МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ – ОТЫРАРДА

372
0
Бөлісу:

Түркістан облысы Отырар ауданында «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Шараға Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Майра Айсина, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сәкен Өтебаев қатысты. 

Мәжіліс депутаттары қатысқан жиынға «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева, «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ерлан Айтаханов, Отырар аудандық мәслихатының хатшысы Мыр­захан Манапов, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Жиынды «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Ерлан Қуаншыұлы ашып, жүргізді.
Конференцияның күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Атап айтқанда, Қазақстан Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру бары­сы туралы, «Нұр Отан» партиясының 20 жыл­дығы». Жасампаздық және әлеуметтік да­му кезеңі туралы, «Нұр Отан» партия­сының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау және 12 ақпан күні өтетін «Нұр Отан» пар­тиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына делегаттар сайлау мәселесі қаралып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бо­йын­ша баяндама жасаған Ерлан Айта­ха­нов: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан бастау алатын жобалардың Отырар ауда­нын­да іске асырылуы ауданымыздың әлеу­меттік-экономикалық өсуіне оң әсе­рін тигізуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес ауданда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, табысын еселеу жөнінде қабыл­данған Елбасы бағдарламаларын аудан әкімдігі облыс әкімдігімен бірлесіп тиісті дәрежеде атқаруда. Жалпы аудан хал­қы­ның әлеуметтік жағдайы жақсарды», – деп, аудандағы әлеуметтік мәселелерді, ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан келелі істерді атап өтті.
Баяндамашылардың сөзінен соң жарыссөзге шыққан партия мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Сөз сөйлеушілер, ұстаздар мен зейнеткерлерге, жастарға қолдау көрсету мәселесіне көп мән берілу керегін айтты.
Конференция барысында партия­лық­тар бүгінде елімізде ең басты саяси салмағы ерен, ел алдындағы абырой-беделі күшті «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толып жатқанын сөзге тиек етті. Іргетасы 1999 жылы қаланып, іске кіріскен партия көп уақыт өтпей-ақ зор сенімге ие болып, халық көкейінен шыға білгенін және қазіргі күні ел ішіндегі ең ауқымды саяси жұмыстарды «Нұр Отан» партия­сының қатысуынсыз елестету мүмкін емес екенін де атап өтті.
Сөз алған Мәжіліс депутаты Майра Айсина: «Қазір партия тарапынан көп жұмыстар жасалып жатыр. Дегенмен халықтың талабы жоғары. Сондықтан атқарылар істер жетерлік. Соған сәйкес, әлеуметтік мәселелерді көбірек қамту жұмыстарына үлкен назар аударылып отыр. Біздердің көңілімізден шығып отырғаны, осы өңірдің көптеген азамат­та­ры басқа жаққа алаңдамай, мемлекет та­рапынан көрсетіліп жатқан түрлі бағдар­ламалар мен қолдауларды пайдалана отырып, орта және шағын кәсіптерді дамытып жатыр екен. Біз де өз тарапы­мыздан жұмыссыз жүрген әйелдерді кә­сіп­ке үйрету мақсатында кешеден бері се­ми­нарлар өткізіп жатырмыз. Біз осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік білім жиынтық жүйесі деген заң қабылдаған болатынбыз. Онда депутаттар «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ата-анасыз қалған балаларға жәрдемдесу мақсатында олардың атына депозиттер ашқан болатынбыз. Енді алда­ғы уақытта бұған тек Мәжіліс депутаттары ғана емес, өңір депутаттары мен қалталы азаматтары немесе басқа да көмек көрсе­темін деген азаматтарды осыған тартсақ деген мәсе­лелерге көңіл бөліп жүрміз», – деді.
Конференция аясында Мәжіліс депутаты Майра Арапқызы партияның жергілікті белсенді мүшелерін марапаттап, сыйлықтар табыс етті.
Жиын соңында облыстық партия фи­лиалында кезектен тыс өтетін конферен­цияға қатысатын партия мүшелерінен делегаттар ұсынылып, сайланды. Жиын­нан соң депутаттар аудандағы ауылшаруа­шылық саласының жұмысымен танысты және музейді аралады.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы

Бөлісу: