КАТАР ЖЕҢІСІНІҢ ҚҰПИЯСЫ НЕДЕ?

Жақында ғана футболдан Катар құрамасы Азия кубогын жеңіп алды. Азияда азуын айға білеген Жапония құрамасының өзін финалда 3:1 есебімен ойсырата ұтқан. Мұны кездейсоқтық деп айтуға да ауыз бармайды. Себебі, катарлықтар турнир бойына бірде-бір рет жеңілмепті. Сайысты сәтті бастап, соңына дейін сол алтын арқауды үзбеген.
Турнирдің үздік бомбардирі де Катар құрамасынан шыққан. 22 жастағы шабуылшы Әли Алмоез 7 матчта 9 гол соққан. Ал Акрам Афиф болса, 7 матчта 10 рет дәл пас беріп, үздік ассистент атағын жеңіп алды.
Катар футболы әлемде әлеуетті болып саналмайтын. Бірақ мемлекеттің футбол федерациясы соңғы 10-15 жыл көлемінде бар назарды балалар футболына аударған. Осы мақсатпен олар испаниялық бапкер Феликс Санчес Басты шақырып, ол 2006 жылдан бастап Аспира академиясында катарлық балаларды «Барселона» жүйесі негізінде жаттықтырады (Санчестің өзі де каталониялық клубтың мектебінен шыққанын айта кету керек). Балақайлар ержеткен кезде Санчес оларды жасөспірімдер құрамасының бапкері ретінде баулуын жалғастырады. Нәтижесінде, испан маманының басшылығымен 19 жасқа дейінгі құрама 2014 жылы Азия чемпионатында топ жарған. 2017 жылдың шілде айында Санчес елдің бас құрамасына бапкерлікке тағайындалады. Хронологиялық есептеуге жүгінсек, ұлттық құрамаға қабылдана бастаған жастардың дені – Санчестің көзі таныс, өзі тәрбиелеген (сонау 2006 жылдан бастап) балалары болып шықпақ.
Бірақ турнир бойына бірде-бір катарлық жанкүйер Әбу-Дабиге аттап баса алмаған. Катар мен БАӘ арасындағы ушыққан дипломатиялық жағдай осындай қолайсыздық тудырған сыңайлы. Турнир басталмай тұрып БАӘ билігі тіпті катарлық журналистердің де елге кіруіне тыйым салған. Ал жартылай финалда Катар мен БАӘ құрамалары кездескен кезде жергілікті жанкүйерлер катарлық футболшыларға бөтелке мен аяқ киім лақтырып, кемсітуші сөздер жазылған плакаттар көтерген.
Бір қызығы, финалда ойнаған Катар құрамасының бес ойыншысы ғана катарлық екен. Қалған футболшылар – Судан, Египет, Ирак, Алжир, Морокко елінің өкілдері. Испан маманының бас болуымен футбол федерациясы ойыншыларды сәтті натурализациялай білген. Ең бастысы, Катар өз тарихында тұңғыш рет бұл кубокты жеңіп алды. Акрам Афиф, Әли Алмоез, Бассам әл-Рауи және Әбделкәрім Хассан сынды жас футболшылардың есімі жақын бір-екі жылдықта Еуропа футболын да дүр еткізуі ғажап емес. Осыған қарап, бізде де балалар футболына лайықты назар аударылуы керек екені ойға оралады. Қазірден осы мәселені лайықты қолға алсақ, айналдырған 10-12 жыл шамасында нәтижесін берері де сөзсіз. Ал біз бұл тұрғыда құлықсыз сияқтымыз…
Абай АЙМАҒАМБЕТ