Ұрпақ санасы уланбасын десеңіз…

267
0
Бөлісу:

Саналы да сапалы ұрпақ өсіру – қай қоғамның болсын асыл арманы. Ол үшін оқу оқытып, тәрбие беру алдынғы орында тұрса керек. Дегенмен бұл қағидатқа кейінгі кезде болып жатқан мектептер мен басқа да оқу орындарыңдағы келеңсіз тірлік, оның ішінде әлімжеттік жасап, өзінен кішіге қол жұмсау, ішімдік ішу, есірткі пайдалану сынды кереғар істер селкем түсіруде.   

Ресми деректерге қарасақ, қазіргі таңда республика бойынша есірткі қолданатын 128 жасөспірім тіркеуде тұрған көрінеді. Олардың ең кішісі – 14 жаста. Есірткі қолданатын оқушылардың дені Астана, Алматы секілді ірі қалаларда тіркелген. Бұл – қолға түсіп, есірткіге тәуелді болып қалған­дардың саны. Негізінде, қанша баланың санасы уланып жатқа­ны мүлдем белгісіз.
«Бұрындары героин, көкнәр секілді есірткі түрлері көп сатылған. Себебі, шекара жабық, есірткі Түркия, Сирия, Ирак жақпен айналып кетіп жатыр. Бүгінде синтетикалық есірткі деген үлкен проблема бар. Оның пайда болғанына үш жылдай уақыт болды. Былтыр елімізде есірткіні жарнамалаған 4,5 мың сайт анықталып, жабыл­ды», – деген болатын, Астана­да синтетика­лық есірт­кілер мен дәрілік есірткі зат­та­ры­мен күрес жөнінде өткен шарада Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Берікхан Нұрғалиев. Оның айтуынша, әлемде бір минутта есірткі жарнамалап, тарататын 3 мың сайт пайда болады. Ал олардың артында кім тұрғанын анықтау өте қиын. Осыдан кейін пайымдай бер­сеңіз болады, есірткі сату­шы­лық қандай жолға қойыл­ға­нын.
«Есірткі сататын интернет-дүкен бір ғана Қазақстанда құрылмайды. Бұл – бүкіл әлемге ортақ проблема. Сондықтан ішкі істер органдары есірткіге қарсы күресті әлемдік қауым­дастықпен бірлесіп жүргізе-
ді», – дейді басқарма басшысы. Бүгінгі күні «трамадол наша­қор­лығы» деген өте өзекті мәселе бар. Ал сол трамадол дәріха­на­ларда рецепт бойынша саты­лады. Бірақ оны жасөспірімдер де алуы мүмкін. Сондықтан Ішкі істер министрлігі трамадол сияқты дәрілік есірткі заттарын бақылауға алмақшы.
2018 жылы Қазақстанда дәрілік есірткі заттарын жасөспірімдерге сатқан 101 дәріхана басшысы жауапқа тартылған. Нұрғалиев биылдан бастап есірткі туралы заң күшейтілгенін, тиісінше есірткі сататындардың жазасы қатаң­да­ғанын атап өтті. «Осы жылдан бастап синтетикалық есірткіні таратқандар қылмыстық жазаға тартылады. Тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Есірткіні қолдан­ған­дар үшін де әкімшілік және қылмыстық жаза қарастырыл­ған», – дейді ол.
Мамандар болса, синтети­ка­лық есірткі әсері есірткі тізі­міне енгізілген марихуанадан әлдеқайда күшті деп дабыл қағуда.
Негізінде 2010 жылы еліміз­дің Денсаулық министрлігі әртүрлі миксыларды ел аума­ғына әкелуге тыйым салған болатын. Соған қарамастан есірткі саудасын кәсіп қылған­дар түрлі жолмен қалтасын қампайтып, табыс тауып жүр. Қазақстанға синтетикалық есірткілерді алып келетін елдердің бірі – Қытай. Синте­тикалық есірткі мәселесі әлем бойынша бар. Мұндай есірткі түрлері Ресейде де, Еуропа елдерінде де кең тараған. Әлем­де синтетикалық есірт­кі­нің 240-тан астам түрі бар. Әлемнің бірқатар елінде синтетикалық еліткіш зат есірткі тізіміне енген көрінеді. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық есірткіге қатаң тыйым салынған.
Міне, қазіргі сана улаудың тағы бір түрі! Ол үшін адам баласының миын ғана емес болашағын да улайтын есірткі­мен бірлесе күресуіміз керек. Синтетикалық есірткіні тарату­шыларға ішкі істер қызметкер­лері қарсы тұруды мықтап тұрып қолға алған сынайлы. Сенейік. Өйткені еліміздің болашағы саналы да сапалы ұрпақтың қолында!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу: