ДОСТЫҚТЫ НАСИХАТТАУ ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАДЫ

128
0
Бөлісу:

Елбасы Н.Назарбаев биылғы 2019 жылды Жастар жылы деп жария­ла­ды. Осыған байланысты Қазақ ұлттық аграрлық университеті жуырда М.Әуе­зов атындағы акаде­миялық драма театрында Алматыдағы ұлттық этно-мәдени бірлестіктермен және Оңтүстік Кореялық ІМЕІ халықаралық ментальді-ағартушылық орталығымен бірлесіп, «Бір шаңырақ астында» атты достық фестивалін өткізді.
Фестиваль аясында ұйым­дас­тырылған концертке Алматыдағы этно-мәдени орталықтардың же­текшілері, Қазақстан халқы ассам­блеясы филиалдарының мүшелері және жоғары оқу орын­дарының ректорлары, ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері, уни­верситеттің оқытушы-про­фес­сорлары, студент жастар қатысты.
Шығармашылық кешті ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов пен ІМЕІ Ха­лық­аралық ментальді-ағарту­шылық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль құттықтау сөзбен ашып, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыстардың уақыт өткен сайын нығайып, ортақ жо­балардың іске асырыла бастаға­нын ерекше атап өтті.
«Университет көп жылдан бері Оңтүстік Корея еліндегі жо­ғары оқу орындарымен, ғылыми, шығармашылық орталықтармен тығыз байланыс орнатқан. Уни­верситетімізде Қазақстан – Корея бірлескен инновациялық орта­лы­ғы жұмыс істейді. Жыл сайын бізге Корея елінен мықты сарап­шы-ғалымдар, оқытушылар мен студенттер келіп тұрады. Оқу орынымыз Сеул, Конкук, Кенг­бук, Чонбук, Вонкванг, Кенгхи университеттерімен ғылым-білім және волонтерлік бағдарламалары бойынша жан-жақты байланыс орнатқан. Екі ел жастары білім, озық ғылым, технологиямен қа­тар мәдениет пен өнер саласында да тәжірибе алмасып келеді. Бү­гінгі шара – екі елдің берік досты­ғының айқын дәлелі», – деп атап өтті ректор Т.Есполов.
IMEI Халықаралық мен­таль­ді-ағартушылық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль өз сөзінде тарихқа тоқталып, 1937 жылы Қа­зақстанға жер аударылған кә­ріс ұлтының қасіретінен бастады. Вагондарға малша тиеп, қақаған қыста Қазақстанға әкеліп аудара салған қандастарын ойласа, әлі де жүрегінің ауыратынын же­т­кіз­ді. Сол қасірет жылдары Қазақ­стан­ға жеткенше он мыңнан ас­там кәрістің бірі аурудан, бірі су­ық­тан, бірі аштан ажал құш­қанын айтып, одан аман қалғаны қазақтардың бауырмал, жанашыр қасиетінің арқасы екенін тілге тиек етіп, жалпы қазаққа, Елба­с­ы­на рақмет айтты және бүгін­гі­дей достық ниетпен бірлесіп концерт, басқа да әріптестік шаралар өткізуге мүмкіндік жасаған университет басшысы, академик Тілектес Исабайұлына алғыс білдірді.
Кеш барысында IMEI жоба­сының дарынды волонтерлары ұсынған «Сіріңке ұстаған қыз» қойылымы да ынтымақ пен бір­лікке, адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға ұмтылдыратын идеяны арқау етті. Тілі басқа бол­ғанмен өзегі ортақ өнерге көп­шілік ризашылық білдіріп, шы­ғармашыл жастардың сахнадағы еңбегіне қошеметпен қол соғып отырды.
Фестиваль соңында Алматы қалалық Қазақстан халқы ассам­блеясы төрағасының орынбасары Қазбек Мансұров, «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Қасымов, Алматыдағы украин ұлттық мәдени орталы­ғы­ның төрайымы Тамара Агапова, Қазақстандағы Қырым татар­ла­рының «Ватандаш» мәдени орта­лығының жетекшісі, биология ғы­лымдарының докторы, ҚазҰАУ профессоры Сеиіт Ба­ба­лиев және басқа да ұлттық бірлестіктер жетекшілері сөз сөйлеп, университет ұйымдас­тыр­ған достық фестиваліне жоғары бағасын берді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: