ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

341
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Сапар аясында Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида әл-Ауадидің шақыруымен Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдері бизнес-форумына қатысты. Жиынға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің және басқа да кәсіпкер әйелдер қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Заид бен Сұлтан Нахаян орнатқан дос­тық байланыстар Қазақстан Респуб­ликасы мен Біріккен Араб Әмір­ліктерінің арасын жақын­да­тып отырғанын атап өтті.
– Біз экономикада тең құ­қық­­тар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету ісінде айтар­лық­тай ілгеріледік. 2018 жылы Қазақстан Дүниежүзілік эко­но­­микалық форумның баға­лауы бойынша «әйелдердің эко­­номикаға атсалысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен 32-орынды иеленді. Бізге цифрландыру ісіне баса назар аудара отырып, бизнес-қоғамдастықтардың эконо­мика, сауда, технология және өзге де салалардағы ынты­мақ­тас­тығын тереңдету қажет, – деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова эконо­ми­калық ілгерілеудің Жастар жы­лының басымдықтарының бірі ретінде белгіленгенін айтты. Бүгінде қыздар бизнес­пен белсене айналысып, креа­тив­ті стартаптар әзірлеуде. Жастар жылы аясында 11 бағыт бойынша 100-ден астам жоба жүзеге асырылатын болады.
Форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова БАӘ Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида әл-Ауади­мен кездесті. Әңгімелесу бары­сында әйелдердің мүмкін­дік­терін одан ары кеңейту, соны­мен қатар әйелдер кәсіпкерлігі институтын нығайту мәсе­ле­лері талқыланды.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы БАӘ Федералды ұлттық кеңесінің төрайымы Амаль әл-Кубейсимен кездесті. Кездесу бары­сында әлеуметтік-эконо­ми­калық және мәдени-гума­ни­тарлық ықпалдастық мәсе­ле­лері қаралды. Қазақстанның да Әмірліктер сияқты Таяу Шығыс­та бәріне ортақ әділетті әрі берік бейбітшіліктің тезірек орна­уына мүдделі екені айтыл­ды. Тараптар екіжақты ынты­мақ­тастық ая­сын­да Астана мен Әбу-Даби арасындағы өзара ты­ғыз қарым-қатынастарды жал­­ғастыра бере­тінін ризашы­лық­пен атап өтті.

Айхан Шәріп

Бөлісу: