Форум жастарға жігер берді

217
0
Бөлісу:

Жыл басындағы үлкен жаңалық – жастар форумы. Оған түрлі салада өзін көрсетіп жүрген жастарымыз қатысты. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу инсти­тутында Автомо­биль жолдарын жобалау және диагнос­тикалау, паспорттау бөлімінің жетекші инженері Алмат Тәкебаев та – солардың бірі. Ол болашағын ғылыммен байланыстырған.

– Алмат, Астанада Елбасы Н.Назарбаевтың қаты­суымен өткен «Жастар жылы» форумының ашылуына қатыстың. Үлкен жиыннан алған әсеріңмен бөліссең.
– Қазақстандағы 18 миллион адамның ішінен осы форумға 400-500-дей жас қатысты. Сол қатардан табылғаныма өзімді ба­қытты сезінем. Бұл күні елі­міздің өнер жұлдыздары, ақын­дар, ғылым мен бизнес сала­сын­дағы белсенді жастар жиналды. Форумнан алған ең үлкен әсе­рім – Елбасының айтқан сөздері, ол үлкен мотивация берді. Би­ылғы жыл Жастар жылы деп жарияланып, соған байланысты алдымызға жаңа мақсат қойдық. Жаңа жыл осындай жақсы әсер­мен, энергиямен, жігерле­нумен басталды. Осы форумда төбем көкке жеткендей болды.
– Бұл жиынға кіл таңдаулылар іріктеліп алынғаны айқын. Осы қатардан көрінуіңе қандай жетіс­тік себеп болды?
– Біріншіден, ниетім осыған жеткізді-ау деймін. Әрдайым дұрыс жолда жүруге, өзімді жақ­сы ұстауға тәрбиелеп келемін. Спорттық жетістіктерім де бар. Былтыр «Нұр Отан» партия­сы­ның Алатау ауданы бойынша үздік спикері атандым. Жұмыста да өзімді белсенді жағымнан көрсете білдім деп ойлаймын. Волейболдан және футболдан спорттық жарыстарға барып, құраманы басқарып, жүлделі орын алып жүрдік. Президент әкімшілігінен, Инвестициялар және даму министрлігі Авто­мобиль жолдары комитетінен хабарласып, белсенді жастарды сұраған екен, қазіргі таңда қыз­мет атқаратын Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты біраз жастың тізімін беріпті. Осы күнге дейін жеткен жетістігімізге қарап, олар өздері іріктеп алып­ты. Осылайша, елімізде өткен тұңғыш жастар форумына қаты­суға мүмкіндік туды.
– Қазіргі таңда білімді жас­тарымыздың шетел асып, қызмет қууы жиілеп кетті. Бі­ліктілікті, адам бойындағы қа­бі­летті елі­міз­де көрсетуге қанша­лықты мүм­кін­дік бар?
– Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «Елімізде жұмыссыз, маман­дығын дұрыс таңдамай, адасып жүрген 300 мыңдай жас бар. Сол үшін жастарымыз өз маман­дығын дұрыс таңдауы керек» деді. Бұл – өте орынды айтылған сөз. Мектеп түлектері болашақ мамандық таңдауға өте жауапты қарауы керек. Егер дұрыс таңдау жасап, сол мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеретін болса, елімізде де жұмыс жетерлік. Жастарымыздың кейбіреуі ма­мандық таңдауда жаңылысады да, амал жоқ, шетел асып, қандай жұмыс болса да істеп жатады. Әйтсе де, елімізде білім алып, биз­неспен айналысып, ми­нистр­ліктерде, оқу орындарында жұмыс істеп жатқандар да бар­шылық.
– Форум барысында қатар­ластарыңмен ой бөлісіп, әңгі­ме­лесе алдың ба? Қандай ой түйдің?
– Еліміздің кілең таңдаулы жастарын жинап, биылғы жыл­ды Жастар жылы деп бел­гі­леуінің өзі бекер емес. Кез кел­ген мем­лекет жастарға үлкен сенім ар­тады. Жас буын, жас күш бол­ған­нан кейін қолда­рынан көп нәрсе келеді. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев айтқан­дай, жастар алып күш, олар тау­ды да қопа­рып тастауға дайын. Форумға қатысқан жастармен танысып, әңгімелесіп, ойла­ры­мен бөлісіп, болашаққа жос­па­рын тыңдадық. Олардың бәрі үл­кен әсермен қайтты. Бұл бас­қосу қыз-жігіт­тердің алдағы уа­қытта үлкен жұмыстарды бел­сенді атқаруына жігер берді.
– Сендер жаңа заманның жастарысыңдар. Қазіргі жастар­дың ойлары еркін. Осы форумда жастар Елбасына ойларын жеткізе алды ма?
– Бәрі отбасынан басталады. Жанұяда алған тәрбиеміз, мек­тепте алған біліміміз, өзімізді шыңдауымыздың арқасында еркін ойлы жастар өсіп келеді. Асыл армандарымыз бар. Осы­ның бәрі айналып келгенде тәуелсіздіктің арқасы. Елба­сымыз жастарға ерекше көңіл бөліп, бізді жинап, ақыл-кеңесін айтып, ой бөліскені қуантады. Елбасы жастарға арнап жылына мың пәтерден салуды Үкіметке тапсырды. Кеңес одағы кезінде үй алып, сосын қызметің басқа қалаға ауысса, ол үй сенікі болып қалмайтын. Қазір жаңа бағдар­ламамен үй алсаң, егер басқа қалаға қоныс аударатын болсаң, жалға берілетін үйді алуда мәселе тумайды.
Елбасы жастарды ауылша­руашылығы саласында жермен көп жұмыс істеуге, ауылды көр­кейтуге шақырды. Тасты жерде құлпынай өсіріп, Қазақстанға соны экспорт жасап отырған еврей халқын мысалға келтірді. Онымен салыстырғанда біздің жеріміздің шұрайлылығын тілге тиек етті. Фермерлікпен айна­лысып жүрген қыз-жігіттер де сөз сөйледі. Ауылды көтеру үшін «Дипломмен – ауылға» бағдар­ламасы да оң әсерін беріп келеді. Ғылыммен айналыстын жас­тар­ға қолдау білдіру, жатақхана мәселесін біртіндеп шешу керектігін айтты.
– Қазір қай салада мамандық алған тиімді? Бір кездері жас­та­рымыз заңгерлік пен қаржыгерлік саласын таңдайтын. Қазір олар­дың көзқарасы өзгерді ме?
– Қазіргі жастар заманға сай мамандық алуға тырысады. Ме­нің ойым, өзіңе ұнайтын маман­дықты таңдасаң, ол сенің хоб­биің болуы керек. Күнделікті қызығып жұмыс істейтін салаға барған жөн. Студент кезімізде басқа біреулердің үгіт-наси­хатымен «Грантқа түссек болды» деп оқыған жастар кездесті. Төрт жыл оқып шықты, бірақ одан кейін бұл салада жұмыс істеген жоқ. Өйткені бұл мамандық оған ұнамайды. Жоғары білімі бола тұра қара жұмыс істеп жүргені де бар. Егер бір іске шын беріліп жұмыс істе­сең, қай салада да жетістікке жетуге болады.
Еліміз кең байтақ. Қазіргі таңда инженерлер аса қажет. Үй құрылысы, жол салу, жалпы инфрақұрылымды дамытуда көптеген іс атқарылып жатыр. Сол себепті, әлі де техникалық мамандар жетіспейді. Жастар осы саладан кәсіп таңдаса, келе­шекте жұмыссыз қалмайды және үлкен жетістікке жете алады.
– Өзің қай оқу орнында білім алдың?
– Алматы қаласындағы М.Ты­нышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының түлегімін. Қа­зіргі таңда өз салам бойынша жұ­мыс істеймін. Республи­ка­мыз­да жол салу жайына көп кө­­ңіл бөлініп келеді. Елімізде 128 мың шақырым автокөлік жо­лы бар. Оның 90 мың шақы­ры­мы қолданыста. «Батыс Еуро­па – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі сияқты үлкен жолдар салынды.
Елбасымыз жергілікті жол­дарға көңіл бөлуді тапсырды. Осы мақсатта жылына 150 мил­лиард теңге бөлінбек. Демек, бұл салада жұмыс қарқын ала түседі деген сөз. Жол – экономика­мыз­дың күре тамыры. Жол саласы – өте қызықты сала. Бұл жерде бі­лім де, іскерлік те қажет. Жа­уап­кершілікті талап етеді. Сон­дықтан бұл салада мамандық таңдаған жастар қателеспейді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: