Бағаласаң, ұстаздарды бағала…

505
0
Бөлісу:

Мұғалімдер үшін жаңартылған білім беру бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы ерекше. Әсіресе, мамандар мұғалімдердің білігін арттыру курстарында оларға қойылған талаптарды түсініп, педагоги­калық тәсілдер мен негізгі тақырыптарды жүзеге асыру жолдарын білуі қажет. Оқушыға білім нәрін себетін қадірлі мамандық иелері шәкіртінің қалай оқитынын жақсы түсініп, өздерінің оқыту тәжірибесін жақсартқан сайын, олардың балаларды тиімді оқуға жетелеу қабілеті соғұрлым арта түспек. Маңғыстау облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Білім үздігі» байқауы – осындай игі істердің бастамасы. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төр­тінші өнеркәсіптік рево­лю­ция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолда­уында педагогтар алдында білім беру мен ғылымды дамыту бойынша нақты міндеттер қойылғаны белгілі. Педагог­тардың беделін арттыру, үздік педагогтар мен білім беру ұйым­дарын насихаттау, ұстаз­дар­дың жеке және кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілетін бұл байқау алғаш рет 2017 жылы өтті. Жыл сайын ұстаздар күніне арналған сал­та­натты жиналыста осы бай­қаудың жеңімпаздары анық­талады.
Аталған конкурс бойынша 2017 жылы 10 аталымға 500 мың теңгеден, 5 үздік ұйым номи­нациясы мен «Жыл мұғалімі» номинациясына 1 млн теңгеден қаржылай сыйлықтар мен дип­ломдар табысталды. Ал былтыр бұл бәйгеге бөлінген қаржы көбейіп, 13 номинация бойын­ша 500 мың теңге, «Жыл мұға­лімі» номинациясына және 5 білім ұйымына 1 миллион теңге­ден сыйақы тағайындалды.
«Конкурсқа екі жылда 264 педагог және 53 білім беру ұйымы құжаттарын ұсынды. Облыс әкімі жанындағы сарап­тау комиссиясы мүшелерінің шешімімен жеңімпаздар анық­талды. Мықты мұғалім озық оқушыларды қалып­тастырады. Ықылас-ынтамен үйретілген ілім мен білім – әрқашан жұ­ғым­ды, ұғымды. Рухы биік, жі­­гері тасып тұрған ұстазды «ке­мел ұстаз» дейді. Ұстаз
болу – ұлағатты жолға қадам басу. Алдындағы шәкіртке білім беріп қана қоймай, бар білгенін бойына сіңіріп, болашаққа бағыт-бағдар сілтейтін бұл жол­дағы жандар ғажап-ақ. Біздің негізгі мақсатымыз да сол – ұстаздарға демеу беру. Ең алғаш бұл байқаудың жеңімпазы Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінің тарих пәні­нің мұғалімі Бауыржан Айманов атанса, былтыр ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жаңаөзендік Злиха Раметулла топ жарды. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты бәсекеге қабілетті маман даярлау болса, ондағы педагогтардың атқаратын үлесінің маңызын ескеру қажет деп есептеймін», – дейді Ма­ң­ғыс­тау облыстық білім басқар­­ма­сы­ның басшысы Асқар Сейдалиев.
Алғашқы жеңімпаз Бауыр­жан Айманов болса: «Мектеп­тегі білім берген ұстаздарымның арқасы, ұжымдағы әріптес­терім­нің қолдауымен, білім басқармаларының қолдауымен оқу­шыларды облыстық, рес­пуб­ликалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі пәндік олим­пиада мен ғылыми жұмыстарға қатыстыра отырып, бүгінгі мара­патқа жетуімнің де сол оқу­шы­ларымның жетістігінің арқасы деп білемін», – дейді.
Ұстазын қадірлеген аймақ білім саласында толағай табыс­тарға жетіп, әр жылды зор жетіс­тікпен аяқтайды. Бүгінде облыстың білім саласында ау­қым­ды шаралар жүзеге асы­рылып жатыр. Бір жылдың өзінде об­лыс­та 9 мектеп, 36 балабақша және колледж сту­денттеріне ар­налған 1 жатақ­хана іске қосы­лып, халықтың игілігіне берілді.
Айта кету керек, аймақ басшы­сының жүлдесі өңірдегі үздік балабақша, мектеп, пен кәсіптік білім беру ұйымдарына да табысталды. Осыған қарап мұнайлы өңірдегі білім беру саласын дамытуға баса көңіл бөлініп отырғанын аңғару қиын емес. Қолға алынған тың жобалардың ішінде «Жасыл мектебім – жасыл мекенім» де бар. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында ұйым­дас­тырылған шара облыста тұңғыш рет өткізіліп отыр. Жоба аясын­да кезең-кезеңімен бар­лық мектептерде жылы­жайлар салы­нып, мектеп аулалары көгалдандырылады. Аймақтың климаттық ерекше­лігіне бай­ланысты қолға алы­нып отырған бұл жоба меце­наттар тарапынан қолдау тап­қан. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақ­­стан» бағ­дарламасы ая­сын­да мектептер 90 пайыз кең­жолақты интернет желісі­мен қамтамасыз етілген. Министр­лік тарапынан 600-ден астам мұғалім ағылшын тілі курстары­нан өтіп, жергілікті бюджет қар­жы­сына 300 ауыл мұғалімі ағыл­шын тілін мең­геруде. Қаң­тар айынан бастап оқушыларға кәсібін ашуды үйрету мақ­са­тында облыстың 30 мек­те­бінде кәсіпкерлік негіздері жаңа жобасы да баста­лып кетті.

Ақбота ӘЛІМ

Бөлісу: