Бейбіт күннің батыры

178
0
Бөлісу:

Жер бетінде жойылып бара жатқан киелі аң ақбөкендерді жанын сала қорғаймын деп браконьерлердің қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің ерлігі еленді. Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы марқұм Ерлан Нұрғалиев пен оның әріптесі Петр Ницык III дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

Бейбіт күнде табиғатты қорғау жолында жанын қиған Ерлан Нұрғалиевтің ерен ерлігі ел есінде. Бұл оқиға 13 қаңтар күні болды. Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз адамдар инспекторлар Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке қарсылық танытып, оларды соққыға жығып, артынша із жасырған. Ауыр жараланған екі инс­пек­торды кейін өзге әріптестері тауып алып, оларды Астанадағы №1 қалалық ауруханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтар күні қайтыс болған еді.
«Бөрі соғар жігіт, бөркінен белгілі» дейді қазақ. Табиғат ананы қорғаймын деп, ерен ерлігімен жантәсілім еткен кейіп­керіміздің осынау ерлігі талайдың таң­дайында жүр. Адам баласы тумысынан мейірім мен адалдықты өн бойына сіңіріп өсіп, есейе келе осы бір асыл қасиетін еңбекпен ұштастырып жатады. Ол және ерлікпен сабақтасады. «Елім деп еміреніп, жұртым деп жүгініп қызмет етіп жүрген» азаматтарымыз – осындай батырлары­мыздың нағыз өздері.
Ел тыныштығынан бастап, табиғат-ананың амандығын ойлаған бүгінгі ба­тыр­лар қашан да қалың көпшіліктің кө­ке­йін­де, ойында, жүрегінде. Қуаныштысы сол – еліміздің әр түпкірінен ерлігімен аты шыққан ерлеріміздің есімі тарихта алтын әріппен орын алуда. «Әркімнің-ақ ер атанғысы келеді. Елім деп еңіреп туған асыл еразаматтардың ерекше еңбегі ғана ерлік болып бағаланады. Екінің біріне ер атағы берілмейді. Он мыңның бірі, мил­лионның жүзіне ғана тиеді ол құрмет. Ердің еңбегін ел бағалайды. Бір ердің ерлігі – жүз жауынгерге үлгі, мыңға өнеге болады. Ердің ерлігін ер қайталайды», – деп Ба­уыржан Момышұлы атамыз айтқандай, осындай өр мінезді ерге тән жүректілік жуырда ғана көрініс тапты. Бұл ерлік адамзатты ойландырды. Санаға сілкініс әкелді. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ» деген жанайқайдың жарасын жаза түсті. Ерланның ерлігі сондай.
30 қаңтар күні ақбөкендерді қорғау жолында мерт болған батыр ұлдың бұл бірінші ерлігі емес екенін туыс-туғандары, әріптестері, достары жарыса жазып жатты. Иә, бұл рас. 83 жастағы әкесі – Балғабек ата ұлының балалық шағын әңгіме ете отырып, оның жас кезінен-ақ досқа адал, қайырымды болып өскенін айтыпты. «Ертедегі бір данышпаннан: «Үш тірегі бар адам бақытты болады. Біріншісі – өмірлік серігі, екіншісі – өрбіген ұрпағы, үшінші­сі – үлгілі шәкірті бар адам» деген қанатты сөз қалыпты. Ерланым туралы айтсам, үш қыздан кейін дүниеге келді. Қаршадайынан шешемнің тәрбиесінде болды. Ол кісі қатты жақсы көретін. «Атадан жалғыз едің, міне серігің келді» деп отыратын. Шешейдің қолында еркелеп өсті. Бетінен қаққан жоқпыз. Бала күнінде аяғыма оратылып, күресіп ойнаушы еді. Күллі еркелігін көтеретінбіз. Өзі бір жұмысты істегісі келіп, құлшынып тұратын-ды. Жас кезінен-ақ дос, бауырға, туысқа, елге адал, қайырымды болып өсті. Ештеңеден қорқу дегенді білмейтін» деп еске алады қария.
Бала күннен батырлығын жан-жағына паш еткен Ерланның жасаған ерліктері бір бұл емес екен.
«Оның бала күнгі тәтті қылықтары, істеген істері түгел есімде. Кішкентай кезінен өзі жан-жануарларды жанындай жақсы көретін. 1-сыныпта оқып жүргенде бір мысығы болған. Соңынан қалмайтын. Сонда балалар қатар-қатар жатып, ұйықтайды. Әлгі мысық балаларды иіскеп жүріп, Ерланды тауып алатын. Итке де жаны құмар еді. Бірде ит асырадық. Бір елі жанынан қалмайды. Ерлан мектепке барар жолда қалтасына шақпақ қант тол­ты­рып алып, жеткенше алдына тас­тай­ды. Қайт­қанша иті күтіп жатады. Бір күні жол­дасымыздың біреуі үйге келсе, ит кір­гіз­­бе­ген. Тас лақтырады. Таяқпен ұрады. Бі­рақ үйге кіре алмай, кері қайтады. Ерлан – мектепте, біз – жұмыстамыз, ештеңе білмейміз. Содан балам мектептен келсе, ит есіктің алдында жатыр. Іле-шала итіне қарап: «Бұған кім тиісті? Маған қарап жылап жатыр!» деп үйге құшақтап алып кіргізді. Мұндай қылықтары өте көп болатын. Жануарлар десе жаны ашып, жан-жүрегімен елжіреп тұратын. Қор­ғалжын совхозынан Баршынға көш­кені­мізде де күшігін қолынан тастамағаны есім­нен кетпейді. Жеткенше алдына отыр­ғызып, баласы сияқты құшақтап отырды. Сөйтіп жүретін құлыным-ай! Ақыры міне, даланың ақбөкендерін қорғаймын деп, қанпезерлердің қолынан қаза болды», – дейді анасы 82 жастағы Бәкен апа.
Ерлан Нұрғалиевтің ерлігі қандай да болсын құрмет пен марапатқа әбден лайық. Олай дейтініміз, ерлікті ердің ері, жүректінің жүректісі ғана жасай алады. Ерліктің эталоны Бауыржан атамыз айтпақшы, «Табандылық пен өзіңді өзің билеу, өр рух пен қайыспайтын қайсарлық ерліктің кепілі» болмақ.
Батырдың ғажайып ерлігін паш етіп, зерттеу мақалалар жазып, көпшілікке ердің ерлігін паш етуге атсалысқан белгілі журналист Төлен Тілеубай: «Қоғамдық пікір арқылы қалың ел Ерланның ерлігіне басын иіп, «Халық қаһарманы» атағын беруді жаппай қолдады. Алдағы уақытта бұл тақырыпты әлемдік БАҚ-қа шы­ға­рамыз. Бірнеше тілге аударып, батыры­мыздың ерлігін үлгі етеміз. Елді, Отанды сүюдің керемет үлгісін көрсеткен, соның жолында өмірін қиған қаһарман ұлдың есімін бүкіл әлем білуі тиіс» дейді.
Иә, ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі болуы тиіс.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: