Жаңа мүшелер сайланды

Жоғарғы cот төрағасы Жақып Асанов жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді. Күн тәртібіне сай, жалпы отырысқа қатысушылар Жоғары сот кеңесінің құрамына жаңа кандидатураларды талқылады.
Себебі, ЖСК-нің қазіргі мүшелері Әділ Құрықбаевтың, Ардақ Балағұмарованың, Мұрат Хожабергеновтің және Ләззат Күдекованың өкілеттігі аяқталған.
Заң бойынша ЖСК мүшелері болып тағайындалатын кандидаттарды облыстық соттардың жалпы отырыстары ұсынған судьялардың ішінен Жоғары сот органы төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың жалпы отырысы сайлайды. Бұл ретте кандидаттар ретінде Жоғарғы және облыстық соттардан бір-бір адамнан, ал аудандық соттан екі адамнан ұсынылады.
Жақып Асанов Жоғарғы соттың судьясы Мейрам Жанғұтдиновтың кандидатурасын жалпы отырыстың қарауына енгізді, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық сотының, Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының және Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьялары Нұрмаханбет Елемесовті, Жанира Пернеқұлованы және Ел-Назар Манаповты таныстырды. Олар – үлкен судьялық жұмыс тәжірибесі бар, заңтану саласындағы білікті мамандар, принциптілік және адалдық сияқты жоғары моральдық қасиеттерге ие.
Жалпы отырысқа қатысушылар аталған адамдарды Жоғары сот кеңесінің құрамына енгізуге бірауыздан дауыс берді.
Айхан Шәріп