Бейбіт бастамалар мекені

321
0
Бөлісу:

Қазақстанның сыртқы дипломатиясы тарихында бейбіт бастамалар мен әлемдік маңызы бар ұсыныстар көп болды. Әлемді ядролық қару қаупінен арылту, адамзат кездесіп отырған гумани­тарлық, экология­лық мәселелерді шешуді қолға алу, өңірлік қауіпсіздікке орны бөлек көңіл бөлу туралы идеялар әлем қауымдастығы тарапынан қызу қолдау тауып, бірқатар бейбіт келісімдер жасалды. Бүгін солардың бірқатарына тоқталып, Қазақстан ұсынған ғаламдық бастамаларға шолу жасап көрдік.

Қазақстанның бейбіт бас­тамалары 1991 жылы 29 тамыздан бастау алады. Дәл осы күні Се­мей ядролық сынақ алаңы жа­былып, Қазақстан әлемде қуат­тылығы жөнінен төртінші орын алатын ядролық арсеналынан бас тартты. Кейіннен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақ­тарға қарсы күрес күні бо­лып бекітілді. Осы күні жыл сайын 11.05-те ядролық қару құрбан­да­рын еске алуға ар­налған бір ми­нуттық үнсіздік жарияланады.
1996 жылы Қазақстан ал­ғаш­қылардың қатарында ядролық сынаққа тыйым салу туралы келісімшартқа қол қойып, құ­жат­ты ратификациялады. 2006 жы­лы 8 қыр­күйекте Се­мей­де Қазақстан жобасын жасауға белсенді атсалысқан ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойылды. 2009 жы­лы күшіне енген келісімнің қатысушылары: Қазақстан, Қырғызстан, Өз­бек­стан, Тәжікстан, Түркіменстан. 2014 жылы 6 мамырда Нью-Йорк­те бас қосқан бес ядролық держава (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция) Семей келісімінің негативті кепіл­де­мелер хаттамасына қол қойды. Бұл құжат аталған державалардың ядролық қарудан азат аймақ елдеріне қарсы жаппай қырып-жою қаруын қолданбауын құқықтық негізде міндеттейді.
2012 жылы 29 тамызда Пре­зидент Н.Назарбаев халық­ара­лық «АТОМ» жо­басын бастады. «АТОМ» жобасы әлемдік қа­уым­дастыққа ядролық сынақтардың кері әсері туралы ақпарат беріп, кең көлемді түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуді көздейді. Халық денсаулығы мен қоршаған ортаға орасан зор шығын келтіретін жап­пай қырып-жою қаруы 1949-1991 жылдар аралығында Қазақ­станда 450 рет сыналған. Жоба соңғы жылдары ядролық қарудан біржола бас тарту бастамасының өзге гуманитарлық, экологиялық мәселелердің көлеңкесінде қалып қойғанына назар ауда­рады. Сондықтан «АТОМ» Қа­зақ­стан, Жапония, Маршалл аралдары мен Алжирде ядролық қарудан зардап шеккен 15 мил­лион халықтың тағдырын әлем назарына шығару арқылы жап­пай қырып-жою қаруынан бас тартуды қолдайтын­дардың қа­тарын арттыруды мақсат тұтады. Ашық петицияға қол қойғандар көбейсе, осы тақырыптағы аза­мат­тық қоғам бел­сенділігі арқы­лы ядролық державалардың ше­шімін өзгертуге әсер ету қа­растырылған.
2013 жылдың ақпан және сәуір айла­рында Алматы қала­сын­да Иран мен «ал­тылық» (БҰҰ бес тұрақты мүшесі – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Фран­ция, Қытай және Германия) арасындағы келіссөздер жүрді. Нәтижесінде, Р5+1 тобы мен Иран арасында Бірлескен жал­пылама іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Батыс елдері санкциясының астында қалған Иранның ядролық қару мәсе­ле­сін шешуде Қазақстан айтар­лық­тай маңызды рөл атқарды.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау қозғалысын дамыта отырып, бейбіт мақсатта атом өндірісін жолға қойғысы келетін елдерге кедергі келтірмеуді көз­дейді. Уран қоры бойынша әлем­де алдыңғы қатардағы Қазақ­станның өзі үшін де бұл маңызды. Сондықтан 2015 жылы 27 та­мызда Қазақстан мен Атом энер­гиясы жөніндегі Халықаралық агенттік арасында Үлбі металлур­гиялық зауытында төмен байы­тылған уран банкін ашу туралы келісім жасалды. Уран гекса­фто­риді сақталатын қоймада 90 мың тонна көлемінде 4,95 пайызға дейін байытылған уран сақтау жоспарланған. «Ядролық қауіпті азайту туралы бастама» халық­аралық қорының ұсынысы бо­йынша аз байытылған уран қо­рының резерві құры­лып, жинақ­талған шикізат атом энер­гиясын дамытуға мүдделі мемлекеттерге арнаулы кепілдемемен берілуі керек. Сарапшылардың айту­ынша, Қазақстан төмен байы­тылған уран банкін өз террито­риясында орналастыру арқылы ғаламдық ядролық қауіпсіздік пен жаппай қырып-жою қаруын таратпау жобасына үлкен үлес қосады. Халықаралық мәні бар стратегия­лық нысан Қазақстанға тәуел­сіздігі мен тұрақтылығын сақтауда қосымша кепіл­деме беріп, ірі державалармен қарым-қатынасында саяси басымдығын қалып­тастырады.
2015 жылы Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Бас ассам­­блея­сында ядролық қарусыз әлем құ­ру туралы жалпыға ортақ дек­ла­ра­ция қабылданды. 2016 жыл­дың 31 нау­ры­зында Вашинг­тонда өткен ядролық қа­уіп­сіз­діктің IV саммитінде Н.На­зар­баев «Әлем. XXI ғасыр» мани­фес­ін таныс­тырды. Манифест жаһандық мәселелерді тізбелеп, оларды шешу бойынша тиімді ұсыныстар береді.
Қазақстан 2016 жылы 28 мау­сымда БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Еліміз ядро­лық қарудан бас тарту мәселесі, Ауғанстан, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы жағ­дайды әлем назарына шығарды. Өңірлік қауіпсіздікті сақтауға мән берген Қазақ­стан Ауғанстан мәселесінде елдегі саяси жағдай­дан бастап, гуманитарлық көмек пен терро­ризмге қарсы күреске дейін тал­қыға салды.
БҰҰ-ның 70-сессиясында Қа­зақстан Президенті халық­аралық ұйымның штаб-пәтерін Азияға ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Идеяның мәні «70 жыл бұрын батыс жартышардың сая­си, экономикалық ықпалы есеп­ке алынып, штаб-пәтер Нью-Йоркте орналастырылса, ендігі кезекте көз ілеспес қарқынмен өсіп келе жатқан Азияның қуаты мен жаңа өзгерістерді ескеру қажет» дегенге саяды.
Орталық Азия – ежелден әртүрлі мүд­делердің тоғысқан ортасы. Сырт көз қы­зығатын ерекшеліктері жетіп-артылатын өңірде әлемдік күштермен қатар пікір таластырып, ой алмасатын, өз идеясы мен бастамасын тыңдата алатын мемлекеттің болуы аса маңызды. Қазақстан осы рөлге лайықты мемлекет болуға аз күш жұмсаған жоқ. Нәтиженің қалай болғанын мем­лекетке сеніп тапсырылған маңызды міндеттерден және бастамаларын әлемнің басым бөлігі айрықша ықыласпен қолда­ғанынан көріп отырмыз.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу: