«АЯЛА» – БАЛА БАҚЫТЫ ҮШІН

345
0
Бөлісу:

Қазақстанда жыл сайын 250 мыңға жуық сәби мерзімінен бұрын өмірге келеді екен. Ал әлем бойынша жылына 15 миллионға жуық нәресте ерте өмірге келу салдарынан көз жұмады. Қазақстандық неонатологтардың айтуынша, әзірге бұл статистика өзгеретін емес. Жүктіліктің 22-37 аптасында, салмағы 500 грамға жетпей туған балаларды күтімге алып, адам қатарына қосудың өзі оңайға соқпасы белгілі. Оған жекелеген перзентхана мен медициналық мекемелердің де құдіреті жете бермейді. Дәл осы проблеманы басты назарға алып, сәбилердің өмірі үшін күреске түсіп жүрген «Аяла» қайырымдылық қорының елеулі еңбегін «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай қолға алынған «Нұр-Медиа» холдингінің «Қайырымды жандар» жобасында ерекше атап өтуді жөн көрдік.

2008-2009 жылдар шамасына дейін елімізде салмағы 500 грамнан төмен сә­би­лердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігі тым төмен еді. Яғни, отандық медицина­ның қауқары жетпейтін. Көпбалалы ана Балқия Оспанованың бес қызы да тым тө­мен сал­мақпен өмірге келген. Әр періш­тесі үлкен қиындық, күреспен өмірге бейімделген.
– Бес балам бар. Бесеуі де уақытынан ерте туған. Самал, Сезім, Сәуле, Саида, Са­­ғыныш. Сағыныштың салмағы 900 грамм болған. Ең кіші салмақ. Балала­рым­ның үлкені қазір таеквондомен айна­лы­са­ды. Босанған соң баланы қолға бермей алып кетеді. Артынан барып қараймын. Ба­­лам перзентханадағы ең кішкентай ба­ла­­лардың ішіндегі ең кішісі болып жатады. Аппараттың ішінде. Менің көзіме аппарат, ештеңе көрінбейді. Тек алыстан нұрын шашып жатқан сәбиімді ғана көре­мін. Ең бастысы баламның жүрегі соғып тұр. Ол се­зімді айтып жеткізе алмаймын… Бала­ның салмағына қарамастан күтіліп, адам қа­тарына қосылып кетуі сондай аппарат­тар­дың, мамандардың арқасы ғой. Осы ретте осыған мүмкіндік жасап жатқан «Ая­ла» қорына рақметімді айтамын, – дейді ол.
Расында, дәрігерлердің айтуынша, салмағы мың грамнан төмен сәбилердің өз бетімен тыныс алуы қиынға соғады. Егер мұндай аппараттар болмаса қиын жағдайдағы сәбилерді күтімге алу мүмкін болмаушы еді. Арнайы үстел, кувездердің әкелінуі қаншама нәрестенің өмірін сақ­тап қалып жатыр. «Аяла» қоры «Тыныс ал, балақай» жобасы аясында бес жыл ішінде Қазақстан бойынша 22 медициналық мекемеге заманауи құрылғыларды тарту еткен. Жергілікті дәрігерлердің деңгейін көтеру үшін арнайы мамандар да алдырт­қан. Жоба қолға алынған бес жыл ішінде 387 489 410 теңге жұмсалып, 70 мыңнан астам сәбидің өмірін аман сақтап қалған. «Тағы бір жобамыз «Өмірге дем бер» деп аталады. Бұл ретте перинаталды орталық­тардың реанимациялық бөліміне ғана емес, өңірлердегі кәдімгі балалар ауруха­на­ларына қол ұшын создық. Бүкіл Қазақ­стан бойынша. Нәтижесінде, жұқпалы балалар ауруханасындағы өлім деңгейі төрт есеге төмендеді. Жоба 2007 жылы басталған еді. Жақсы нәтижеден кейін жоба ауқымы кеңейе түсті. Он жыл уақыт ішінде 32 қала, 50 мекемені қамтып, 300 маман білім жетілдіру курсынан өткен. Ең бастысы 50 мыңнан астам сәби құтқа­рыл­ды. Аналардың көңіл күйіне де көп нәрсе байланысты. Егер олар эмоционал болса, үнемі көңіл күйі түсіп, үнемі жылай берсе бұл баланың да денсаулығына да әсер етеді. Олар әр үш сағат сайын сәбиінің қасына келген сайын өз бойындағы теріс энергия береді. Сондықтан біз ата-анамен тығыз жұмыс істеуге тырысамыз» дейді қор өкілдері.
Жүрек ақауы – сәбилер жиі шалды­ғатын дерт. Өкінішке қарай, Қазақстанда осы диагнозбен өмірге келген әрбір бес сәбидің біреуі ғана тірі қалады екен. 2008-2010 жылдар аралығында қор «Мен де өмір сүргім келеді» атты жобаны қолға алған. Жоба аясында ашық жүрекке операция жасайтын медициналық құрылғылар са­тып алынды. Салмағы 10 келіден аспайтын жүздеген сәбиге операция жасалады. Жалпы, жоба жүзеге асқан жеті жыл уақыт ішінде 13 маман оқытылып, 49 миллион тең­геден астам қаражат жұмсалып, 2 мың­нан астам сәбиге өмір сыйланған.
– «Аяла» қорымен үш жылдан бері жұмыс істеп келемін. Олардың бағдарла­ма­лары аясында Қазақстанға жиі келемін. Бұл Қазақстан медицинасының қай дең­гейде дамып келе жатқанын бағалауға мүм­кіндік береді. Бірінші рет барғанымда дәрігерлер мен тәсілдеріңіз ту­ра­лы ештеңе білмедім. Бірақ бар мақсатым – медицина саласы бойынша Қазақстан мен Корея арасына берік байланыс орнату. Ал қазір қазақстандық дәрігерлердің әлде­қай­да алға басқанын көріп отырмын. Негі­зі­нен, хи­рургтер. Осы үшін «Аяла» қорына алғыс білдіремін. Олар дәрігерлердің білімін кө­­теруге атсалысып, балалардың денсау­лы­ғы үшін алаңдайды, – дейді оңтүстік ко­реялық дәрігер, профессор Чжон-Соп Ли.
Қор бастамашы болған тағы бір бе­ре­келі жоба «Дәрігер бөлмесі» деп аталады. 9 жыл ішінде 8 қалада 18 сенсорлық бөлме жасалып, бес мыңнан астам балақай еркін көмек алу мүмкіндігіне ие болған. Ал «Ерек­ше балаларға – ерекше көмек» жо­ба­сы көру, есту, сөйлеу мүмкіндігі төмен ба­ла­ларды назарға алған. Жоба аясында ба­лалар үйі, санаторий, емханалармен тығыз қарым-қатынас орнатылып, түрлі инте­рак­тивті тақталар қойылып, арнайы маман­дан­дырылған аппараттар әкелініп, оқу құ­ралдары мен дамыту ойындары ұйым­дас­тырылып, баланың санасына әсер етер барлық жағдайлар мұқият есепке алы­нады. 10 жыл ішінде 20 қала, 99 мекеме ос­ын­дай аса қажетті құрылғылармен қамтылған.
– Он екі жылға таяу уақыт ішінде елі­міз­дің алпыс шақты елдімекенінде болдық. Медицина және білім саласын қамтимыз. Қазір Қарағанды облысының өзінен 150 ба­ла әрі білім алып, әрі мектеп-интернатта тұрып жатыр. Соның ішінде қырық бала мүлдем естімейді. «Аяла» қоры «Астана марафонына» жыл сайын қатысады. Мара­фонда 47 адам жүгірді. Шара кезінде біз бір миллион теңге жинадық. Алайда аудио­метр құралы 2,5 миллион теңге тұрады. Же­тіспеген 1,5 миллион теңгесін қоры­мыз­дың тұрақты демеушісі тауып берді. Осылайша, мектеп-интернат қажетті құ­рал-жабдықтарды иеленді, – дейді «Аяла» қорының Астана қаласындағы өкілі Сал­танат Әскербек­қызы. Құлағы естімейтін балаларға арнал­ған құны аспандап тұрған құралдарды пайдалану процесті мейлінше оңайлатады. Себебі, аудиограмма арқылы баланың диагнозын бірден білуге мүмкін­дік мол. Аппарат қандай әдістер қолдану ке­регін де көрсетіп береді. Сондай-ақ мектеп-интернаттағы сурдоаудармашылар да балалардың сөйлеу, дыбыстау мүмкін­дік­терін әрдайым зерттеп, зерделеп отырады.
Қор еліміздегі спорт мектептерін де на­зардан тыс қалдырған емес. Он жыл ішін­де 6 қала, 12 мекемені спорттық құ­рыл­ғылармен қамтыпты. Сондай-ақ қайы­рымдылық жүгіру марафонын да жиі ұй­ым­дастырады. Бес жыл ішінде Британ-Қазақ қоғамымен бірлесе отырып Астана, Алматы, Лондон қалаларында 11 қайы­рымдылық жүгіру шарасын өткізген. Ша­раға әлемнің 25 елінен 3000 желаяқ қа­тысқан. Әлбетте, мұндай спорттық бас­та­мадан түскен қаражат та балалар денсау­лы­ғын нығайтуға жұмсалады. Жүгіру ма­рафонынан жиналған 24 миллион теңгеден астам қаражатқа екі облыстағы пери­наталды орталықта реанимациялық бө­лім жасақталып, 4 сенсорлық бөлме пай­далануға берілген.
– Қазақстанда мүлде емделмейтін аурулар бар. Сонымен қатар өте сирек кездесетін де аурулар бар. Оның қандай дерт екенін де, емдеу жолын да біздің дәрігерлер білмейді. Бірақ біз отандық мамандардың білігін көтергіміз келеді. Себебі, түптің түбінде деңгей жоғарылау керек. Қазақстанның Орта Азия бойынша медициналық туризм еліне айналғанын қалаймыз.
Біз балаларға арнап тігін, слесарлық шеберханалар ашып береміз. Олар өз мүмкіндіктерін байқап көруі тиіс. Қабі­леттері бар ма, жоқ па соны аңғарады. Егер ықыласы болса, әрине біз ашқан шебер­ханалар олардың өмірлерінің жарқын бола түсуіне жол ашады. Біз әлдебір жобаны қолға алғанда тек әдемі болып тұрса екен де­мейміз. Кез келген балаға көрсетілген кө­мек пен берілетін бағдар олардың білік­тілігін арттырып, бойындағы қабілетін оятуы тиіс. Қор президенті Айдан Сүлей­менова Мәскеу медициналық универ­си­тетін тамамдаған. Ауруханада терапевт бо­лып жұмыс істеген. Сондықтан медици­на проблемаларын жақсы біледі. Жұмысты қалай жүргізу керек, қандай тәсілдерді қолданған жөн, ол кісіге барлығы жақсы таныс. Ә дегеннен балалар медициналық мекемелеріне қолдау көрсету қолға алынды. Кейінірек білім беру мекеме­леріне де назар аударылды. Уақыт өткен сайын қор қызметкерлерінің тәжірибесі молайып келе жатыр, – дейді қордың вице-прези­денті Жангелді Сәрсенов.
Сонымен бірге, қор әртүрлі мерекелер қарсаңында балаларға түрлі тартулар жа­сап, оларға арнап мерекелік кештер мен дәрістер ұйымдастырып, барынша сана­лық, рухани тұрғыдан жетілдіруге күш са­лып келе жатыр. Мәселен, балалар үйі­нің 600-ден астам тәрбиеленушісіне арнап «Күлкі күні» мерекесін жеті рет өткізуі, түрлі республикалық-телевизиялық ша­раларға балалардың қатысы олар­дың қиялына қанат бітіріп, сезімдерін шың­дайтыны сөзсіз. Қор ата-ана қам­қор­лығынсыз қалған балаларға көмектесуді де ұмыт қалдырған емес. Сегіз жыл ішінде 19 мекемені 11 тігін, 6 слесарлық шеберха­насымен, 1 гүл өсіру кабинеті, 4 шаштараз өнерін үйрету кабинетімен жабдықтаған. Қор өз жұмысын жүргізіп, тәжірибемен бөлісіп, тың дүниелерді үйрену үшін әркез ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырып тұрады. Биыл «Аялаға» – 12 жыл. Осы уақыт ішінде атқарылған жұ­мыс санын түгел тізбелеп өту мүмкін емес. Біз бір парасына ғана тоқталдық. Алда әлі атқарылар шаруа орасан. Біз игілікті істі қолға алып, балалардың арман-қиялын шындыққа айналдыру жолында еңбек етіп жатқан ұжымға тек сәттілік тілейміз!
«Аяла» қоры туралы «Шанс» теле­ви­зия­­лық деректі фильмін 9 ақпан күні 19.40-та «Астана» телеарнасынан көріңіздер.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу: