Ильчун туралы кітап

255
0
Бөлісу:

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «DIOR музасы. Алла Ильчунның тарихы. Сән әлемін бағындырған тамыры қазақ бойжеткен» кіта­бының тұсаукесері өтті.

Әлемге әйгілі француз дизай­нері Кристиан Диордың моделі Алла Ильчунның өмірі баян­далған бұл кітапты Фран­ция­дағы қазақстандықтар қауым­дастығының төрағасы, эко­но­мист Берлин Иришев жазған. «Кітаптың авторы Берлин Кенжетайұлына алғыс айтқым келеді.
Ол – тәуелсіз Қазақстанның банк жүйесіндегі алғашқы жетекшілердің бірі. Кейінірек ұзақ жыл шет мемлекетте жұмыс істеді, Франциядағы Қазақстан өкілі болды. Бүгінде Қазақстанның мәдениетіне үлкен үлес қосып жүр», – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық академиялық кітапха­нада өткен тұсаукесерде.
Кездесу барысында автор дүниежүзілік сән әлеміне та­нылған тұңғыш азиялық және тұң­ғыш қазақ қызы тура­лы қо­ғам­ның хабарсыз екенін жеткіз­ді.
«Кристиан Диормен жұмыс істегенде, Алла Ильчунге бүкіл әлем тамсанып қараған. Ол киіп шыққан киімдер көз ілес­пес жылдамдықпен саты­лып кете­тін. Фотомодель болып жүрген 20 жылда Алла Ильчунді әлем халқы қытай деп ойлап келді. Себебі, ол Харбинде дүние­ге келген, аумалы-төкпелі 30-жылдары Парижге көшкен. Бірақ өмірінің соңғы жылдары модель журналистерге берген сұхбатында әкесінің қазақ екенін, Қуантхан Елшіннің қызы екенін мәлімдеді», – дей­ді шығарма иесі.
Кітап қауымдастық мүше­ле­рінің қаражатына жарық көрген және бастамашыл топ Алла Ильчун туралы ағылшын, фран­цуз, орыс тілдерінде жа­рық көрген мақалаларды жина­ған.
«Мәлімет іздеу барысында Кристиан Диор мен Ив Сен Лоран сән үйлерімен байналыс орнаттық. Алла Ильчуннің қабірін тауып, жалғыз ұлы Марк Жост де Дюльменмен кездестік. Модельдің ұлы бұған дейін беймәлім болып келген деректермен және отбасылық фото­суреттермен бөлісті. Мұ­ның барлығы жаңа кітапқа енгізілген», – деді Б. Иришев.
Автордың айтуынша, әзірге 2,5 мың дана кітап орыс тілінде жарық көрді. Алдағы уақытта бұл еңбекті француз және қазақ тіліне аудару жоспар­лануда. Одан бөлек, фран­циялық-италиялық шы­ғар­ма­шылық топ Алла Ильчун туралы көркем фильм түсіруді ұсынып отыр.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу: