Жалын берген «Жас қанат»

369
0
Бөлісу:

Былтырғы мамыр айында Сарыарқаның төрінде аты аңызға айналған, тарихи байқау «Жас қанат – 2018» жаңа түлектерін қанаттан­дырды. Бұл байқауда қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары бақ сынаған. Осы аға-әпкелерімізге қарап бой түзеген менің де арманым «Жас қанат» байқауына қатысу еді. Ол арманым 2018 жылы орындалды. Іріктеуден өткенімді естігенде қуанғаным соншалық, төбем көкке бір елі жетпеді. Осылайша, мыңжылдық тарихы бар Алматының намысын қорғап, бас қала – Астанаға аттандым.
Барлық қатысушылар – өзіндік стилі бар, ерекше, бірінен-бірі ас­қан мықтылар. Атап айтқанда, Да­мель Ортамышева, Арманай Әбді­момынова, Бақтияр Ақылбек, Нұрай Ғаниқызы, Диас Карим­жа­нов, Риза Мағзом, Нұрдаулет Қуандықұлы, Замира Сағадиева, Жанболат Таласбай, Аян Тасыров, Сәуле Тыныштықова.
Байқау «ә» дегеннен тартысты басталды. Дарынды қарсыласта­рымды көріп, сескеніп те қалдым. Өйткені қатысушылардың ара­сында ең кішкентайы болдым. Қарсыластарымның бәрі – Өнер академиясының студенттері, тіпті кейбірі түлектері, тәжірибелі во­калистер. 2017 жылғы «Жас қанат» байқауының жеңімпазы Мадияр Бақтияров байқауға келіп, өнерін көрсетіп, сәттілік тіледі. Бірінші кезеңде армян әншісі Сирушоның репертуарынан PreGomesh әнін орындадым. Бұл әнім жиналған халықтың, қазылар алқасының көңілінен шығып, 124 ұпаймен 2-кезеңге өттім. Медеу Арынбаев ағамыз осы әнді қазақ тіліне ауда­рып айтуға кеңес беріп, бағымды жандыратын ән болуын тіледі.
Байқау барысында 2012 жылғы «Жас қанат» байқауының жеңім­пазы, әлемді мойындатқан Димаш Құдайбергеновтен сәлемдеме келді. Димаш «Жас қанаттың» өнер жолындағы жақсы бастама екенін, ешқашан берілмей, талмай еңбек ету керегін атап өтті. 2-ке­зең­ге өткен 9 қатысушының кө­ке­йінде «финал» деген үлкен мақсат бар. Бәрі қызу дайындық үстінде, егер осы кезде бар күшін салып ты­рыспаса, финалдың көлеңкесі алыстай береді. Қазақ «бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді. Бұл бай­қау болғандықтан, біреу қуанса, біреу мұңаяды. Ақтық мәреге жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар ата­нып, бес қатысушы жолдама ал­дық, соның ішінде мен де бармын.
Әне-міне дегенше көптен күт­кен финал да келіп жетті. Бәрінің ойында «жеңімпаз кім болар екен?» деген сұрақ бар. Марапаттау рәсімі басталды. Жүрек соғысы бірде бәсеңсіп, бірде атша тулайды. Жүлдегерлердің есімі біртіндеп айтылып жатты. ІІІ орынды Ар­ма­най Әбдімомынова, ІІ орынды ас­таналық Замира Сағадиева, І ор­ынды Бақтияр Ақылбек жеңіп ал­ды. Оралдық Риза Мағзом екеуміз «Жас қанат» байқауының дипло­ман­ты атандық. Үш күн бойы Аста­наны әнге бөлеген «Жас қанат» бай­қауы осылай мәресіне жетті.

Сымбат СЕЙЛХАНОВА

Бөлісу: