Қобыланды батырды 50 мың оқушы жаттайды

1885
0
Бөлісу:

Бізді қуан­та­ты­ны, дәстүрлі өнердің дәреметін дәріптеп, халық арасында насихаттау кең етек алып келеді. Заманында талай сал-сері, күміс көмей әнші, жыр жампозы – жыршыларды туғызған халықтың бүгінгі ұрпағы да бұл салаға келгенде қара жаяу емес. Оны былтырғы «Тұлпар мініп, ту алған» бәйгесі де дәлелдеп берді. Осы байқауды дәстүрге айналдырған ұйымдастырушылар, биыл енді оқушыларға жыр жаттатқызғалы отыр.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Оған 50 мың оқушы қатысады. Байқауға қатысты ұйымдастырылған шарада Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл жобаның ерекшелігіне тоқталды.
«Жоба мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен де, биылғы Жастар жылымен де тығыз байланысты. Басты мақсат – оқушыларды ру­ха­ни адамгершілік қырынан да­мы­ту және қазақ халқының Ал­памыс, Ер Тарғын, Қобыланды және тағы басқа эпостары арқылы бай этномәдени және философия­лық мұрасы негізінде тәрбиелеу», – деген министр оқушы поэтикалық мәтінді меңгеру арқылы тарихты терең түсіне бастайтынын айтты.
Оқушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып, жыр­дың ішіндегі көнер­ген, тарихи сөздер­дің маңы­на­сын ашып, қазақ әде­биеті оқулығы бойын­ша әзірленген сұрақ­тар­ға жауап бере­ді. Сондай-ақ ал­дын ала БАҚ-та жария­лан­ған тақырыптар бо­йын­ша эссе жазады. Басты та­лап – тарихи эпос­тарды жаттау, туын­дыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсі­ну.
Байқауға қатысатын оқушы­лар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жаттайтын болады. «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар. Соның ішінде ғалымдардың ұсынуымен Марабай жырау нұсқасын алдық. Биыл 107 беттен тұратын «Қобы­ланды батыр» жырын 50 мың оқушы жаттайтын болады», – деді Qazaq Epos қоғамдық қоры­ның бас дирек­торы Бақы­тжан Жұма­ғали­ұлы.
Оның айтуынша, байқау үш кезеңнен (екеуі – іріктеу, біреуі – ақтық) тұрады. Аудандық кезең осы жылдың 22-28 сәуірі аралы­ғына, облыстық кезең 29 сәуір мен 23 мамыр аралығына, ал республи­к­алық кезең маусым не шілде айына жоспарланып отыр.
Байқауға әр мектептен 10 оқу­шы (6-сыныптан – 2 оқушы, 7-сыныптан – 2 оқушы, 8-сы­нып­тан 2 оқушы, 9-сыныптан – 2 оқушы және 10-сыныптан – 2 оқушы) қатыса алады. Аудандық кезеңде 1-орын үшін – 150 000 теңге, 2-орын – 100 000 теңге, 3-орынға 50 000 теңге қарас­ты­рылған. Ал облыстық кезеңде 1-орын үшін 1 000 000 теңге, 2-орын – 600 000 теңге, 3-орын алғандарға 300 000 теңге табыс­та­лады. Қазіргі кезде республикалық іріктеудің қаржылай қоры пысық­талып жатыр.
Егер сынға түскен мектеп оқу­шы­сы 107 беттен тұратын «Қобы­ланды батыр» жырын толық жаттаса, аталған көрсеткішті Гин­нес рекордтар кітабына өтінім беру де жоспарда бар.
«Оқушыларды осылай ынта­ландыру, бәйге тігу арқылы жыр жаттауға әкелу – өте құптарлық іс. Оқушы жырды жаттап, өзінің жадына қозғалыс жасайды. Екіншіден, миллионер болады. Үшіншіден, Гиннестің рекордтар кітабына енуі әбден мүмкін. Міне, ғажап! Ұшан-теңіз, ұлы мұрамыз том-том кітап күйінде тізбектеліп қана тұрмай, мұрагер ұрпақтары арқылы халықтың құлағына осылай жету керек» дейді белгілі жыршы Алмас Алматов.
Иә, сар даланың салқарындай сансыз жырдың шумақтарын зердесіне түйетін ұрпақтың кө­бейе­­тіні көңілге тек қуаныш қана сыйлайды.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: