ИНТЕРНЕТТЕ ӨТТІ ҒОЙ, ҚАЗАҒЫМНЫҢ КӨП КҮНІ…

380
0
Бөлісу:

Қазіргі заман күн сайын өзгеріске толы. Күнде бір жаңа нәрсе естисің. Дөңгеленген дүние – көз алдыңда. Әлем­нің алты құрлы­ғында болып жатқан оқиға­ның бәрі интер­нетте тұр. Бесіктегі бала­дан, төрдегі данаға дейін осыған тәуел­діміз. Әлеуметтік желіге бір қарамай, ішкен асы бойына батпайтын­дар қа­тары тіптен көбейді. Бұл жақсы ма, жаман ба?

ИНТЕРНЕТТЕ ӨТТІ ҒОЙ, ҚАЗАҒЫМНЫҢ КӨП КҮНІ…

Интернет пайдаланушы адам­­дар өмірінің төрттен бір бөлі­гін телмірумен өткізеді екен. Әлем­дегі интернет-нарығының жағ­дайы туралы Digital 2019 есебінде We Are Social және Hootsuite халықаралық агенттігі жаса­ған осы мәлімет көзімізге түсті. Әрбір орташа пайдаланушы күн сайын 6 сағат 42 минут уақы­тын жоғал­та­ды деседі. Бұл – жы­лына 100 күннен астам уақыт ин­­тер­нет­ке тесілумен өтті деген сөз.
Мобильді құрылғыларды пайда­ланушылардың саны – 5,11 миллиард адам. Бұл – дүниежүзі халқының 67 пайызы. Интернет пайдаланушылар саны – 4,39 миллиард адам. Сонда жер бетін­дегі 8 миллиард адамның тең жартысы интернетке тәуелді!
Қазақстанда қалтафон, смарт­фон дегенге титтей балаға дейін таласады. Балалардың ден­саулығына зиян десе де, жылап жатқан баласына жұбан­сын деп күн ұзаққа телефон ұстатып қоя­тын ата-ана жеткілікті. Екі жас­тағы сәбилердің интернетке кіріп, «Маша и Медведь» мульт­фильмін жүктеп алып, қызықтап отырғанына да куә болғанбыз.
Ғылым-білім іздеп, білгенін кәдесіне жаратып отырғандарға ештеңе демей-ақ қоялық, ал құр әншейін сағаттап мобиль құрыл­ғы­ларға қарап отыра беретіндерге не дейміз? Ол денсаулығын құртып отырғанын біле ме, сезе ме? Бұрын біздің қазақтың жана­ры қиядағыны қалт жібермейтін, аса қырағы, бәрін көргіш, байқа­ғыш еді. Бұл күнде бесіктен белі шықпай жатып көзәйнек таға­тын, алысты былай қойғанда, аяғы­ның астындағы жолды көр­мей­тін, көз жанарының қуаты кеміген қандастарымыз жүз мың­дап саналады.
1996 жылы Жапонияға барған сапарымызда мектеп жасындағы балалардың бәрі көзәйнек тағаты­нын көріп, қайран қалған едік. Әлемдегі озық отыз елдің көшін бастап келе жатқан жапон елінің технологиялық жетістік­тері орасан, соған қарамастан бұл ел қазір мектеп оқушыларына интернетті пайдалануда арнайы шектеулер қойған. Ғаламторда ең аз уақыт өткізетін елдің бірі – Жапония. Бұл елдің халқы интер­нетке орта есеппен ең көп деген­де күніне 3 сағат 45 минут қарай­ды екен.
Осының өзі бізге ой салмай ма?
Интернет деген бір жағынан – қазына, бір жағынан – құр­дым. Қазынасын пайдалан­саң, жақсы. Құрдымына түссең – құрығаның! Оның иірімі – ирек-ирек. Бір ілін­сең, жұтқын­шағына жұты­ла­сың да кетесің. Ең ақылды жапон халқы интер­нет­тің осын­дайы­нан сақтанады. Ал біз мақ­та­намыз?!. Интернет-нары­ғы­ның жағдайы туралы зерттеуге біздің ел кірмей қалған жоқ па осы?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: