САЙЛАУ КОМИССИЯЛАРЫ ЖАҢАРДЫ

124
0
Бөлісу:

Былтыр 254 ауыл әкімі өз еркімен жұмыстан кеткен, өкілетті мерзімі аяқталғаны бар, басқа қызметке ауыс­қаны бар, ұзын саны 570  әкімнің орны босаған еді.  Міне, сол бос орындарға  жаңа әкімдер жайғасты, сай­лау жолымен.  Ауыл әкімдерінің сайлауын ұйымдас­тыр­ған аумақтық сайлау комиссияларының бесжылдық мерзімі аяқталып, бұл құрылым да жаңарды һәм жасар­ды. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) кешегі кеңейтілген отырысында айтылды.  

2005 жылдан бері ақпанның бірінші бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде аталып өтеді. Бұл дата азаматтардың сайлау құқын қамтамасыз ету үшін бекі­тілген. Дүниежүзілік сайлау күні­не тұспа-тұс келген жиында ОСК 2018 жылды қорытып, алдағы жұмыс жоспарын таныстырды.
– Өткен жылы комиссия ауыл әкімдерін сайлау науқандарын жіті бақылады. Жалпы, өткен жылы аумақтық комиссиялар 570 әкімнің сайлауын ұйымдастырды. Былтыр барлығы 2 429 сайланбалы әкім болды. Демек, солардың төрт­тен біріне (23 пайызы) жуығы қайта сайланды. Әкімдердің өкі­лет­тіліктерін тапсырудың негізгі себептері – өз өтінішімен жұмыс­тан кету (254 адам), басқа қыз­мет­ке тағайындау (137 адам), өкі­лет­ті­гінің аяқталуы (98 адам) және басқа да себептері болды, – деді комиссия төрағасының орынба­сары Константин Петров.
Оның айтуынша, былтыр сай­лау заңнамасы жетілдіріліп, нәти­жесінде мәслиxаттардың про­порционал сайлау жүйесі енгі­зіл­ді. Енді саяси партиялар­дың аймақтағы рөлі күшейеді. Ал сай­лаушылардың тізімдері мен мәліметтерін жеке тұлғалар тура­лы мемлекеттік деректер қоры­ның негізінде қалыптастыру қол­ға алынады.
– Бұл сайлаушылар тізімін кеңей­туге, Президентті, Парла­мент Мәжілісі мен мәслиxат депутаттарын сайлау бойынша азаматтардың конституциялық құқын кедергісіз іске асыруына мүмкіндік береді. Сайлауалды пікірталастарды өткізу құқығы аумақтық сайлау комиссияларына берілді. Яғни, бұдан былай мәс­ли­xат депутаттығына үміткерлер жергілікті деңгейде сайлауалды тұғырнамасы бойынша пікір­сайыс өткізе алады. Сайлау ко­мис­сиялары құрамының жарты­сы­нан көбі бір ұйымның қызмет­кер­лерінен тұрмайтындай талап енгізілді. Комиссия құрамына жақын туыстардың кіруіне де шектеу қойылды, – деді ол.
«Қазақстан Республикасын­да­ғы сайлау туралы» конституция­лық заңға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу кезінде Орталық сайлау комиссиясы 14 заң актісін әзірлеген, оның 13-і Үкімет қау­лы­­сымен, біреуі Президент Жар­лығымен бекітілді. Сонымен бірге ОСК қызметінде әкімшілік рәсімдерді одан әрі жетілдіру, заңға енгізілген өзгерістер және толықтырулармен келісу мақса­ты­нда ОСК Регламентінің жаңа редакциясы әзірленді.
Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы Берік Имашевтің пікірінше, 2018 жыл ОСК үшін жемісті болды.
– Қазақстанның қазіргі сайлау жүйесі мен Орталық сайлау ко­мис­сиясының 25 жылдығына орай табысты іс-шаралар өткізіл­ді. Бұл халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердегі әріптестері­міз­дің оң пікірін қалыптастырды. Аймақтармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс күшейтіліп, мүгедектердің сайлау құқын қамтамасыз ететін нор­ма­лар анықталды. Қашықтан оқыту және тестілеу бағдарламасы әзір­лен­ді, сондай-ақ барлық деңгей­дегі сайлау комиссиясының мү­ше­­­лерін оқытуға арналған оқу-әдіс­темелік кешендер мен халық­ара­лық ынтымақтастық бағы­тын­да жұмыс кеңейтілді, – деді ОСК төрағасы.
ОСК-ның Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дәурен Ысқақов 2019 жылдың бірінші тоқсанында бес жылдық өкі­леттік мерзімінің аяқталуына бай­ланысты мәслихаттардың бар­лық деңгейінде осы жылдың 8-15 қаң­тарында сайлау комис­сия­лары жасақталғанын атап өтті. Барлығы 10 202 сайлау комис­сия­сы құрыл­ды: 232 аумақтық және 9 970 сайлау учаскесі. 2014 жыл­мен салыс­тырғанда сайлау комис­сия­­л­арының саны 3105-ге азай­ған.
Жалпы, сайлау комиссия­лары­ның құрамы 40,5 пайызға жаңар­ды. Комиссиялардың сайланған мүшелерінің 70 пайыздан астамы­ның сайлау учаскесінде жұмыс тәжірибесі бар. 66,4 пайызы – жоға­ры білім иесі. Комиссия мүшелерінің орта жасы 43,8 жас болып қалды. Сонымен бірге, аумақтық комиссия мүшелерінің жасы 65-тен асқандар саны 25,7-ден 14,3 пайызға азайды.
Сондай-ақ бұл жиында 2019 жылғы 24 ақпанда өтетін Молдова республикасы парла­менті депу­тат­­тарының сайлауын бақылауға жіберілетін бақы­лау­шылар тізімі бекітілді. Ол тізімде ТМД миссия­ла­рының, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ құра­мын­да және Молдовадағы Орта­лық сайлау комиссиясының ша­қы­­руымен баратын 9 бақы­лаушы бар. Ал Парламентаралық Ассам­блея­дан Қазақстан Парламентінің 4 өкілі ТМД-ға қатысушы мемле­кет­тердің делегациясы құра­мын­да, 1 өкіл – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясы делегациясы құра­мын­да бақылаушы болады.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу: