Асуларды арынды ұрпақ алады

294
0
Бөлісу:

Жастар бойында бизнеске деген қабілетті тәрбиелеу керек. Бұл туралы Сенатта «Жастар жылын» өткізу аясында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың алдында тұрған міндеттерге арналған дөңгелек үстелде айтылды. Іс-шараға жоғарғы палата басшысы Қ.Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Президент жариялаған Жастар жылының ең басты мақсаты – өскелең ұрпақтың барынша сапа­лы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау.
– Өйткені жастар – мемле­ке­ті­міздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын. Қазақстан – арынды ұрпақтан кенде емес жас мемлекет. Әрбір екінші қазақстан­дық­тың жасы 30-дан төмен, азаматтарымыздың орташа жасы 34-тен аспайды, – деді Сенат төрағасы.
Оның байламынша, жастардың жігері мен отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиіс. Келешек шынайы біліммен қаруланғандар­дың қолында. Сондықтан дамыған елдер жасанды интеллект пен өзге де маңызды ғылыми зерттеулерге айтарлықтай қаражат бөліп жатыр.
– Әлемдік сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда жалпы­ұлттық және жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті, шығарма­шылық ойлау әлеуеті жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жастар аз емес. Парламентшілердің алдында тұрған міндет – осындай дарынды жастарға қажет құқық­тық жағдай жасау. Жастар жылы­ның мән-маңызы да – осында, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жаңа ғасырда әр ел алдында терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдық­қа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін қалыптастыру міндеті тұр. Қ.Тоқаев­тың пайымдауынша, ЖОО-лардағы бағдарламалардың маз­мұны жастарды дәл осы зама­науи қасиеттерге баулуы тиіс.
Жоғарғы палата басшысы ел Президенті бастамашы болған жаңа ауқымды жобалар жастар саясатындағы жүйелі өзгерістерді қамтитынын жеткізді. Олар білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, тұрғын үймен қамта­масыз етуге, жұмысқа орналасты­руға, жастар арасындағы кәсіпкер­лікті ынталандыруға, денсау­лықты нығайтуға, жас ұрпақ үшін тиімді жұмыс істейтін әлеуметтік саты­ларды іске қосуға қатысты болып отыр.
– Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аудары­лады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша, еліміздегі жастардың 40%-ға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу пробле­ма­ларын бастан өткізеді екен. Жастарымыз бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет. Қазақ­станмен салыстырғанда эконо­ми­калық жағдайы анағұрлым қиын жағдайдағы көрші мемле­кеттер жастарының қаншалықты икемді, іскер екені, шағын бизнестерін жүргізуге бейімделгені байқалады. Бұл елдерде жастар жаңа маман­дық­тарды игерген, олар туыстары мен мемлекетіне қолдау көрсету мақсатында өздігінен жұмыс тауып, шетелдерде де жұмыс істеу­де, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отырғанына қынжылыс білдірді. Әлеуметтік сауалнама қоры­тын­ды­­лары сұралған жастардың 51%-ында бизнеспен айналысу жос­пары жоқ екенін көрсетіпті.
– Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз? Жоғары және кәсіби білім беру салаларында нарық сұраныстарын бағдарға алу маңызды. Жастар кәсіпкерлігін ынталандыру «Биз­нес­тің жол картасы – 2020» бағ­­дар­ламасы бойынша грант­тар­дың көлемін екі есе ұлғайтуды көздейді. Жастар стартаптарын қолдау қоры құрылып, жастарды бизнестің негіздеріне оқыту жолға қойылады, әр өңірде саны 100 мыңға дейінгі білімді жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарла­масы дайындалатын болады, – деп мәлім етті палата төрағасы.
Ол жастарды Парламенттің және жергілікті өкілетті органдар­дың жұмысына кеңінен тарту қажет деп есептейді. Сенат аза­маттық көзқарасын белсенді білдіре алатын және оны табан­ды­лық­пен қорғайтын жаңа буын өкілдеріне қолдау көрсетпек.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп­тер­де болған, қоғамның наразы­лы­ғын тудыратын қорқыту, әлім­жет­тік, қорлық көрсету әрекет­теріне орай жастардың құқықтық және адамгершілік тәрбиесіне де тоқталды.
«Мектептерде болып жатқан зорлық-зомбылық жағдайлары барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анық­тап, мектептерді жайлаған қорқы­ныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы
тиіс!» – деп нықтады ол.
Сонымен қатар аса маңызды мәселе – жастардың дінге деген көзқарасы туралы да айтылды.
Мәселені талқылауға Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаев, бірқатар аймақ әкімдіктерінің басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатыс­ты. Дөңгелек үстел қоры­тын­ды­сы бойынша мемле­кеттік жас­тар саясатын жетілдіруге ба­ғыт­талған ұсыныстар қабыл­дан­ды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: