
Үкімет алдына экономиканың орнықты өсу қарқынын қамтамасыз ету үшін экономика дамуының әртүрлі сценарийлеріне дайын болу міндеті қойылды. Бұл жерде екі көрсеткішке – халықтың табысы мен тұрмыс сапасына ерекше көңіл бөлу керек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес үлесін ұлғайту, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің көлемін өсіру, еңбек өнімділігін арттыру секілді көрсеткіштерге назар ау­дартты. Әрбір министр мен әкімнің жұмысы осы барлық көрсеткіштерге қарай бағаланатын болады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: