Алмаға құрметпен қарасақ

198
0
Бөлісу:

Атақты ағылшын физигі, математигі, астрономы, таби­ғи философы, алхимигі және теологы Исаак Ньютонның басына құлаған, «Ақшақар және жеті гном» атты неміс ер­тегісіндегі сұлуды өлтірген – алма. Яғни, бүкіләлемдік тарты­лыс заңын тұжырым­да­мас­тан бұрын алма ағашының көлеңкесін саялаған ғалым­ның басына алма құлайды. Осыдан кейін аңғарымпаз, айна­ласын бақылап, зерттеу­ге әуестенген ғалым ауырлық күші­нің формуласын есептеп шығарған.

Қазақ халық және әлем ерте­гі­ле­рін­де алма туралы сюжет көп. Ал «Ақшақар мен жеті гном» атты аға­йын­­ды Гриммдер жазған ертегі­дегі өгей шешенің Ақшақарға алма беріп, улап өлтіруі өмірдегі кейбір шынайы оқиғалармен жанасады. Себебі, тыл­сым күштердің адамға әсері ту­ра­лы де­ректерде алмаға дуа­ның әсері күш­ті даритыны жай­лы жазба­лар кез­де­се­ді. Дініміз Ис­ламда ең ауыр күнә­лардың бірі – дуалау. Одан бойды аулақ ұс­­таған жөн. Алайда біздің қау­за­йын деп отырған тақы­ры­бымыз алманың бүгінгі хал-ахуалы.
Елбасының биыл жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында алманың алғаш қазақ жерінде тамыр жайған жеміс ағашы екені айтылған. Ұлы дала­ның жеті қырының әрқайсысы да патриоттық сезімді оятып, туған жерге деген мақтаныш тудырады.
Қазақстан алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының шыққан мекені екенін бүкіл әлем жұрт­шы­лы­ғы ежелден мойын­да­ған. Себебі, Іле Алатауының бау­ра­йын­да пайда болған алма жемісі Жібек жолының көне бағыты арқы­лы Жерорта теңі­зі­н­е, содан бүкіл әлемге тараған. Елі­­­міздің оң­түстік астанасы – Алма­ты­ның атауы алманың құрметіне орай қойылған.
Жамбыл ауданы Іле Алатауы­ның бөктеріне жайғасқандықтан, алма жақсы өсетін аудандардың бірі сана­ла­ды. Бүгінде азайып бара жатқан апорт ағашының бұрын кейбір ауыл­дар­да жайқалып өске­нін көрген қариялар оның иісі мен тіл үйірер дә­мін сағынышпен еске алады. Оны қайтадан баптап, күті­мін жасауға мамандар тапшы­лы­ғы кедергі келті­ру­де. Себебі, апорт­тың ата тегіне жай­лы болған топы­рақта оның бола­шақ­та қайта гүл­де­нуіне қажетті хи­мия­лық барлық элемент, тыңайт­қыш бар. Бірақ обалы не керек, кей­бір шаруа қожа­лықтары алма ба­ғын баптауға күш жұмсап отыр­ға­ны жасырын емес. Мәселен, «Сейдах­мет», «Гүл­ден», «Ербол», «Мұсабай», «Гор­ный апорт», «Шындәулет», «Де­мер», «Ранай» шаруа қожа­лық­тары алма мен алмұрт ағаштарынан тон­на­лап жеміс алып, ауданның эко­номи­ка­сын дамытуға үлес қосуда.
Самсы ауылдық округінде 1999 жы­лы ашылған «Ербол» шар­уа қожа­­лы­ғында 7 гектар егіс­тік жер­ге апорт көшеттері отыр­­ғызыл­ған. 1 600 түп апорттан болашақта үл­кен алма ба­ғы­­ның жайқалып өсуі күтілуде. Бар­­лығы 10 адамды жұ­мыс­­пен қам­ты­­ған қожа­лық бас­шы­сы – Самсы ауылы­­ның тумасы, ауыл шаруашы­лығы инс­титуты­ның түлегі, инженер-меха­ник Берікбай Молдабеков деген аза­мат. Жойылуға шақ қалған апорт­қа көңіл бөліп жүрген жерлесі­міз­дің кәсібіне толағай табыс тілейміз.
Былтыр Астананың 20 жылдық мерейтойында ауданнан 30 мың келі алма елордада өткен ауыл­шар­уа­­шы­лы­ғы өнімдері жәрмең­ке­сіне жөнел­тіл­ді. Бұл да аудан­дағы ауылшаруа­шы­лығы саласы­ның жетістіктерінің бірі болып есептеледі.
Жоғарыда айтқанымыздай 7500-ден астам сұрпы өсірілетін алма­ның тарихи Отаны – Қазақ­стан. Сон­дық­тан «қолда бардың қадірін жоғалт­пай» жойылуға шақ қалған апорт ағаштарын кейінгі ұрпаққа жеткізу, көш­еттерін көбейту Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласындағы міндетті тапсыр­ма­лар­дың бірі деп білеміз.
Сақтардан аманат болып қалған ұлттық сусынымыз қымыз­ды неміс­тер, қазыны француздар патенттеп алғандай, алманың да бір күні қолды болмасына кім ке­піл береді? Жетісу жерінің байыр­ғы жемісі алманы бренд жасап, экспортқа шығарсақ, нұр үстіне нұр. Американың Apple де­ген компьютер, планшет құрас­ты­­ра­т­ын компаниясының эмблема-
сы – тістелген алма. Осындай лого­тип­­пен жасалған техниканың сапасы жоғары, бағасы қымбат. Себебі ол – бренд. Алманың суре­тін брендке айналдырып жатқанда, жемісін неге брендке айналдыр­масқа?! Әлемде 10-20 жыл аралы­ғында өмір сүретін алма­ны ең көп өсіретін елдер – Қытай, АҚШ, Түркия, Польша және Италияның қатарына қосылуға болады.
Тропикалық елдер цитрус жеміс­терін өсіріп, әлем елдеріне таратып жатыр. Бізге де 3-12 жылда жеміс беретін, әр гектардан шама­мен 100-300 центнер өнім алы­на­тын алманың бабын табуға болады. Ол үшін ауыл шаруашылы­ғы, агроном мамандардың бейжай қалмай, қол ұшын бергені жөн.

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА

Бөлісу: