АУДАНДАРДА ІРГЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

465
0
Бөлісу:

Атырау аймағына Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен келді. Аудан жұртшылығы мен мұнай-газ саласы ұжымымен жүздесуде депутаттар Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелерді талқылап, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Атырау аймағында бірнеше күннен бері халықпен, облыс-қала депутаттарымен жүздесіп, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен Жастар жылы аясында берілген тапсырмалардың орындалуы, әлеуметтік бағдарламалардың өңірдің орталығы мен аудандарда жүзеге асуымен танысқан Мәжіліс депутаттары Амангелді Дәуренбаев, Асылбек Смағұлов, Бақытгүл Хаменова Жылыой ауданының Құлсары қаласында болып, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ұжымымен жүздесті.

Жылыой ауданы әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен болған жиында «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы туралы толық мәлімет берілді.
Жылыой ауданы тұрғындарының жұмыспен қамтамасыз іргелі кәсіпорындардың үлесі мол. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары да тілге тиек етіп, мұнайшыларға мемлекеттік бағдарламалар аясында орта және шағын бизнеспен айналысу, қазба байлық болмаса да, кәсіпкерліктің көзін табатындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану керектігін айтты.
– Мақсатымыз – облыс, аудан-ауыл тұрғындарына Елбасымыздың Жолдауын, Бес әлеуметтік бастама, Жастар жылы, «7 – 20 – 25» бағдар­ла­масы бойынша тұрғын үй алу жұ­мыстары туралы айтып, осы бағдар­ламалардың орындалысы нәтижесінде елімізде болатын өзгерістердің, әсіресе, әлеуметтік тұрғыда дамуда серпін болатынын айтып жеткізу.
Бүгіндері аудан халқын экология мәселесі толғандырып отыр. Біз заңды тұрғыда аудан экологиясына зиян тигізіп отырған жайттарды зерделеп, депутаттық сауалмен үкімет сағат­­та­рында мәселені көтермек ниетте­міз, – деді Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова.
Ауданға жұмыс сапарында Мәжі­ліс депутаттары Құрсай каналының тереңдікті және жағалауды қорғау жұмыстарымен танысып, Қара-Арна селосының тұрғындарымен кездесіп, №8 мектептегі ІТ сыныпта оқушы­лармен жүздесті.
Жұмыс сапары барысында Мәжі­ліс депутаттары Жылыой ауданында іргелі жұмыстардың атқарылып жат­қанына, әсіресе, құрылыс саласының қарқын алуына көңілі толып, келе­шек­те де тындырымды жұмыстар атқа­рыла беретініне сенім білдірді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы

Бөлісу: