МҰЗДАҒЫ МОТОЖАРЫС МЫҚТЫЛАРЫ

344
0
Бөлісу:

Ақпанның алғашқы күндерінде «Медеу» мұз айдынында спидвейден (мұздағы мотожарыс) әлем чемпионатының алғашқы финалы өтті. Сайысқа әлемнің бес мемлекетінен 18 мото­ша­бан­­доз қатысып, жарыс көрігін қыздырды.

Мұздағы мотоцикл мінген спортшылардың тартысын тама­ша­лауға күннің суығына қара­мас­тан, жанкүйерлер көптеп жинал­ды. Ұйымдастырушылар дерегі бойынша он мыңға жуық адам «мұз гладиаторларының» шайқасын көруге келген. Тіпті еліміздің Үкімет басшысы Бақыт­­жан Сағынтаев, Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медве­дев және Алматы қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбек секіл­ді тұлғалар да ерекше спорт бәсе­кесіне қызығушылық таны­тыпты.
Халықаралық мотоцикл феде­рациясы (FIM) қолдау көрсеткен бәсекеге Германия, Швеция, Австрия, Германия елдері спорт­шы­ларын жіберген. Сон­дай-ақ қазақстандық шеберлер де бақ сынады.
Сайыстың екінші күнінде ресейлік мотошабандоздар өзге­лерден көш ілгері екенін аңғар­тып үлгерді. Даниил Иванов, Дмитрий Хомицевич, Динар Валеев және Дмитрий Колтаков сынды спортшылар іріктеу кезеңінде мол ұпай жинап, финалға еркін өтті. Ал жарыстың бірінші күнінде фавориттермен иық тірестірген швециялық Мартин Хаарахилтунинен екін­ші күні қоршауға соғылып, жарыс жолынан шығып қалды.
Сайыс қорытындысы бойын­ша Даниил Иванов шашасына шаң жұқтырған жоқ. Мото­циклін мұз үстінде құйындай құй­ғытып, еркін басқаруды қапы­сыз меңгер­ген шабандоз жалпы есепте
38 ұпай жиып, ал­ма­­ты­лық финал­дың жеңім­пазы атанды. 35 ұпай алған Дми­трий Хомицевич екін­ші орын алса, Динар Валеев (32) пен Дмитрий Колтаковтар (31) үшін­­ші және төр­тінші орын­дар­ды өзара бөліс­ті.
Осы орайда қазақстандық спортшылардың да сайыстың екінші күні бәсекеге қатысқанын айта кету абзал. Павел Некрасов, Денис Слепухин және Андрей Шишеговтар бар күшін салып, намысқа тырысып баққанымен, әзірге әлемдік мықтылармен шендесе алмайтындарын байқат­ты. Дегенмен еліміздің жас мотошабандоздарының осындай сайысқа қаймықпай қатысып, чемпиондармен лайық­ты бәсе­ке­ге түсіп жатқа­нының өзі бір мәртебе. Халық­аралық мотоцикл федера­ция­сының (FIM) спорт­тық дирек­торының айтуынша, Алматыдағы жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
– Биыл қазақстандық тарап әлем чемпионатының финалына дайындық бойынша үлкен жұмыс атқарды. Ауқымды спорт­тық іс-шараны өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар қарас­тырылған және мұз арена­сының инфрақұрылымы FIM регла­менттері мен стандарт­тарына сәйкес келді. Біздің жемісті ынты­мақтастығы­мыз тек дами түседі деп сенеміз, – дейді Жан-Поль Гамбо.
Жарыстан кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан авто­мо­тоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев та пікір білдірді.
– Спидвэй бойынша әлем чемпионатын осымен бесінші рет қабылдап отырмыз. Әрине, жарыстарды ұйымдастыруға септігін тигізетін маңызды тәжі­ри­бе жинақталды. Сондай-ақ қазақстандық шабан­доз­дардың прогресін де атап өткім келеді. Біздің команда жарыстарға дайындығын пысық­тады және биыл Ресейдің Тольятти қала­сын­да өтетін әлем­дік додаға ко­мандалық құрамда қатысады, – деді Марат Әбіқаев.
Халықаралық федерация тара­пы­нан бекітілген шарт бойын­ша мұздағы мотожарыс – екі іріктеу және бес финалдық кезеңнен тұрады. Жеке чемпио­наттың алғаш­қы финал­дық кезе­ңі Алма­тыда өтті. Енді мото­шеберлер Ресей, Германия, Нидер­ланды елдерінде өтетін додаға дайын­да­лады. Ал коман­далық сайыстар Ресейдің Тольят­ти қаласында болмақ. Аталған жарысқа қазақ­стан­дық команда араға жиырма жыл салып тұңғыш рет қатыс­пақ­шы.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: