ҚАЗАҚҚА КІМ КЕРЕК?

597
0
Бөлісу:

Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев­тың «Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек» деген пікірі көпшіліктің ойын екіге жарды. Бірі – қостаса, екіншісі – қарсы. Математиктің: «Біз ертең сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойындаймын, балаңыз мойындамайды. «Ой, атамыз болтун екен» дейді. «Айта береді» дейді. Болды. Біз немен мақтанамыз?!» деген ойы бір қарасаңыз – орынды. Жаһандану заманында сөз баққан дұрыс па, ой баққан дұрыс па? Технократ заманда технократтар керек екені бесенеден белгілі. Мұндай жағдайда не істемек керек?

Қазаққа ақын да, технократ та керек

«Қазаққа ақын да, технократ та керек» дейді Bugun.kz пор­талының бас редакторы Марғұлан Ақан. Оның ойынша: «Біздің қоғам белгілі бір жетістікке не биікке жетсе, төмендегісін көр­мейтін көрсоқыр күйге енеді. Қай сала болмасын, бәрі биікке бүгін жетіп, кеше ешқандай драманы бастан кешіп көрмегендей болады. Бұл кімге керек?
Асқар Жұмаділдаев ағамыз­дың жарқ ете қалған сұхбатына баға бердік. «Қазаққа ақын керек емес, технократ керек» деген ойын белінен басып, сынатын жері көрінгенше сынадық. Ішіміз удай ащыса да, шындықты айтты. Бірақ…
Бірақ қазаққа ақын да, тех­но­крат та керек. «Философы» дейтін фильмді қарасаңыздар, сонда өнер адамдарының қоғамға ауа­дай керек екенін жақсы түсінеміз:
Ты кто?
Поэт!
Не керек, ойланбастан атып тастайды. Соңында өкінеді. Неге? Себебі, жиылған ғалымдардың көңілін аулайтын, рухани жан дүниесін қанағаттандыратын, ең ақыры өмірге құлшыныстарын арттыратын адам жоқ.
Серік Ақсұңқарұлы, Тыныш­тықбек Әбдікәкімов және Сұра­ған Рақметұлы бастап, Асқар көкемізге наздарын жеткізді. Жөн, жеткізсін. Үшеуі де «сен тұр, мен атайын» деп тұрған, сөздің қадірін білетін тұлғалар. Оларды интеллегент емес деп айтып көрі­ңізші… Жоқ, олай айту үшін білім керек. Математика секілді ақын­дық та өз алдына бір үлкен арна, ғылым. Оның бойында да есеп бар. Ақын біткеннің ұйқас қуып, буын санап жүргені бекер емес…
Біз тайпа не рулық дәуірде күн кешіп жатқан жоқпыз. Біз мем­лекет, біз елміз. Мемлекет іштегі проблемалардың шешіміне қарай дамиды, құлайды. Асқар ағам өлең оқымайды, ән тыңдамайды десе, кім сенеді? Сан өздігінен сөйлемейді. Санды да сөйлету үшін сөз керек. Ендеше, екеуі де бұ қазаққа қазір қажет.
Қоғамдық жақтан қарастырып көрсеңіз, екі саланың да жетістігі мен кемшілігі бар. Асқар ағам технократты Қазақстан жасауға ұмтылса, неге оның шәкірттері бой көрсетіп, елдің алдына шықпайды. Онсыз да идеал іздеп, сандалып жүрген халыққа өзіндей жас ұрпақ керек емес пе? Жатып алып есеп шығара беру мен есепті пайдаға асыру дегеннің арасы біршама. Дәл сол секілді, қазақ ақындарының (әсіресе, алдыңғы буын) ішкі араздығы толып жа­тыр. Құрылтай өткен сайын сый­лық ала алмай қалғанын не кіта­бының шықпағанын білеп, сах­нада сөз сөйлейтіндер кімге үлгі?
Технократ не үшін керек?
Бұрынғы жүрісін өзгерткен ғалам цифрлы қоғамға бет алып кетті. Бәріміз кнопкаға бағындық. Баса салған оңай. Ал баса салу тұ­тынушыға оңай, ал оны құрас­тырушы үшін – еңбек. Бізге кноп­ка басқанын білім санайтын маман емес, соны құрастыра бі­летін маман қажет. Өндіруден гөрі өнімді ала салғанды жақсы кө­реміз. Бірақ бұлай ел жетістікке жете алмайды.
Apple бола алмағанына Samsung ренжіп, бүк түсіп жатып алды ма? Керісінше, бәсекеге ұмтылып келеді. Дәл сол секілді, бізге де біреу бәрін өндіріп қойды дегенше, өндіріп көруге, ұқсап көруге тырысқан әлдеқайда тиімді еді.
Жапон да, ағылшын да – біз секілді адамдар. Адам істегенді адам істей алады. Тек ақыл мен білімді қалай пайдаланады, соған мән беру керек. Бізге бүгін және ертең де технократтар керек. Тіпті ауадай қажет десем, артық айт­қаным емес. Әйтпесе, ел аспанда ұшып жүрген кезде ат әбзелдерін теріп жүрген біз «ақбоз атқа қанат қашан бітер екен» деп отырамыз.
Ақын неге керек?
Бұл – әдебиет. Ал әдебиет – мәдениеттің бір бесігі. Мәдениеті жоқ елдің болашағы ұзаққа бар­майды. Ұрпақ тарихын дастаннан, өнерін өлеңнен оқып танысады. Қай ұрпақты көрдіңіз, санмен тарихын санап жүрген? Әуелі сөз бар, «сөз сүйектен өтеді». «Сан сүйектен өтеді» дегенді кім естіді? Сөздің құдіреті, оның киесі санның санын қалтыратып жібере алады.
Ақын тек қиялдың адамы, оның міндеті өлең жазу деген заң еш жерде жоқ. Ақын – қоғамның азаматы, қоғамның қызыл тілі. Ол ашып айта алмаса, ол тілін көсеудей көсеп, өшкелі тұрған шоқты қозғамаса, қарапайым халық ләм демейді. Ендеше, ақынның да артына артқан азаматтығы, жауапкершілігі және бір атанға татитын жүгі бар.
Не ғылымнан, не әдебиеттен әлемдік деңгейде үлкен бір же­тістікке жете алмаған қоғамның бір-бірін сынап отыруы, оған пікір білдіріп, ой айтуы күлкілі емес пе? Екі саланың да асығын алшысынан түсіріп, арқаны кеңге салып қойып жатқан халық болсақ, бір сәрі.
Бізде қазір қоғамға сөзін өткі­зе алатын ақын да, ғалым да жоқ. Бұ халыққа қазір кімнің сөзі өтіп жүр: вайнерлер мен хайпанер­лердің. Оларға қарсы күресті ұрандап бастаймыз. Түсінген адамға, оларды қоғамнан алып тастау мүмкін емес. Тек соқыр ішек секілді қарау керек. Табатын пайдасын табады, кейін бір жерде қалады не халық өзі керегі жоқ соқыр ішектей кесіп тастайды.
Ақын мен технократ күресетін күнде емес, екеуі бірігіп осы елдің ғылымы мен мәдениетін қалай дамытамыз деген сұрақты алдыға тастайтын сәттеміз. Ашығын айт­қан кезде, көзге көрінбей кеткен қазақ ғылымы да бой көрсете бастады. Есігін қағып бармайтын Жазушылар одағы да бас көтеріп келеді. Тәубе! Бұл – жақсылықтың нышаны. Тек араздық арасы қарапайым халықтың көкейін көпке бөліп жібермесін» дейді.

Теңіз бетіндегі көбікті көріп, түбіндегі маржанға мән бермейміз

«Асқар Жұмаділдаев ағамыз не айтса да, кесіп-пішіп, жөн-жосығын біліп айтатын адам. Біз теңіздің бетіндегі көбігін көзбен көреміз де, түбіндегі маржанға мән бере бермейтініміз тәрізді. Қоғам осы жолы Асқар ағамыздың пікірінің астарына мән бермей қалды. Меніңше, ағамыз өте астарлы ақиқатты жанамалап, қазақы жөнмен, жосықпен жеткізген сияқты. Бұл кісі қазаққа ақын, айтыскер, жазушыларды керек емес деп айтып тұрған жоқ. Ойлы, астарлы, майын тамызып, мәйегімен жазатын адам қай кезде де қоғамға қажет. Асқар аға мұны түсініп отыр. Бұл кісінің ай­тып тұрғаны – қазіргі әр бала­ның арманы әнші болу. Әке-ше­шенің ойында талабы мен талан­ты болмаса да, баласын әнші ету. Оларды дәрігер, IT маманы, қо­ғамға өте қажетті ғылым саласын игерту қызықтырмайды. Өйткені қазіргі қоғамда әншілер насихат­талады. Эфирде бір жыл ән айтып көрмеген әнші, бір тойға барып
1 миллион алады. Ал өмір бойы ғылыммен айналысып, табанақы, маңдай термен жүрген адам
1 миллионға 1 жыл жүріп қолы жетпеуі әбден мүмкін. Яғни, сол нәрсе насихатталып жатқан соң, баланы қойып, ата-ананың өзі ба­ласын технократ еткісі кел­мейді. Ол кісінің айтқаны – осы. Әркімді ақын, әнші етпе, өзі суырылып шыққан тума талант онсыз да әнші болады. Бұл кісінің айтқаны елді танытатын, қоғамды көркейтетін, қазақтың теңіздің бетіндегі көбік сияқты емес, теңіздің маржанындай құнды салаларға барғанын қалайтын сияқты. Асқар ағаның пікірін қолдаймын. Қазаққа ақын, қара сөз, мәйегі мен мәні бар аталы сөз керегі жоқ деп тұрғаны емес. Ол кісінің айтып тұрғаны – қоғамды дамыту. Ақындар, Аллаға шүкір, бізде жеткілікті. Ақындардың саласы өле қоймайды, біз сол деңгейге жеткіздік. Бізге енді ғылымға, техникаға қатты мән беруіміз қажет деген пікір. Өзім де бір айтыста айтқанмын:
– Ешқашан ел болмайды:
Кітап оқуға күлетін ел,
Әншісі ақ боз атқа мінетін ел,
Ғалымы автобуспен жүретін ел, – деп. Асқар ағаның пікіріне қосыламын. О кісі ақын керегі жоқ деп, тарихтан түсіріп тас­та­ғысы келіп тұрған жоқ. Ақынның ақыны керек, жазушының жазу­шысы керек. Қаймағын сылып айтатын қабырғалы ақын керек, қалғанымыз жөнімізді біліп, жо­лымызды біліп, ғылымға, техно­логия саласына қызмет етуіміз қажет деген ой» дейді белгілі ай­тыскер ақын Рүстем Қайыр­тайұлы.

Ақындық – адамның рухани жай-күйі

«Қоғамға ақындар керек пе, технократтар керек пе?» деген сұрақты қойып, объективті түрде қарайтын болсақ, мына нәрсені түсінгеніміз дұрыс. Қоғам тек екі типтегі адамдардан ғана тұрмай­ды. Қоғам деген қандай мамандық бар, қандай сала бар: солардың бар­лығы да бір-бірінің байланы­сынан тұрады. Біз бір мамандықты керек яки керек емес деп айта алмаймыз. Әрқайсысының өз деңгейінде қажет болатын тұс­тары бар. Бүкіл қоғам технократ болып кете алмайды. Барлығы бір­дей ақын болмайды. Бірақ жар­тылай ақын, жартылай тех­нократ ретінде, дәл қазіргі жағ­да­йымызға байланысты мынаны айта аламын. Біз, қазақтар, ақын­жандымыз. Барлық қазақ өлең-жырға жақын. Мектептегі үш баланың біреуі өлең жазатыны тағы бар. Демек, ақындықты қо­ғамды алға немесе артқа тартатын мамандық ретінде қарастыр­май­мыз. Ақындықты адамның руха­ни жай-күйі десек болады. Тех­нократ – өте маңызды нәрсе. Әлем­дегі дамыған елдің көпші­лігінің техникалық потенциалы жоғары. Кімде техникалық әлеует бар, солар алға озып жатыр. Сон­дықтан дәл қазіргі кезеңде технократтарды қалыптастыру маңызды. Біріншіден, технократ пен ақынды салыстыруға кел­мейді. Мемлекетімізде ақындар өте көп. Технократтар – жоқтың қасы. Үшіншіден, таяқтың арғы басынан бергі басына дейін ойланатындар технократия деген адамды руханияттан бездіреді, бізге қазір ақындар қажет деп жатса, айтатын бір ғана аргумен­тім бар. Әлемдегі кейбір елдерге қарайық. Әсіресе, Шығыс елде­ріне, Пәкістан, Ауғанстан, басқа да Латын Америкасындағы кедей мемлекеттердің поэзиясын алып қарайық. Өз басым Пәкістан хал­қының поэзиясын мойындаймын. Мықты ақындар шығып жатыр, шығады да. Бірақ ақындық нақты қоғамға экономикалық тұрғыдан және қоғамның бір әлеуетін жақсартуға септігі тиеді деп айта алмаймын. Тағы да қайталаймын: ақындық – адамның рухани жай-күйі. Шыны керек, объективті түрде қарайтын болсақ, еліміздегі ақындар онсыз да кедей. Өздері­нің дарындарын, қасиеттерін коммерциялық мақсатта қолдана алмағандар. Қазір бізге ақындар керек, бола да береді. Бірақ қазір жастарды технократияға баулыған дұрыс. Технократ адам ақын бола алмайды деген түсінік жоқ. Керісінше, технократтардан өте жақсы ақын шығады» дейді Садық Шерімбек.

Екеуін қатар дамытсақ, ұтылмас едік

Әдебиеттанушы, ақын Бауыр­жан Сегізбаев «қазақ екеуінен де зиян шекпейді» деген пікірде. «Екеуін қатар дамытсақ болмай ма? Міндетті түрде екінің бірін таңдау керек емес шығар? Екеуін қатар дамытсақ, еш ұтылмас едік. Алаш зиялылары кезінде тек қана әдебиет немесе тек қана ғылым не кәсіп керек деген жоқ. Мы­салы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіруі­міз керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген жоқ па еді?! Олар Жапония, Германияның ғылыми жетістіктерінен үлгі алу керегін осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кетті. Әрбірі 5-10 тілді меңгерді. Ал қазір қалай? Қазіргі зиялылар солар сияқты қанша тілді меңгеріп тастады? Алаштықтар сияқты өркениетті елдердің жетістіктеріне жете үңіліп, оны қазаққа шемішкеше шағып, түсіндіріп бере ала ма екен? Жоқ, әрине. Содан бері не өзгерді? Басымызды істетпесек, табиғи қазынамыз ертең таусы­лады, сарқылады. Ғылыми жаңа­лықтар ашатын орталық құрып, соған қаржы құюдың орнына, шикізатымызды өңдеу үшін шетелдің техникасына жүгінуге тура келеді. Осының бәрін қазақ өзі істеуіне болмай ма? Асқар Жұмаділдаев осындай ойсызды­ғымызға ашынып айтып отыр деп түсінемін» дейді ақын.

Қазаққа сөз де керек, ақыл бірлігі де керек. Ой баққан да, іс баққан да озады. Техника қарыштап дамыған заманда көштен қалмаған жөн. Жүрек көзі ашық адам технологияны да қатар меңгереді. Бастысы, «өлең – сөздің патшасы» екенін білсек, «ақылға бірлік керек екенін» ұғынсақ болғаны…

Гүлзина БЕКТАС,
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу: