Шыны шақтық, не таптық?

179
0
Бөлісу:

Арқаның қысы суық. Ас­танадағы ауа райын өлшейтін құралдар 41 градус аязды көр­сетіп тұр. Осындайда жылы жерде көлік күтсін деп, Ел­орда әкімшілігі жылы аял­да­м­алар салып берген еді. «Қан­ша миллионды желге ұшы­рып, мұндай аялдама неге сал­ды, сол керек пе еді?» деп даурық­қ­ан тұрғындар қазір сол жылы павильондар­дың қызығын көріп жатыр.

Өткен жылы – 55, ал мем­лекеттік-жекеменшік әріп­тестік шеңберінде 31 жылы аялдама орнатылған болатын. 2019 жылы инвесторлардың есебінен жаңа үлгідегі тағы 200 шамасында жылы аял­дама қою жоспарланған. Олар желдету, жылыту жүйе­сімен, сондай-ақ қажеттікті өтейтін бөлмелермен жаб­дық­талады және Wi-Fi орна­тылады. Аялдамаларда қо­ғам­дық көліктің жүру бағыты мен уақыты да көрсетіліп тұрады. Жақсы емес пе?!
Дегенмен көнілге кілти­пан ұялатар оқиғалар болып тұратыны рас. Соның бірі – мынау. Жақында Астанада жылы аялдаманы қиратып кеткен жігіт туралы ақпарат тарады. Түнгі сағат 2-лер шамасында шыны есікті тепкілеп, 100 мың теңгеден аса шығын келтірген азамат құқық қорғау органдарының құрығына түскен. Ол 22 жас­та­ғы Түркістан тұрғыны бо­лып шықты. Әлеуметтік же­ліде жас жігіттің елорда хал­қынан кешірім сұраған видео­сы да пайда болды.
«Аялдамада қызым екеу­міз жылынып отыр едік. Сон­да арамызда келіспеушілік ту­ын­дап, қызуқандылыққа бой ал­дырып қойдым. Сол жер­дегі есікті теуіп, сын­ды­рып жібер­дім», – деген ол елор­далық­тар­дан кешірім сұрады. Кел­ті­ріл­ген залалды қалпына келтіруге уәде берді. Бұның алдында дәл осындай аялдамада бұзақылық жасап, ішімдік ішкен әрі шы­ны сын­дырған екі жас бала ұсталған болатын.
Ал мына жағдай Алматы облысында тіркелген. «Тал­дықорған қаласында жаңадан салынған смарт автобус аял­дамасын қиратқан бұзақы ұс­талды. Полиция қызмет­кер­лері қазір тергеу амалда­рын жүргізіп жатыр», – деп ха­бар­лайды taldykorgan-online.kz
Полиция лейтенанты Қуа­ныш Нұртаевтың айту­ынша, бұзақылық жасаған 37 жастағы Ж. есімді азамат ақ­­пан­ның 3-інен 4-іне қара­ған түні сағат 1-лер шама­сында «Мәрмәр» мейрам­ха­насынан мас күйінде шығып, сол жерде тұрған аялдаманың есігін сындырған.
«Мейрамханадан, тойдан шыққан болатынмын. Аял­да­маны не үшін сындырғанымды білмеймін. Мүмкін ішіне кі­ріп, су ішейін деген шығар­мын. Ол жерде дәретхана бар деп естігенмін. Есігі жабық болған соң, әйнегін сынды­рып, ішіне кірдім. Кінәмді толығымен мойындаймын, сын­дырған затты қалпына кел­тіремін», – дейді бұза­қы­лық жасаған азамат. Тәртіп сақшылары қазір шығын кө­лемі анықталып жатқанын ай­тады. Одан кейін сотқа де­йінгі тергеу амалдары жүр­гі­зіліп, тиісті шаралар қолда­ныл­мақ.
Ал суықтың беті қайтар емес. Керісінше, күн өткен сайын салқындап, желдің жылдамдығы күшейіп келеді. Қы­зыл­орда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстанда дауылды ескерту жарияланса, Қарағанды, Ақ­мола, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда тем­пература минус 45-тен түс­пей тұр. Ал Алматы облысында бірнеше жылдан бері алғашқы рет сабақ тоқтатылған. Ден­саулық сақтау министрлігі 223 адамды үсік шалды деп ресми мәлімет таратты. Оның 73-і ауруханаға жатқызылған екен. Тұрғындары ең көп зардап шеккен Қарағанды облысы 87 адам болса, Шығыс Қазақстанда 54 адамды үсік шалыпты. 27-сінің жағдайы ауыр. Павлодарда – 26, Аста­нада 20 адам дәрігер көмегіне жүгінсе, 11-і төсек тартқан.
Осындайда қатты суықта жылынар жер іздеген халық­тың бір паналар жерін қира­тып, ойына келгенін істеген­дерге ашынбағанда қайтесің?! Бұзақылық жасаған жастарға әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынар, өтемін төлетер, шыны орнына қонар. Бірақ мұндай қылық неге азай­май отыр? Сол үшін де оларды түрмеге тоғытып, бас­қаға сабақ болсын деп қатал шаралар қолдану керек пе? Шыны шақтық, не тап­тық? «Атаңнан қалмаған асты» ішіп, әкең салып бер­ме­ген аял­даманы сындырғаннан не ұттық? Не істесек те, ойла­нып барып жасағанымыз дұрыс-ау.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу: