Автонесие автопаркті жаңарта ала ма?

584
0
Бөлісу:

Автокөлік нарығындағы мәліметтерге қарағанда, отандық автопарктен «қартаю» белгілері білінеді. Яғни, жыл өткен сайын ескі көліктер қатары көбейіп келеді. Өткен жылдың қаңтарында 20 жылды артқа тастаған көліктер саны 38,1 пайыз болса, осы жылдың басындағы деректерден оның 43,5 пайызға жеткенін көріп отырмыз. Ал 1-3 жыл болған көліктер қатары 4,7 пайыздан 3,2 пайызға қысқарған. Ескі көліктің жиі бұзылатынын, түрлі апатты жағдайларға себеп болатынын, оның экологияға да көбірек зиян келтіретінін бәріміз білеміз. Әйтсе де, «Неге жаңа көлік мінбейсің?» деп ешкімді міндеттей алмаймыз, әркім өз шама-шарқы келгеніне қарай көлік таңдайды.

2019 жылдың қаңтарындағы деректерге сүйенсек, «жасы» жиырма жылдан асып кеткен көліктердің басым бөлігі Алматы облысы, Алматы қаласы мен Түркістан облысында тіркелген. Одан кейінгі орында – Жамбыл облысы. Ал салоннан көлік мінетіндердің көбі Алматы, Астана қалалары мен Ақтөбе облысы тұр­ғындары екен.
Ескі көліктердің көбеюі – автоөн­ді­рісті дамытамыз деп алдымызға мақсат қойған біз үшін онша жақсы көрсеткіш емес. Әрине, су жаңа автокөлікті кім тақымына басқысы келмейді дейсіз, бірақ қаржылық жағдайға байланысты оған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Дегенмен соңғы жылдары автонесие арқылы армандаған арғымағын та­қым­дағандардың қатары көбейіп ке­леді. Автонесие демекші, таяуда көлік сатып алғысы келетіндерге жағымды жаңалық тарады. Ұлттық банк төр­аға­сы Данияр Ақышев Үкіметтің кеңей­тілген оты­рысында «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы үлгісінде көлікті несиеге беретін бағ­дарламаның дайын­далып жатқанын айтты. «Былтыр «7 – 20 – 25» бағдар­ламасын енгіздік. Оның жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Несиені халыққа тиімді ету үшін не істеуіміз қажет? Ұлттық банк аз уақытта аза­мат­тар үшін елімізде шығарылатын көлік­терді несие ар­қы­лы алу бағдарламасын дайындауға әзір. Жоспарымыз на­рықтық эконо­мика қағидасында жүзеге асады. Несие түрі «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасының ба­­засында құрылады», – деді Данияр Ақышев. Бұл жиынға Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев та қатысқан болатын. Мемлекет басшысы ұсыныс­ты мақұлдап, оның халыққа қосымша жұмыс орнын беретінін айта келе, «Біз тұтынушы мен өндірушіге тиімді болатын несие түрлерін дамы­туымыз қажет» деді.
– Кез келген несие бизнеске ар­налса, яғни табыс әкелетін болса, ол – дұрыс қадам. Такси қызметін атқарып, жүк тасымалдап, басқа да көлікке қа­тысты қызметтерді ұсынып жүр­гендерге бұл ұтымды болады. Өйткені оның көлігі босқа тұрмайды, үнемі қозға­лыста, ақша тауып тұр. Тапқан табы­сының бір бөлігін несиеге қай­тарады.
7 пайыздық несие көлік сала­сында бұған дейін болмаған. Бұл – өте қолайлы тәсіл. Ал енді көлік тұтынуға, яғни өзі міну үшін болса, жағдай сәл қиындау. Себебі, несиені уақытылы қайтару керек. Ал ол ақша сіздің табысыңыздан кетеді, – дейді Нархоз университетінің доценті Дәуренбек Боқаев. – Ақшасы бола тұра көлікті несиеге алуды құп көретіндер де бар. Олар ақшасының белгілі бір бөлігін көлік сатып алуға жұмсап, қалғанын басқа мақсатта пай­далануды жоспар­лайды. Сол үшін бұл бағдарлама көп­шілікке тиімді болғалы тұр. Арзан бағадағы несие адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады. Өз көлігімен жүріп, көп шаруаны тындыруға болады. Біреуге үй қажет болса, енді бірі көлік сатып алып, іспен айналысқысы келеді. Әркімнің қажеттілігі әртүрлі. Сондықтан өте құп­тарлық жағдай. Оның үстіне үйге қарағанда көліктің құны анағұрлым төмен болғандықтан, бұл несиені тезірек төлеп тастауға болады. Мы­салы, отандық көліктер алғашқы кезде 1 миллион 300 мың теңгеден сатылған. Қазір 3-4 миллион теңге ша­ма­сында десек, оның қайтарымы те­зі­рек болады. Тағы бір ұтымды тұсы – бұл көлік банкте кепілде тұрғандықтан, оны сатуға да жақсы. Егер көлікті сатып алушы ары қарай төлей алмай­тындай жағдайға душар болса, оны қалған бағасына сатып жіберіп, банктегі қарызынан құтыла алады.
Көлік – күнделікті қажеттілік. Жұмысқа бару, балаңды бақшаға, мек­тепке жеткізу, үй шаруасын бітіру – бәрі көлікпен атқарылады. Оның үстіне уақыт үнемделеді. Сондықтан жаңа көлікке қол жеткізу көп адамның әлеуметтік жағдайын жақсартады. Қазақстандық өндіріс көтеріледі. Отандық өндірісті қолдауға да бұл бағдарламаның пайдасы тиеді. Жұмыс орындары ашылып, экономика да­мып, салық түседі. Мұның мемлекет үшін де тиімдігі басым болмақ. Қол­даныстағы көліктердің жаңаруы экологияға да пайдасын тигізеді.
Ескі көлік майды түгел жаға ал­майды. Жаңа көліктер экологиялық нормаларға сай болады.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, соңғы жылдары ескі көліктерді жою бағдарламасы да іске асып жатыр. Ескі көлікті бел­гілі со­маға өткізіп, оның орнына өз авто­зауыттарымыздан не­сиеге ж­аңа көлік сатып алуға мүм­кіндік қарастырылған. Мұның бәрі айналып келгенде оң өзгеріс. Халықтың тұр­мысын жақ­сартуға ұмтылыс деп түсіну қажет.
– Жойылуға сатып алынып жатқан көліктерге 150 мың теңге шамасында ақша төленеді. Бұл соншалықты көп ақша емес. Әйтсе де, ескі көліктердің өзі нарықта сол 100-150 мың теңгеге бағаланады. Бұл – мемлекеттің бағдар­ламасы. Көбейіп кеткен ескі көлікті азайтудың амалы, яғни нарықты рет­теу. Осылайша, сатып алатын жаңа көліктің белгілі бір мөлшерін төлеуге мүмкіндік туады. Бұл – дүниежүзінде бар тәжірибе. Соған біздің енді мүм­кіндігіміз туып отыр. Қазір елімізде көлік мініп жүргендер аз емес, тіпті кейбір үйде бір немесе бірнеше көлік бар. Осындай бағдарламаларды іске асыру арқылы ескі көліктерден құ­тылуға мүмкіндік туып, автокөліктеріміз біршама жа­ңа­рып қалар еді. Бағдарлама жасал­ған­нан кейін оның нәтижесін көруіміз керек. Нәтижесіне қарап, оны ары қарай жал­ғастыруға болады. Бұл қолдайтын әре­кет, – дейді экономист. – Ал «7 – 20 – 25» автонесиесін келешекте тек жеңіл кө­ліктерге ғана емес, адам, жүк тасы­мал­дау салаларында да қолдануға болады. Өйткені бұл салалар – мем­лекетке табыс әкелетін шетелдің валю­та көздері. Басқа елдерге тауар тасы­малдау теңгемен іске аспайды. Ол рубль, доллар не евро болуы мүмкін. Ол біздің төлем жүйемізді, алтын-валюта қорымызды сақтауға өзіндік үлес қосады. Мемлекетімізде шетелдік валютаның көп болуы теңгенің тұрақты болуына оң әсер етеді. Біз қаншалықты жүк, адам тасымалдауды дамытсақ, соншалықты экспорттың деңгейін көрсетеді. Мұнайдан шетел валютасы түседі деп мәз боламыз. Ал осы көлік-логистика саласында шетелден валюта алатын елдер де бар. Шетелдік на­рықтарға шығатын мүм­кіндік болуы керек. Оның үстіне қаншама қаражат жұм­салып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі са­лын­ды. Осы жол арқылы жүк тасымал­дау­ды Қазақстан іске асыратын болса, экономиканың тағы бір секторы жақсы дамиды. Бір жағынан логистика дамыса, екінші жағынан мемлекетке қаржы түседі. Бәрі бір-бірімен байланысты.
Қазақстан автобизнес қауымдас­тығы мәліметіне сүйенсек, еліміз өткен жылы шетел нарығына 2 мыңнан астам көлік экспорттаған. Оның басым бөлігін ЕАЭО елдері сатып алған. Қазақстан автобизнес қауымдастығы төрағасы Андрей Лаврентьевтің айту­ынша, жеңіл автокөлікті Тәжікстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстанға экспорттаймыз. Өткен жылы ірі мәмі­лелер тек жеңіл көліктерге ғана жасал­ған жоқ, коммерциялық техникалар да болды. Тәжікстан автобус, коммер­циялық техникаларды және такси қызметі, мемлекеттік органдар мен жеке тұлғаларға жеңіл көлік те сатып алған. Осы жасалып жатқан әре­кеттің бәрі – отандық өндірісті дамытудың амалы. Бұған жаңа бағдарлама да серпін береді деген үміттеміз.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: