Арманда! Ұсын! Іске асыр!

128
0
Бөлісу:

Жас келсе, іске. Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеяны жүзеге асырушы жастарды жан-жақты қолдау, жағдайын жақсарту бағытында елімізде тың жобалар жүзеге асуда. Әсіресе, еліміз бойынша жастардың әлеуметтік жағдайы, жастар арасындағы жұмыссыздық, баспанамен қамтылуы, кәсіпкерлікке бетбұрыс, жалпы алғанда жастарды қолдау бағытында көл-көсір іс-шаралар нөпірі басталып кетті. Күні кеше елордамызда «Арманда! Ұсын! Іске асыр!» атты үздік тәжірибелердің республикалық форумы шымылдығын түрді.

Бұл – 2018 жылды қорытын­дылап, қоғамда іске асырылып жатқан жобаларды талқылайтын, жастардың қоғамдастықтарын жақ­сартуға қосқан үлестерін екшейтін шара. Жалынды жастар­дың жобаларын іске асыру шеңбе­­рінде өндірілген өнімдердің көрмесі де өтіп жатыр.
2017 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын іске асырған болатын. Жобаның негізгі мақсаты да сол – осал топтағы жастарды қоғамға бейімдеу. Нәтижелі еңбекпен қамту үшін өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту арқылы әлеуметтік пайдалы қызметке тартуға бағытталған. Үйлестіру агенттігі іске асыратын жобаның пилоттық режимі Алматы, Қара­ғанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыс­тары­ның аума­ғында іске асырыла бастады. Бүгін­ге дейін Қазақ­станның бүкіл аумағы бойынша 8 500 жас адамды қамтып отыр.
Былтыр бұл жоба Қазақ­стан­ның Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қостанай облыс­­тарында іске асырылды. Жұмыс істелген 6 ай ішінде 3 508 жас азамат әлеуметтік идеясын жүзе­ге асыра алды. Осы облыс­тар­да жоба аяқталғаннан кейін жастар 198 білім беру курсын (компьютерлік, тіл) ашып, сүт және ет өнімдерін өндіру бойын­ша 154 жобаны іске асырды. Волон­терлік бастамаларды, отан­сүй­гіштік пен отбасылық құнды­лықтарды қолдау шеңбе­рінде жастар 94 жоба қалыптастырды, 92 спорт секциясы мен фитнес клубын, 58 шығармашылық үйір­месін (би, тоқу, хэндмейд), 52 нау­байхана, кондитерлік және ірім­шік қайнататын өндіріс ор­нын, 49 тігін шеберханасын аш­ты.
Білім және ғылым министр­лігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев бұл жобаның мақсаты айқын, болашақ бағыты анық екенін тілге тиек етті. «Қаты­су­шылар жұмыстарының нәти­же­лерін міне, осы форумның ашы­луына алып келді. Бұл еңбек­терін жобаның барлық өңірінде өткен аймақтық форумда көр­сет­ті. Екі қолға бір жұмыс бар. Жас­тар­дың осындай жігерлі, намыс­ты, іскер болып, елге қызмет еткеніне қуаныштымыз. Олардың барлық жобасын қолдауға әзір­міз» деді ол форумның ашы­луын­да.
Үздік жобалар көрмесінде қаты­сушылар өздері өндірген өнім: сүт және ауылшаруа­шы­лығы өнімдерінің, тоқыма және қолөнер бұйымдарының көрсеті­лімін ұсынды. Кей жастар жоба барысында үйренген жаңа кәсіп түрлерінен шеберлік сағатын өткізді. Олардың тәжірибесімен танысып, үйренемін деген жастар да қызығушылық танытып отыр. «Қазір бірлестікте 35 адам жұмыс істейді. Жартысы – бірінші топтағы мүгедектер. Өңірдегі ең ірі ұйым ретінде әлеу­меттік көмек көрсетеміз. 100 млн теңгеден астам қаржыға мемле­кеттік тап­сырыс орын­дай­мыз. Жоспарымыз көп. Мүге­дектерге арналған инфра­құры­лымы бар қалашық салғым келе­ді» дейді сал ау­руларына шалдық­қан аза­мат­тарды қорғау қоғамдық бір­лестігінің төрайымы Құралай Бәй­менова.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: