АҚТАУ САММИТІ ҚАНДАЙ МІНДЕТ АРТЫП ЕДІ?

207
0
Бөлісу:

Каспий теңізі – ірі мұнай-газ қоры шоғырланған, күллі әлем көз тіккен стратегиялық аймақ. Ұланғайыр аумақты алып жатқан теңіздің дәлелденген мұнай қоры – 10 миллиард тоннаны құраса, мұнай мен газ конденсатының көрсеткіші 18-20 миллиард тоннадан асады. Бұған барланбаған мұнай қорын қосыңыз. Мұндай мол байлықтан ешбір мемлекеттің айырылып қалғысы келмейтіні белгілі. Сондықтан да Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау ұзаққа созылды. Нәтижесінде, өткен жылдың тамызында бұл мәселеге нүкте қойылды. Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстан басшылары қатысқан бесінші Ақтау саммитінде Каспий конвенциясы қабылданды.

 
Бес елден басқаның шаруасы жоқ

Мемлекет басшысы «Каспий теңі­зі­нің конституциясы» деп атаған кон­венция теңізді жағалай қонған бес елдің теңізді пайдалану құқын анықтап берді: Қазақстанға теңіз жағасының 29 па­йы­зы тиесілі. Ресей – 16, Әзірбай­жан – 20, Түркіменстан – 21, Иран 14 пайыз үлеске ие болды. Конвенция, ең алды­мен, әр елге теңіз суы мен оның бай­лығын еркінше пайдалануға жол ашты. Теңіздің аумақтық су көлемі 15 теңіз миль етіп бекітілді. Осыған орай, оның сыртқы шекарасы мемле­кеттік мәрте­бе­ге ие болды. Аумақтық суға он миль­дік балық аулау аймағы жалғасады. Әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болды. Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып та­нылды. Мемле­кет­тік теңіз шекара­сы­нан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзеді. Әр мемлекеттің өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің бай­лықтарына қатысты егемендігі сақ­талады. Сондықтан теңіз түбі арқылы магистральды құбырлар мен кабель­дерді жүргізу экологиялық талаптарды сақтағанда ғана мүмкін болатыны қа­растырылған. Бастысы, теңіз айдынын Қазақстан, Ресей, Әзір­байжан, Иран және Түркіменстаннан басқа ешбір ел пайдалана алмайды. Яғни, бес елдің әс­кери күштері мен азаматтық теңіз­ші­лерінен басқалар теңіз аумағына кірмейді.
Былтырғы саммитте жеті құжатқа қол қойылды: Каспий теңізінің құ­қықтық мәртебесі туралы конвенция; Каспий теңізінде терроризмге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынты­мақ­тастық туралы хаттама; Каспий теңі­зінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақ­тастық туралы хаттама; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасын­дағы сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық туралы келісім; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Каспий теңізінде жан­жалдың алдын алу туралы келісім; Шекара ведомстволарының ынтымақ­тастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама. Бұл құжаттың әрқайсының көтерер жүгі бар.

Конвенция Қазақстанға не береді?

Сарапшылардың болжамынша, Қазақстан дәл осы құжаттың көмегімен көрші Ресейдің ықпалынан шығып, сауда жасауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ республика Түркіменстан, Әзірбайжан арқылы жаңа газ құбыры желілерін іске қосу ісіне қатыса алады. Бұған қоса аталған маңызды келісім арқылы Ақтау қаласының танымал­дығы артып, туризм дамиды. Себебі, Ақтаудағы саммит кезінде 5 мемлекетке Құрық портының әлеуеті мен порттағы паром кешенінің құрылысы танысты­рылды. Сол кезде Құрық және Ақтау порттары Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды кешені әрі Еуразияның логистикалық карт­асын­дағы жаңа нүкте екені айтылған-ды. Соның бір мысалы, портта бүгінгі таңда 4 миллион тонна жүк тиеліп, Еуропаға жөнелтіліп жатыр.
Конвенциядан кейін сырттан тар­тылатын инвестиция көбейіп, эко­но­микалық әл-ахуал жақсарып, жаңа жұмыс орындары ашылады. «Бір бел­деу, бір жол» жобасы аясында Қазақ­станның экономикалық әрі әлеуметтік мүмкіндігі кеңейеді, себебі аталған жоба 4,4 миллиардқа жуық халқы бар экономикаға жол ашады.

Бесінші саммиттің тапсырмалары туралы не білеміз?

Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесі туралы конвенцияны жүзеге асыру және Каспийдегі ынтымақтастықтың түрлі аспектілеріне шолу жасау мақсатында президенттер сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл консультациялар конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірмей алғашқы кеңес беруді өткізуге тиіс еді. Конвенцияға қол қойылғалы наурызда алты ай толады. Біз хабарласқан Сыртқы істер ми­нистрлігінің Халықаралық құқық де­партаменті алғашқы консульта­ция­ларға дайындық жүріп жатқанын жеткізді.
Бес елдің кәсіпкерлері мен бизнес-құрылымдары арасында байланысты дамыту мақсатында биыл Түркімен­станда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынылды. Сыртқы істер министрлігі айтқан дерекке сүйенсек, Түркіменстан бұл форумды алдағы тамыз айына жоспарлап отыр.
Президенттер 2010 жылғы 18 қара­шадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, өзекті сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жа­сауға, сондай-ақ құқыққа қарсы қыз­меттің жолын кесуге бағытталған тер­роризмге, ұйымдасқан қылмысқа қар­сы күрес саласындағы ынтымақ­тас­тық туралы, шекара ведомство­ла­рының өзара іс-қимылы туралы хаттамаларға қол қоюды құптады.
Мемлекет басшылары 2014 жылғы 29 қыркүйектегі Астрахан саммитінде қол қойылған су биологиялық ресурс­тарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдердің күшіне енуін құптады. Осы құжаттарды практикалық іске асыру Каспий те­ңізінің табиғи және техногендік сипат­тағы қауіп-қатерлерден қорғалуын арттыруға, оның бірегей теңіз ортасы мен биологиялық әртүрлігі үшін тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді. Демек, биыл аталған құжаттар негізінде қызу жұмыс жүруі тиіс.
2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында Каспийдің балық қорының сақталуына жәрдемдесуге және браконьерлікке қарсы іс-қимыл жасауға арналған биологиялық ресурстардың заңсыз кәсіпшілігіне қарсы күрес саласындағы ынтымақ­тастық туралы хаттаманы, сондай-ақ теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы келісу аяқталуы тиіс. Есірткі құралдарының психо­троп­тық заттар мен олардың прекур­сор­ларының заңсыз айналымына қарсы күрес туралы хаттаманы пысықтау да кезек күттірмей іске аса бастайды.
Президенттер өңірлік деңгейдегі байланыстарды, мәдени алмасуларды, медиа-форумдарды, жастар слеттерін, спорттық жарыстарды және басқа­ла­рын қоса алғанда, Каспий маңы мем­ле­кеттерінің әртүрлі форматтардағы ынтымақтастығын жандандыруға қол­дау білдіретіндерін мәлімдеген. Бұл алдағы уақытта Каспий жағалауы ел­дері арасындағы мәдени-рухани маз­мұн­дағы іс-шаралар легі артатынын білдіреді.

Халима ТӘЖІҚҰЛ

Бөлісу: