ФИНАЛДЫҚ КЕЗЕҢГЕ ШЫҚТЫ

Үлкен теннистен Қазақстан құрамасы Астанада Португалия теннисшілерін 3:1 есебімен жеңіп, қараша айында Мадрид қаласында өтетін Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин беделді қарсыласы Жоау Соузаны жарыстың екінші күнінде жеңіп, командасына жеңіс сыйлады. Бұдан кейін қазақстандық Александр Бублик пен Педро Соуза кортқа шыққан жоқ. Себебі, бұл матч ешқандай шешуші маңызға ие емес еді.
– Дэвис кубогының финалдық кезеңіне шыққанымыз үшін қуаныштымыз. Біз өзіміздің үлкен теннистегі қарымды команда екенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік. Жігіттерге рақмет! Олар соңғы екі күн бойы бар күшін сарқып, аса қажет жеңісті олжалады, – деді Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев.
Жарыстың бірінші күнінде Александр Бублик португалиялық Жоау Соузаны (әлемнің 39 ракеткасы) 2:0 есебімен жеңіп кеткен еді. Бірақ жұптасып ойнау кезінде қонақтар басымдық байқатты. Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин өздеріне қарсы тұрған Жоау Соуза және Гаштао Элиаш жұбынан асып өте алмады.
Финалдық кезең қараша айында Мадридте өтеді. Оған 18 команда қатысады: іріктеу турнирінің жеңімпаздары, былтырғы жартылай финалға қатысушылар (Хорватия, АҚШ, Испания және Франция) және wild-card (Аргентина мен Ұлыбритания) иегерлері. Командалар ойынды топтық кезеңнен бастайды (3 командадан 6 топ). Ал плей-офф кезеңіне сегіз құрама шығуы тиіс.
Абай АЙМАҒАМБЕТ