Даладағы диверсанттар

984
0
Бөлісу:

Байғанин аудандық әкімдігінде отырмыз. Мұнда келген мақсатымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы тақырыптарға қатысты мәселелер еді. Атап айтар болсақ, осы өңірде Ақтолағай борлы тау сілемдері мен Күлдірдің тақыры атты жерлер бар. Міне, құпиясы мол, тылсым сырға толы сол нүктелер күні бүгінге дейін баспасөз беттерінде көп жазылмай, жөнді сөз болмай келеді. Ойымыз: «Соларды көзбен көріп, аталған жұмбақ жерлер туралы ел арасындағы мәлімет-деректерге ден қойсақ», – деген ниет-тін. 

– Бұл қадамдарыңызды қуат­тап, қолдаймыз, – деді жолсапары­мызд­ың жайынан хабардар болған аудан әкімі Асқар Шериязданов.
Бұл араға енді жолдарыңыз қайта түсе ме, түспей ме, білмей­мін. Сондықтан осы өңірдегі 1944 жылғы көктемде неміс дивер­сант­тары түскен жерге барып, оны көре кетсеңіздер дұрыс болар еді.
– Мынау қызық екен. Ол қай жақта?
– Оны сіздерге жолбасшы болатын мына Лұқпан ағамыз айтады. Осы өңірдің тумасы, көп жылдардан бері аудандық газеттің бас редакторы болып істейтін бұл кісінің Жем, Сағыз бойына байла­нысты білмейтіні жоқ. Сондық­тан…
Аудан әкімінің: «Ендігі әңгі­менің бәрі жолда айтылады», – деген ойын іштей сезген біз мұнда көп аялдамай, тездетіп сыртқа шықтық. Асқар айтса айтқандай, серігіміз Лұқпан Қадырұлы ақжар­қын әрі әңгімешіл адам екен. Көлікке мініп, 150 шақырымдай жердегі Миялы ауылдық округіне қарай бет алған соң, ол кісі осыдан 74 жыл бұрынғы оқиғадан хаба­рым­ның бар-жоғын сұрады. Оған бұл тақырыптың өткен ғасыр­дың ортасынан бері мерзім­дік баспасөз беттерінде ара-тұра көрініс тауып келе жатқанын айттым. Сөйттім де, сөзіме дәлел ретінде есімде қалған жазушы Берқайыр Аман­шин мен мемле­кеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері Серік Шәкібаевтың және атыраулық журналист Өтепберген Әлім­гереевтің деректі шығарма­ларын келтірдім. Әңгіме бары­сында бұл туындыларда оқиғаның бұрынғы Гурьев облысы­ның оңтүстік шығысында болған деп баян­далатынын да жасырға­ным жоқ. Мұны асықпай тыңдаған Лұқпан Қадырұлы өз кезегінде аталмыш мәселеге байланысты жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ер­мекбаевтың да деректі дүние жазғанын, «Шепсіз майдан» деп аталатын ол хикаятта біраз тың деректер мен фактілердің бар екенін қаперіме салды. Содан соң диверсанттар екі облыс шекара­сындағы елсіз аймаққа түсіріл­генін, олар бүлдіру әрекеттерін Байғанин ауданының Сарықасқа, Ұялы, Қаражар, Аққұмсағыз,
№3 мұнай айдау стансасы және Алатау төңірегінде өрбітуге тырыс­қа­нын баяндады.
– Оған дәлел, айғақ бар ма? – дедім осы араға келгенде жолбас­шымнан әңгімені бір нақтылап алмақ болып.
Бұған Лұқпан Қадырұлы қарулы топтың қолына түскен жергілікті ферма меңгерушісінің тағдырын мысал етіп, жауап берді. Шақырылмаған қонақтардың: «Бізге жол көрсетіп отырасың. Суы бар, тасасы мол, қауіпсіз жерлермен алып жүресің» деген талабына әлгі кісі іштей қарсылық білдірмек болады. Сөйтіп айтылған тапсырмаға кері әрекет жасаумен жауап бергеніне ызаланған дивер­санттар айдалада атып кетеді. Сапарымыздың барысында сол жерді барып көрмекші екенбіз.
…Миялыға түнделетіп жеттік. Таңертең ауыл әкімі Исатай Мәнібаевтың бастауымен тағы да жолға шығуға тура келді. Оның айтуынша Атыраудың Жылой, Ақтөбенің Байғанин аудандары шектескен осы жердегі 1944 жылғы жау десанты түскен өңір енді онша алыс емес. Бұл Жем өзенінің бойын­дағы аймақ екен. Бұйрат-бұйрат құм төбелер мен аппақ борлы қыраттарды артқа тастап, жыңғылды жарқабаққа жақын­дағанымызда, алдымыздан кеңес заманындағы қой қораның орны көрінді. Ол бір кездегі атақты шопан, ерен еңбегі арқасында Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты атанған Қош­қарбай Жартыбаевтың жұрты десті көлік ішіндегілер. Сол жерді артқа тастап барып биік беткейден түсе бергенімізде… Иә, сонда… Жалғыз зират тұр. Қалың қараған аралас сайдағы зиратқа бірте-бірте жа­қындай да бастадық. Сол мезетте шағын тақта көзге шалынды. Онда: «Байжан Атағозиев. 1894 – 1944 ж.ж.» деген жазу бар екен.
– Диверсанттар қолынан қаза тапқан кісі – осы, – деді Лұқпан Қадырұлы бейітке тізе бүгіп, құран оқыған соң. –Бала кезімізде басында ағаш белгі тұратын. Кейін мұнда жаздағы аптаптан жер өрте­ніп, жартысын от жал­мап кетіпті. Қоршаудағы сүйеулі тұр­ған тақ-
тай – соның жұрнағы. 1989 жылы, Жылойдан ұрпақтары келіп, марқұмға ұлу­тастан жаңа ескерт­кіш тұрғызыпты деп естіген­біз.
Ол – осы.
– Оқиға қалай болған?


Жолбасшымыз бұл сауалға өлкетанушы Ибраһим Ермекбаев­тың зерттеу еңбегіне сүйеніп жауап беретінін айтты. Ондағы дерек­терге қарағанда Вермахтың шетел­дік Шығыс армиясы жөніндегі бөлімі кеңес-герман майданында қолға түскен тұтқындарды азғы­рып, олардан КСРО-ның Закав­казье мен Орта Азия республи­каларына аттандыратын шпион­дық-диверсиялық топтар жасақтай бастайды. Мақсат аталған аймақ­тардың тылындағы стратегиялық маңызы бар темір жол, мұнай құбыры мен азық-түлік қоймасы сияқты нысандарды жарып, істен шығару, ел арасына іріткі салып, көтеріліске үндеу жұмыстарын жүргізу еді. Тұтқындағы мұсылман республикалары ұлттарының өкілдерінен іріктеп алынған осын­дай десант 1942 жылдың қүзінде Әзірбайжанға, 1943 жылдың жазында Түркіменстанға түсіріліп, 1944 жылдың көктемінде шақы­рыл­маған қонақтар немістер­дің алыс қашықтыққа ұшатын 4 мотор­лы әуе кемесі бортынан Қазақстанға да тасталады.
Мұны Астрахандағы аэронави­гациялық бақылау қызметі жіберген радиограмма арқылы білген біздің өңірлік қауіпсіздік органының құрылымдары шұғыл іске кіріседі. Соның ең бастысы диверсанттар түсуі мүмкін-ау деген Гурьев пен Ақтөбе облысы шека­ра­сындағы Жылой, Байғанин аудан­дарының аумағына опера­тивті топтың жіберілуі еді. Олардың міндеті батыс, солтүстік және шығыстан бір-бірлеріне қарай шеңбер құрай отырып, Сарықасқа, Ұялы, Киров, Алатау, №3 мұнай айдау стансасы маңайын сүзіп шығу-тын. Сол кезде жергі­лікті елдімекеннен жіберілген шабарманнан: «Иен далада белгісіз біреулердің жүргенін көрдік», – деген хабар жетеді.
…Байғанин ауданындағы Киров колхозынан Ұялы ауылына бата оқуға бара жатқан 4 қарияның бейтаныс жандармен жолығып қалғаны рас еді. «Ақтөбе жақтан келеміз. Әскерден қашқандарды іздеп жүргенімізде, көлігіміз құмға батып, жаяулап қалған жайымыз бар. Төңіректе құдық не ауыл бар ма?» дейді капитан шеніндегі түсі суық, қою қара шашты қазақ. Ақсақалдардың үлкені Берденбай Жолжанов оған құдықтың алыс­тығын, жақын маңайда Жем өзе­нінің барын айтып, қош-сау айты­сады. Қарттар Ұялыға жетісімен көңілдеріндегі күмән-күдіктерін ауылдық кеңес төрағасы Есен Құдайбергеновке айтады. Ол кісі өз кезегінде аудандық НКВД-ға хабаршы жіберіп, шабарман қолына ұстатқан хатында ел шетін­де қарулы топтың пайда болғанын баяндайды.
Диверсанттар бұл кезде Киров колхозының Байжан Атағозиев басқаратын мал фермасына келген еді. Үстерінде қызыл әскер форма­сы бар оншақты адамның ойда жоқта ауылға сау ете түсуі мұнда­ғыларды үрейлендірмей қоймайды. Әсіресе дікілдеп, әркімге бір шүйліккен қарасұр капитанның екпіні ерекше еді. Ол осыдан бір күн бұрынғы жол үстінде кездескен шалдарға айтқан сөзін бұларға да қайталап, азық-түліктерінің таусылғанын, сондықтан қой сатып алмақшы болып осында бұрылғандарын тілге тиек етеді. «Мұндағы малдың бәрі колхоздікі. Өкіметтікі. Сондықтан ешкімге ештеңе бере де, сата да алмаймыз» деген үн естіледі осы кезде ошарылып тұрған жұрт арасынан. Бұл жасы жер ортасына келген ел ағасы Байжан Атағозиевтің даусы еді. Мұны естіп, оның қасына жетіп барған қарулы топ басшысы оған қатты-қатты сөздер айтып, тепсіне бастайды. Кезінде, яғни 20 жылдары Оралдан қашқан ақгвар­дияшылармен шайқасып, ЧОН отрядында болған, кейін соғысқа қатысып, жараланып қайт­қан ферма меңгерушісі одан ықсын ба, үсті-үстіне қойылған сұрақтарға дәлелді сөздермен жауап беріп, бұлардың бұйрық­тарынан бас тартады. Бұған кек­тен­ген капи­тан кешкі жайы­лым­нан қайт­қан отардан бір семіз тұсақты ұстатып алады да: «Бізге жол көрсетесің» деп, Байжан Ата­ғо­зиевті, оның мініп жүрген атын өз­дерімен бірге күштеп алып кете­ді.
Осы уақытта диверсанттар түс­кен аумақты солтүстік, шығыс және батыс жақтан шеңбер құра қаусырып келе жатқан үш отряд­тың бірі Киров колхозына жа­қындап қалған болатын. Бұл Жылой жақтан Ақтөбенің Байға­нин ауданы шетіне жеткен Гурьев облыстық НКВД бастығының орынбасары Шармайдың жасағы еді. Олар диверсанттар дүрліктіріп кеткен фермаға келіп, мән-жайды сұрап жатқанда, төбе басындағы қарауыл ауылға әскери киімді екі адамның беттеп келе жатқанын айтады. Жасақ оларды қоршауға алуға әрекет жасай бергенде: «Атпаң­дар! Біз өз еркімізбен берілуге келе жатқан диверсиялық топтың адамдарымыз. Тұтқындағы тозақтан құтылу үшін осы жолды таңдап, елге жетсек деп едік. Ол арманымыз орындалды. Енді не істесеңдер де өздерің біліңдер» – дейді винтовкасын жерге тастаған қызыл әскер киіміндегі орта бойлы қазақ жігіті көңілі босап. Мына сөзді естіген Шармай олардың өзі­не жақындауын талап етіп, әлгі екеуден: «Мұнда қайдан, қалай келдіңдер?» деп жауап ала бастай­ды.
– Бухарестен. Сондағы Бенази аэродромынан ұшқанбыз, – дейді ұзын бойлы ересек тұтқын.
– Аты-жөндерің…
– Менің фамилиям – Бастау­баев. Ал мына жігіт – Қалиев.
– Келгендеріңе қанша күн болды?
– Бір жетіден асып барады.
– Қанша адамсыңдар?
– 15 едік. Бір жігітіміз ұшты-күйлі жоғалып кетті. Қазіргі қалғанымыз – 14.
– Басшыларың кім?
– Обер-лейтенант Әлихан Ағаев.
Осылай деген қос міскін 1941 жылдың күзінде өздері қызмет ететін әскери бөліммен қоршауда қалғандарын, тұтқынға алынған олардың ішіндегі Орта Азиядан шыққандарды немістер 1942 жыл­дан бастап шпиондық барлау мектебінде оқытқандарын баян­дайды. Әңгіме арасында диверсия­лық топқа тартылған бұлардың бәрі сатқын емесін, көбінің елге жетсек, арғы жағын барған соң көре жатармыз деп фашистер үшін бір бармағын ішке бүккен жандар екенін айтуды да ұмытпайды. Тұтқындардың одан кейінгі сөз еткені өздерімен парашют арқылы түсірілген мол қару-жарақ жағдайы болды. Ол Сарықасқа маңындағы тоғайға жасырылған екен. Мына мәлімет­ке сенер-сенбесін білмеген Шар­май ойланып отырды да: «Ол жерді өзіміздің адамдар арасынан кім біледі?» – деді төңірегіне барлай қарап. Сол сәтте жиналған топ арасынан бір кісі қол көтеріп, алға шықты. Бұл отрядқа көрші ауыл­дан қосылған ферма меңгеру­шісі Байшыған ақсақал еді.
– Мыналардың айтқан жерін таба аласыз ғой.
– Иә.
– Олай болса бастаңыз. Кеттік сол жаққа. Осылай деген оперативті топ жетекшісі тұтқындарды бір мили­цио­нермен ауылда қалдырып, өзде­рі Сарықасқаға жөнеп берді. Ойы – қару-жарақ жасырылған зират маңына тез жету. «Диверсант­тар сонда, сол жаққа қарай кетті, – деді ішінен күбірлеп. – Басқа жерге бет алуы мүмкін емес. Өйтке­ні жарылғыш заттар мен ра­ция, бәрі-бәрі сол төңірекке көміл­ген ғой».
Ол осындай оймен арпалысып келе жатқанда шолғыншылар қарулы топтың фермадан 10 шақы­рым­дай ұзаған соң аялдап, қайта­дан жүріп кеткенін жеткізді. Рас екен. Отряд мүшелері әлгі жерге келгенде, сойылған қойдың қан-жыны мен қарайған от орнын және әр жерде жатқан темекі тұқыл­ын көрді.
…Ал бұл уақытта диверсанттар Жем өзенін бойлап, Қаражар қырқасына иек артқан еді. Қарулы топ басшысы Әлихан Ағаевта маза жоқ. Себебі, мұнда келгендеріне он күннен асса да батыстағы қо­жайын­дарының берген тап­сырма­ларының әлі бірде бірін орындай алмады. Вермахт зонденфюрерінің құлағына құйып айтқаны: соғыс­тан қашып-пысқандар болса, солардың басын біріктіріп, өзде­ріне қосып алу, жүрген жер­лерінде Берлин баспаханасынан қазақша шыққан үндеулерді тарату, көзге шалынған мұнай ұңғымаларын жарып, істен шығару-тын. Бірақ бұл жерде әскерге барудан бойта­салап жүрген ешкім көрінбейді. Содан кейін мұндағы ел-жұрт дейтінің кілең кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға екен. Өкіметке қарсы айтқан сөзіңе түсінбейді. Үндеуге құлақ түріп, не бұрылып та қарамайды. Олардың жаратқан иеден жалбарынып тілейтіні: «Соғыс тез бітіп, майдандағы ер-азаматтарымыз аман-есен оралса» деген бір-ақ сөз.
Қарулы топ басшысының қанын қарайтқаны осындай үйлесімсіздіктер еді. Оған қоса ішінен жік шығып, әуеден түскен түні біреуінің, жеті күннен соң екеуінің қашып кеткенін көрмей­сің бе? …Осының бәрі жөнді сөй­лес­пей, сұраған нәрсеге қыр­сы­ғып жауап бермей келе жатқан ферма меңгерушісінің әрекеті ме деп ойлаған ол оған дүрсе қоя беріп еді, Байжекең одан ықпады. Бір-біріне қатты сөз айтудың ақыры қол жұмсаған төбелеске ұласты. Сол кезде өзін ұстай алмаған Ағаев арыстай ел ағасын тапаншамен тарс еткізіп атты да тастады. «Бас­қасы басқа, ал мынау нағыз сұм­дық» деп ойлады оны көріп тұрған төңірегін­дегілер. Сөйтті де сол түні қатыгез капитанның қарамағынан тағы екі адам тайып тұрды. Олар кейін №3 мұнай айдау стансасын күзетіп тұрған Пахоменоның жа­са­ғына арып-ашып келіп беріл­ген осы өңірдің тумасы Ора­зов пен Батыс Қазақстандағы Чапаев ауданының қазағы Мұқатаев еді.
Қаражардағы қайғылы оқиға­дан бес күн өткен соң диверсант­тарды қуып жеткен Шармай отряды оларды алыстан орағытып, жан-жақтарынан қоршай бастады. Мезгіл түске таяп қалған кез-тін. Бұлтсыз аспандағы ашық күн сәулесінен төңіректің бәрі алақандағыдай анық көрініп тұр. Екі орта жазық дала. Онда қарайған қылпық жоқ. Айтақыр. Мұндай жағдайда қылт еткеннің бәрі қарауылға ілініп, оққа байланары анық. Осыны асықпай байқап, бағамдаған отряд командирі алғашқы алма-кезек атыстан соң айқастың ажалдан басқа ештеңеге қол жеткізбейтінін сезді. Өйткені жер жағдайының қолайсызды­ғымен қатар қарсыластарының неміс барлау мектебінен өткенін, сондықтан неше түрлі тәсілді меңгерген машық иелері екенін ескермеуге болмайтын-ды. Осы себепті ол Байшыған ақсақалды шақырып алды да, жеке әңгімеден соң диверсанттарға арағайындыққа жіберді. Қолында ешқандай қаруы жоқ егде адамның құмды төбеден түсіп келе жатқанын көрген Ағаев тобы оған оқ атпады. Өздерінің шебіне өткізіп алғаннан кейін не мақсатпен келгенін жамырап сұрай бастады. Қарияның оларға айтқан сөзі өте қысқа болды. Әңгіменің тоқетері: бұлар бүгін-ертең болмаса да бүрсүгіннен әрі қарай толық қоршауда қалады. Оның дәлелі Жылой жақтан аудандық ішкі істер бөлімінің жауапты қызметкері Декеевтің, Байғанин бағытынан осы өңір милициясының бастығы Саржа­лин­нің, ал Оралдан бергі №3 мұнай айдау стансасынан Пахо­менконың әскерилендірілген күзет бөлімі беттеп келе жатқан­дығы. Өздерімен бетпе-бет келіп тұрған мына жасақ болса, бұл Гурьевтен арнайы жіберілген Шармайдың отряды. Сондықтан қарсыласып, қан төгудің қажеті жоқ. Ымыраға келіп, берілуі керек:
– Оттапсың! – деді мына сөзді естігенде Ағаев. – Бізді қорқытып, іріткі салу үшін әдейі айтып тұрсың ғой мұны.
Осылай деген ол Байшыған ақсақалды кері жібермей, тұтқын­дауға бұйрық берді. Сөйтті де көз алдау үшін серіктерімен бірге өздерін жасырып тұрған құба бел­дің әр жеріне қолдарына іліккен қаңбақ, қурайларды тас пен топы­рақ кесектеріне бастыра қарайтуға кірісті. Содан соң өзектегі қураған ағаш түбірлеріне от қойды да соны қалқа етіп, жол карталарында көрсетілген Алатау борлы үстіртіне қарай тартып отырды. Қарулы топ жетекшісінің мұндағы ойы аталған аймақтағы жықпыл-жықпыл сай сілемдеріне жасырынып жүріп, тәулігіне 1500 тонна мұнай жіберіп тұрған Гурьев-Орск құбыры тармақ­тарының бірін жару.
Бұл кезде Шармайдың отряды мұның бәрінен қамсыз-тын. «Іздеген жауымызды індете отырып таптық» деген олар күні бойы қарсы беттегі келіссөзге жіберілген қариядан хабар күтті. Одан кеш түсе құм төбелердің басындағы қара-құра мен аспанға бозамықтана көтерілген түтінді көріп, диверсанттардың ешқайда кетпегендеріне көңілдерін бек сендірді. Сөйтіп тәулік бойы тырс еткен дыбыс естімеген соң, таңер­тең қарсыластары жатқан жақты байқап қарағанда, алдан­ған­дарын бір-ақ білді. Осы уақытта оларға астындағы атын ақкөбік терге малшындырып, №3 мұнай айдау стансасындағы әскери күзет бөлімінің бастығы Пахоменкодан хабаршы жетпесі бар ма?! Шабар­ман­ның сөзіне қарағанда Байжан Атағозиевтың аянышты өлімінен кейін Ағаевтың әпербақандығынан шошып, жергілікті тәртіп қорғау мекемесіне өздері барып берілген соңғы екі қашқын НКВД өкіл­де­ріне диверсанттардың Сары­қасқадағы қару-жарақ қоймасын тауып беріпті. Бұл – шақырылмаған қонақтардың террорлық әрекеттер жасауға енді еш мүмкіндігі жоқ деген сөз. Соңғы жаңалық, таң ата Ағаевтың қарамағынан тағы бес жігіт қашып кетіп, Құлақши ауылындағы милиция бөлімшесіне барып беріліпті. Бұдан: «Оның қасында ең көп дегенде төрт-бес адам ғана қалды», – деген қоры­тынды жасауға болады. Осыны айтқан шабарман бастығының бұларға диверсанттар ізінен қалма­уын өтініпті.
…Арада тағы үш күн өтті. Бұл 20 мамырдың таңы еді. Дивер­санттардың Гурьев пен Ақтөбе облыстары шекарасындағы елсіз аймаққа түскендеріне 17 күн болған. Содан бері оларды қос өкпеден қысқан құрсау барынша тарылып, шегіне әбден жеткен еді. Соны білген өңірлік НКВД басшылары шешуші шайқас алдында кездейсоқ жағдай туын­дап қалмас үшін аталмыш аймақты әуеден барлап көруді ұйғарды. Осы мақсатпен Орскідегі Н. әскери бөлімінен шақыртылған инелік тәрізді У-2 шағын ұшағы шолғын­шылар нұсқаған алапты шарлап келіп, Құлақши маңын­дағы сайда бір ат пен түйенің тұрғанын, бірақ олардың төңіре­гі­нен ештеңе байқалмағанын айтты. «Бұлар Байжан Атағо­зиев­тің фермасынан тартып әкетілген малдар ғой, – деді Шармай. – Диверсанттардың көрінбегені әуедегі мотор үнін естіп, жасыры­нып үлгерген-ау шама­сы. Кеттік сол жаққа».
Бұл жерге жан-жақтан андыздай жеткен жасақ қарсы алдарынан тарс ете түскен мылтық даусынан жер бауырлауға мәжбүр болды. Осылай біраз жатқан опе­ра­тивті топ мүшелері №3 мұнай айдау стансасынан келіп қосылған УНКВД өкілі Лопаткоға қарады. Шақырылмаған қонақтар­ға қарсыласудың тиімсіз екенін рупормен айта бастағанда, оқ қайта­дан атылды. Бұл дивер­сант­тардың өліспей беріспеуді білдір­ген белгісі еді. Осыны сезген отряд адамдары да алмакезек атысқа көшті. Бір кезде алдыңғы қатарда­ғы жас жауынгер беліндегі граната­сын төбенің арғы жағына құлаштап тұрып лақтырмасы бар ма?! Өкі­ніш­ке қарай ол жарылмады. Өзде­ріне қарай қайта ұшып келе жатқа­нын көрген жұрттың зәресі зәр түбіне жетті. Сөйтсе тәжіри­бе­сіз жігіт қарсы жаққа гранатаның шы­ғыршығын ағытпай лақты­рыпты. Осыны білген диверсанттардың бірі оны жедел іске қосып, кері жөнелткен ғой. Бірақ жасақ үсті­нен асып барып қалың қау, қор­далы мияның астаң-кестеңін шы­­ғарған ол ешкімге залал келтір­м­еді.
Осыдан кейін оперативті топ тарапынан бұрын-соңды болмаған оқ нөсері борап берсін. Бұл Жылой жақтан Декеевтің, Байға­нин бағы­тынан Саржалин­нің, № 3 мұнай айдау стансасынан Пахо­мен­ко мен десант түсірілгелі бері тынбай ізге түсіп келе жатқан Шармайдың жігіт­тері еді. Бәрі осы жерде түйіс­кен олардың қорғасын бораны алдарындағы сұлап жатқан құба белдің борлы жарқабақтарын шұрқ-шұрқ тесіп, ақ селеулі құм төбешіктерді жүндей түтті деуге болады. Алға дүрбімен көз салған Лопаткоға шабуыл шебі анық көрініп тұр. Міне, оқ нөсерін бір төгіп, бір тоқтатып еңбектеген оперативті топ мүшелері етекке жетті. Одан әрі беткейге тырмыса өрлеп барады. Ал диверсанттарда дыбыс та, қимыл да жоқ. Төбе басына басқалардан бұрынырақ жеткен екі-үш милиционер әлде­нені көріп аң-таң кейіпте тұрып қалды да басшыларға қол бұлғады. «Бері келіңдер!» – деп тұрғандай. Қырға жүгіре басып жеткен олар да өз көздеріне өздері сенбеді. Құба бел диверсанттарға пана бола алмап­ты. Қабақтағы жұмсақ бор­лы топырақ пен төбешіктегі жұқа құмды тесіп өткен оқ жаңбы­ры олардың жанын жаһаннамға жібе­р­іпті. Оқиға болған жерді қау­малай қоршап, үнсіз тұрған­дар­ға шақы­рыл­маған қонақтардың бірі шалқа­лай құлап, екіншісі етбе­тінен түсіп, үшіншісі ішін басқан, ал қалған екеуінің жараланғаннан кейін сүйретіліп барып, жырада жан тапсырған жатыстары адам шошырлық еді.
– Байшыған қайда? Байшыған ақсақал…– деді осы кезде Шармай. – Ол жоқ қой мұнда.
Бұған Лопатко: «Қайдан білейін?..» дегендей, иығын қиқаң еткізді. Оның есіл-дерті басқада, қасындағы бейтаныс жігіттің айтқан сөзінде еді. Ол бұрынырақта осы диверсанттар тобынан қашып кетіп, жергілікті билік орындарына берілген, сөйтіп Сарықасқадағы жасырылған қару-жарақтың қайда екенін тауып берген тұтқын еді. Лопатконың қазіргі ойы осы адам арқылы мына бесеудің кім екенін анықтап, соған көз жеткізу-тін. Куәгер қиналған жоқ. Дивер­санттардың басшысы Ағаев, оның орынбасары Бисеналиев, адьютант Дінішев пен радист Зәкіров және пулеметші Баташев екенін атап берді.
* * *
– Біздің білетініміз міне, осы, – деді Лұқпан Қадырұлы дивер­сант­тар туралы жоғарыдағы айтыл­ған ұзақ әңгімеден кейінгі тыныштықты бұзып. – Осы тақырыпқа байланысты басқа сауалдар туындаса, оны Ибраһим Ермекбаевтан сұрауыңызға бола­ды. О баста-ақ айттым ғой, ол кісі бәрін біледі.
…Миялыдан қайтып, аудан орталығы Қарауылкелдіге келген соң жолбасшым ескерткен өлке­тану­шыны іздедім. Өкінішке қарай, ол кісі мұнда жоқ болып шықты. Күзде аталып өтілетін Байға­нин ауданының 90 жылды­ғына байланысты шығарылатын энциклопедияға материал жинау үшін ауылдарға кетіпті. Ақтөбеге жетіп, қоңырау шалдым. Іс-сапар­дан әлі оралмапты. Сөйлесудің сәті тек Астанаға келген соң ғана түсті. Ауызекі амандық-саулықтан соң мен Ибраһим ағамызға нақты-нақты үш сұрақ қойдым. Оның алғашқысы диверсанттарға мәмі­ле­герлікке барып, кепілдікке алын­ған Байшыған ақсақалдың тағдыры еді.
– Қарулы топ қолына түскен соң, – деді ол кісі, – қарт ерекше бақылауға алынады. Ағаевтың қариядан қауіптенгені ол төңіре­гін­дегі жігіттерді азғырып, көңіл-күйлерін бұза ма деген ой еді. Бұған қоса диверсанттар далада адасып, жол таба алмаған жағдайда, ондай қиындықтан құт­қа­ратын осы адам деген де мақ­сат бар-тын. Сол себепті шақырыл­маған қонақтар тұтқын түнде қашып кетпес үшін оны киіз теке­метке орап, бастарына көлде­неңі­нен жастанып ұйықтап жүреді. Ал шайқас болған күннің соңғы сәтінде… Иә, сол аласапыранда пулеметшісінен айырылған Ағаев атыс шебіне екі адамын қалдырады. Сөйтеді де, көмекшісі екеуі терең жыраны бойлап басқа бағытқа бет алады. Мұны көрген Байшыған ақсақал етектегі тұсаулы атқа ұмтылады. Қарияның бұл әрекетін байқап қалған диверсанттардың бірі: «Сен қайда барасың?» – деп айғай салғанда: «Ағаевқа ат апарып беремін. Ат…» – дейді дауыстап. Мұны естіген обер-лейтенант: «Е, сөйт шал… Біз сені ана мүйістен күтеміз. Тез жет, жарай ма?» – деп мұ­ны қостайды. Сол екі арада өзек­ке жетіп үлгерген қария Бай­жан Атағозиевтің фермасынан тар­тып әкеткен торы айғырдың тұ­сауын алады да, сырт көз үшін оған мін­бей, бұрылысқа дейін жетелеп апа­рады. Содан соң: «Бісміллә!» – деп ерге қонып, №3 мұнай айдау стан­сасына тартып отырады.
– Диверсанттардың Сарықасқа маңындағы тоғайға тыққан қару-жарақтары туралы айтсаңыз, – дедім осы арада Ибраһим ағамыз­дан екінші сұрағыма жауап алмақ болып. – Бұл жөнінде не білесіз?
– Оған бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті архивіндегі құжаттармен жауап беруге болады, – деді әңгіме иесі. – Сонда бір тізім бар. Ол – 1944 жылғы мамыр­да толтырылған комиссия мүше­лерінің хаттамасы. Осы қағазда Сарықасқадан мынадай қару-жарақтар мен заттардың табыл­ғаны жазылған. Олар: 2 жеңіл пулемет, 1 жәшік пулемет бөлшек­тері, 8 автомат, 9 винтовка, 10 пистолет, 20000 әртүрлі патрон оқтары, 25 гранат, 50 кило жарыл­ғыш заттар, 2 жәшік диверсиялық саймандар, 140 жанғыш бөтелкелі шиша, 2 ракетница, 3 радиос­танция, қазақ тілінде басылған 3000 антикеңестік үндеу парақ­шалар, 1 баспахана станогы, 20 кило қазақша шрифт, 12 түрлі таза құжат үлгілері, 130 жаңа бланк қағаздары, 136 каучук мөрлер мен штамптар, кеңестік 66600 сом ақша мен оншақты адамға жететін 1 айлық азық-түлік. Хо-о-ш… Диверсанттардың Сарықасқадағы «мүлік-мүкәмалы» міне, осындай болған, шырағым. Бұл – ешбір қоспасы жоқ анық дерек. Нақты мәліметтер. Архивте солай жазыл­ған.
– Соңғы сауал. Обер-лейтенант Әлихан Ағаев деген кім? Ол оның шын аты ма, жоқ лақап есімі ме? Қайдан, қалай пайда болған адам өзі?
– Бұл – бұрынғы Гурьев облысындағы Жылой ауданының тумасы. Шын аты-жөні – Әмірхан Тілеумағанбетов. 5 ағайынды әулет екен. Соғысқа дейін сол өңірде агроном болып еңбек етеді.
1941 жылдың қараша-желтоқсан айла­рында Мәскеу түбіндегі атты әскер құрамасында взвод коман­дирі болып жүріп немістер жағына өткен. Бұған ес білгеннен бастап қазақ даласындағы кәнпеске, ашаршылық, күштеп ұжымдастыру науқаны мен репрессияны көріп өскен оның кеудесінде Кеңес өкіметіне деген ашу-ызаға толы кек пен өшпенділік оты әсер етуі әбден мүмкін. Тік мінезді, өзіндік пікірі бар, ұлтжанды ол 1928-1937 жыл­дарғы біздің халқымызға жасал­ған қысымның кегін қай­та­ру­дың жолы осы деп ұғып, от бас­қан сияқты. Сөйтіп фашистік Герма­нияның КСРО халықтарын отарлау мен әлем елдеріне үстемдік ету пиғылын түсінбеген бейбақ қауіпті жолға түскен. Айтып бол­мас қылмысқа арандаған. Соның салдарынан жаман аты қалды. Азабын елдегі ағайындары тартты.
Ибраһим аға осылай деп әңгімесін аяқтады. Өзім қойған сұрақтарға толық жауап алғаным үшін ол кісіге рақметімді айттым. Сөйттім де, терең ойға кеттім.
«Иә, – дедім ішімнен. – Соғыс деген жақсы сөз емес. Онда қан­ша­ма қасірет, азап, көз жасы жа­тыр десе­ңізші. Бұл бүлінген дүние, шаңы­рағы ортасына түскен отбасы, сергелдеңге ұшыраған сан­­сыз адам тағдыры ғой. Оған аяқ-қолын снаряд жарықшағы жұ­лып кеткен мүгедекті, бомба үні­­нен құлағының жарғағы жыр­ты­лып, дыбыс атау­лыны естуден қалған саңы­рау­лықты, айып ба­та­ль­о­нындағы зорлық-зомбы­лық­ты қосыңыз. Егер соғыс болмаса, онда олардың Бресте бір аяғынан айырылып, Харьковте қырылып, Тверьде тұтқынға түсіп несі бар?»
Тұтқын демекші, олар да түр-түрге бөлінеді. Біреулері шайқаста жараланып, есін білмей қолға түскен. Екіншілері, білімсіз ко­ман­дирдің біліксіз әрекетінен қор­шауда қалып қор болған. Үшін­шілері, жоғарыда айтқандай, іштерінде өкіметке бұрыннан қыжылы бар жандар. Оны Вермах­тың сол кездегі Шығыс армиясы деп айдар таққан бөлімдеріндегі ренегаттар мен бұрынғы ақ гвар­дия­шылар қалдықтарынан, вла­сов­шылар мен бендеровшылар және оккупация аймақтарындағы бұрын сотталып, түрмеден боса­ғандардың сықпытынан байқауға болады. Халықаралық әскери терминде бұлар колобо­роценистер делінеді. Солардың арасынан Ағаевтың көрінуі әрине, өкінішті. «Осының бәрі сұм соғыстың салдары, – дейсің қамығып. Жо­ғар­ғыдай көрініс біз білмейтін, сол сәттегі жағдайға тәуелді мәселе. Және… шешуін таба алмайтын сұрақ. Құдайым тек сондай шатасу мен адасудан сақтасын.

Жанболат АУПБАЕВ,
Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданы.

Бөлісу: