ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ

342
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты өткен жылы қолға алған «Ұрпақтар сабақтастығы» арнайы жобасы биыл да лайықты жалғасын табуда. Сондай шаралар легі бүгін Орал мен Алматыда өтті.

Алматыда «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қала­лық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлт болаша­ғы – жастардың қолында» атты жастармен кездесу шарасы өтті. Шараға «МузАрт» тобының әншісі, Темір­бек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Сәкен Майғазиев, қалалық «Жас Отан» Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Жақсыбек Марат және жоғары оқу орны студенттері, жас отандықтар, ұстаздар қатысты. Жалпы саны 300-ге жуық студент жастар жиналған көлемді шарада мемлекеттің болашағы, жастар ісіне қатысты тың тақырыптар көтеріліп, талқыға салынды. Шара барысында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен «Жас отан» Жастар қанатының ортақ меморондумға отырғанын да айта кеткен жөн. Бұл екі ұйым жастар мәселесіне байланысты өзара ынтымақтастықты бірлесіп дамытпақ.
Ал батысқазақстандық жастар Оралда облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагері, КСРО «Құрмет» орденінің иегері Махамбет Абулхатинмен кездесті. Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтының түлегі, қырық жылдан астам Қазталов ауданында агроном болып еңбек еткен Махамбет Насырұлы өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға еліміздегі саяси, әлеуметтік реформаларды түсіндірді. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын өркендетуге арнаған еңбек ардагері жастарды ауылға барып еңбек етуге, ата кәсіпті қолға алуға шақырды. Қазір қадірі қашып тұрған агроном, механизатор, ветеринар сияқты мамандықтардың мән-маңызына тоқталып өтті. Еңбек жолында кездескен түрлі қиындықтар, қоян-қолтық жұмыс істеген ауылдастары туралы әңгімеледі. Жастардың ойын тыңдап, түрлі сауалдарына жауап берді.
«Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында ұйымдастырылған кездесудің басты мақсаты – аға ұрпақтың тағылымды өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету, жастардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру, отансүйгіштікті нығайту және қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсету.
«Жас Отан» Жастар қанаты БҚО филиалы төраға­сының орынбасары Ерлік Шамғалиевтің айтуынша, «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы өңір жастары арасында кеңінен танымал. Өткен жылы жоба аясында барлығы сегіз кездесу өтсе, бұл – биылғы екінші кездесу.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: