Қазыналы білім шаңырағы

210
0
Бөлісу:

Қыздар педагогикалық университеті – алғаш іргетасын қалап, есігін айқара ашқан арада қоға­мы­мызда неше дүркін өзгеріс өтсе де төрт аяғын тең басып, жүрісінен жаңыл­май келе жатқан білім ордасы.

Институттың салтанатты тұсау­кесерінде тебірене сөз сөйлеген заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов кеудесін кернеген қуа­нышын сыртқа шығарып: «Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік» деп батасын бергені бар. Сондай-ақ қазақтың мүйізі қарағайдай атпал азаматтары Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ілияс Омаровтар мен қатар өнер-білім саласындағы зиялы қауым өкілдері де ақжолтай тілектерін жаудырған еді. Сол дуалы ауыздан шыққан ақ тілек қабыл болғанының куәсі ретінде, бүгінде бұл оқу орны­ның қоғамдағы мәртебесі биікке кө­терілді. Содан бері тұғыры еш ала­сарып көрген емес. Талай марқас­қа­ларды тәр­биелеп ұшырған, қанат­тан­дырған қасиетті ұяға айналды.
Қазақ мемлекеттік қыздар пе­да­гогика институты және М.Мәме­това атындағы қыздар педаго­ги­калық училищесі 1944 жылдың сәуір айында СОКП Орталық ко­митеті бюросы қабылдаған «Қазақ жастарынан жо­ғары дәрежелі пе­дагог-мамандар дайындау» туралы қаулысына сәйкес ҚазКСР Халық Комиссарлар Кеңе­сінің №457 қаулысымен Алматы қа­ла­сында ашылды. Институт құра­мында фи­зика-математика, тарих, тіл және әдебиет факультеттері ұйым­дас­ты­рылып, әрқайсысына 30 талапкер қабылдау жүктелсе, оған қоса екі жылдық дайындық курсы да жұ­мысын бастап, оған 60 үміткер қа­былдау табысталды. Жастарды тамақ, киім, оқулықпен қамту, қар­жылан­дыру мемлекет тарапынан болатыны туралы шешім шыға­рылды. Білім ордасына Гоголь кө­шесінен оқу кор­пусы және Лесная көшесінен жа­тақхана ғимараты беріліп, сол кездегі атағы дардай ҚазКСР Мемлекеттік комитетіне 300 адамды жиһаз, төсек-орынмен жабдықтау міндеттелді.
«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деп Арис­то­тель айт­қан­дай, ауызға айтуға жеңіл соққа­нымен жұмыстың ұршығын әрмен қарай иіріп әкету оңай тиген жоқ. Соғыс салған зар­даптың ауыртпа­шылығына қарамастан ұйымдастыру, қалыптастыру, бір жүйеге келтіру сынды қыруар тір­лікті атқаруға тура келді. Қара нар көтере алмас жүкті ұстаздар қа­уымы белдері қайыспастан атқара білді. Оқу жылының бірінші жартысында 9 кафедрадан тұратын
3 факультетте 20 ұстаз дәріс берді. Оның 5-і – ғылым кандидаты дә­ре­жесінде, 8-і – аға оқытушы, 7-і – оқы­тушы санатында. Білім ошағы­ның, ұжымның болашағы жарқын болуына бар ынта-жігерімен, күш-қайратын, білігі мен білімін жұмсаған инс­ти­тут­тың тұңғыш ректоры Тұрсын Мыр­забекованың еңбегі айтарлықтай еді.
Жалпы, дана халқымыз ұстазды ақылдылық пен көрегенділіктің бейнесі деп тегіннен-тегін айт­па­ған ғой. Шындығында, ұстаз – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспеттес. Барша шәкірттің тұла бойына білімінің биігін сыйлап, қаншама жанның жүрегінен орын алатын, өзінің саналы бар ғұмырын жан-тәнімен соңғы күші сар­қылғанға дейін өзгенің болашағына арнайтын ақылдың тозбайтұғын асылы. Сон­дықтан болар шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын бейне де ұстаз болмысы.
Сайын даламыздың түкпір-түкпі­рінен арман қуып келген қазақ қыз­дарын білім нәрімен сусындатқан М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ғ.Құрман­ға­лиев, Т.Тәжібаев, А.Жұбанов, Ш.Бат­талова, О.Жәутіков, Н.Сауранбаев, Ә.Тұр­сынбаев, В.Есенғалиева, Х.Мах­мутов, С.Толыбеков, Х.Жұманов, К.Қар­мысов, К.Айманов, М.Бала­қаев, Ө.Байділдаев, К.Барманқұлов, И.Маманов, Д.Тұрсынов, З.Ахметов сынды көрнекті ғалымдар дәріс бе­руін бақыт деп санауға әбден тұ­рарлық. Бұл жандар қазақ ғылымына, сондай-ақ білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Олардың есімі тек қана институт тарихында емес, қазақ ғылымы тарихында да алтын әріппен жазылған.
Әсіресе, музыка факультеті ­бұ­ғанасының бекіп, аяқтан тік тұ­руына талантты композитор Б.Бай­қа­дамовтың қосқан үлесі зор. Пиа­нист-концертмейстер В.Пиро­гова, музыка теориясының маман­дары Б.Жүсіпалиев, Ә.Әбдікәрімов, та­нымал композиторлар Ө.Бәй­діл­даев, Д.Ботпаев, И.Кереев, Ә.Бапи сияқты бесаспап мамандардан құ­ралған ұжым факультеттің беделін арттыруда жан аямай еңбек етті.
Бүгінде халық мақтанышына ие болған, әндері барша қазақтың сүй­сіне тыңдайтын шығармасына айнал­ған, еліміздің ерке ұлы Е.Хасан­ға­ли­евтың ұйымдастыруымен 1968 жы­лы құрылған «Айгүл» квартеті, М.Бал­табаевтың жетекшілігімен дүниеге келген вокальды-аспаптық ансамблі сонау 1970-80 жылдары түрлі бай­қау­ларға қатысып, Бүкілодақтық жастар сыйлығының лауреаты атанып, керек десеңіз халықаралық додаларда жүл­делі орындарды қанжығасына бай­ла­ғанын дүйім жұрт біледі. Өнерлі өнер­паздар Г.Қарамолдаева, А.Иса­ғұлова, Д.Ерғалиева, М.Жүнісова, С.Ұзақ­бае­ва, А.Арықова, Т.Асар, Қ.Ома­­рова, Р.Әлисова, М.Ысқақова, З.Әлі­бе­ковалардың есімі елге танылды.
«Мұғалім болу – қызмет емес, Құ­дай берген міндет» демекші, атал­ған оқу ордасының ұстаздар қауымы жанкешті еселі де еңселі еңбектің арқасында ауыз толтырып айтарлық­тай дәрежеге қол жеткізді. Универ­ситет шаңырақ көтерген, яғни 75 жыл ішінде талай асқарлы асуды бағын­дырды. Қалыптасу мен даму жолын ұтымды игерді. Қазірге дейін 60 мың­нан астам білікті маман даярлап, қан­шама ғалым шығарды. Түрлі ғы­лым саласына қатысты ірі зерттеу ең­бек­тері жазылып, халық игілігіне ба­ғытталды. Нәтижесінде, Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жар­лы­ғымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлт­тық» мәртебесі берілді. Бұл – үлкен жетістік. Университет бұл мәртебеге әбден лайық. Өйткені Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университе­ті – еліміздің оқу орындары арасында өзіндік дара орны бар білім ордалары­ның бірі ғана емес, бірегейі. Әрі ол – еліміз бойынша тек қыздардан педа­гог кадрлар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны.
«Сұңқардан сұңқар туар саң­қыл­даған» – дейді дана жұртымыз. Осы даналық сөздің шындығы Қыздар ұлт­тық университетінің ұстаздарына да жанасатын секілді. Олар тәрбие­леп, дәріс берген шәкірттері еліміздің білім саласында еңбек етумен қатар айшықты ізін қалдыруда. Түлектердің арасында елге танымал атағынан ат үркетін тұлғалар да баршылық. Әрине, бәрін жіпке тізгендей етіп атын атап, түсін түстеп шықпасақ та, бір-екеуін тілге тиек еткеннің еш сөкеттігі бола қоймас.
Айталық, Социалистік Еңбек Ерлері Рафиқа Нұртазина, Рыскүл Мақатова, табаны күректей 16 жыл осы оқу орнына басшылық жасаған ҰҒА академигі Күләш Құнантаева, «Құр­мет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, инс­ти­туттың үшінші ректоры Ажар Ыбрае­ва, Жоғарғы Кеңестің депутаты
Ж.Кү­­ленова, бұрынғы Халықты ең­бекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрі, Мәжілістің қатарынан үш шақырылымының депутаты З.Қа­ды­рова, «Мемлекеттік тілге құрмет» бір­­лестігінің төрайымы, филология ғы­лымдарының кандидаты А.Осма­нова, белгілі қоғам қайраткерлері Ж.Әмір­ханова, О.Асанғазы, ғалым­дар Ү.Сұб­ханбердина, С.Ұзақбаева, З.Жә­кішева, көрнекті ақындар Ә.Бер­ке­нова,
А.Бақ­тыгереева, әнші М.Ера­лиева, бел­гілі әдебиет сын­шы­сы Ә.Бө­пежа­но­­валар – сөз жоқ уни­верситет кө­за­йы­мы әрі халқымыздың шоқтығы биік аяулы қыздары. Қазіргі кезде уни­вер­си­теттің тізгінін осы оқу орнының тү­легі Гауһар Алдабергенова ұстап отыр.
Тағы бір көңілге қонымды ­қуа­­­ныш­ты жайттың бірі – айтулы бі­лім шаңырағы Қазақстанның үздік
20 жо­ғары оқу орнының арасында 7-орынға ие болуы. Айта кетейік, АРТА ұлттық рейтінгіне қатысуға рес­публика бойынша 75 оқу орны өті­ніш білдірген екен. Осылардың ара­сында оқ бойы озық шығу адал еңбек, маңдай тердің ақталғаны емес пе?!

Райхан ОЗҒАНБАЕВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Бөлісу: