Жайлы өмір сүр!

389
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасын талқылаған қызылордалықтар бағдарлама еліміздің әрбір тұрғынының жайлы өмір сүруіне және әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты. 

Нақты айтар болсақ, алдағы 10 жылда халқымыздың береке-бірлігінің артуы, еліміздегі саяси тұрақтылықтың нығаюы мен экономикалық реформалардың та­бысты іске асуын толық қамтыған бағ­дар­лама жобасы «Нұр Отан» партиясы Қызыл­орда қалалық филиа­лы­ның кезектен тыс конференциясында қызу талқыға түсті. Оған өңірде жұмыс са­парымен жүрген Мәжіліс депутаттары Кә­рібай Мұсырман мен Нұрлан Дулат­беков куә болып, бағ­дарлы бастаманың бағын ашуға үн қосты.
Алғаш болып сөз алған партия ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сай­лаубай Әбішев өзі іргесін қаласқан пар­тияның өткені мен бүгінін тілге тиек етті.
– «Нұр Отан» партиясы – бүгінгі күні өзінің мықты құрылымдары мен берік ұс­танымы арқасында сайлауалды бағдар­ламысын мерзімінен бұрын орындап, халық сеніміне ие болған үлкен саяси институт. Сондықтан біздің партиямыз үшін халықтың сенімі қашан да маңызды. Осы орайда, елдің бастасын алған бұл бағдарлама келешектің кемел болуының кепілі болатынына сенімдімін, – деді ол.
Қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Елбасының «Қазақстан­дық­тар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыруға аса мән берді. Ол Мемлекет басшы­с­ының шағын және орта бизнесті одан ары өркендетудің жаңа бағыттарын нақтылап бергенін, осы жылды Жастар жылы деп жариялауы және ұстаздар мәртебесін қабылдауы егемен еліміздің кемел келе­ше­гіне салынған басты капитал деп атап өтті.
«Нұр Отан» партиясы қалалық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов бағдарлама мақсаттарына жеке-жеке тоқталып, оны жүзеге асыруда әрбір партия мүшесі жауапты екендігін назарға салды.
– Біз, нұротандықтар, халық қызмет­шілеріміз, сондықтан партия бағдарлама­сында қамтылып отырған әрбір бастамаға ерекше ден қойып табысты жүзеге асуына еңбек етуіміз қажет. Сонда біздің бағ­дар­лама аясындағы белсенді жұмысымыз, еліміздің әрбір тұрғынының жайлы өмір сүруіне және әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін болады, – деді.
Конференцияға қатысқан Мәжіліс де­путаттары партияластарының ортақ мүд­де жолындағы игілікті бастамаларына сәттілік тілесе, жиынды қорытындылаған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құтты­қо­жаев алда­ғы он жылдықта әрбір қазақ­стан­дықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру үшін елді жүйелі жаңғыртуға мүмкіндік беретін бағдарлама болатынына сенім білдірді.
Жиын соңында күн тәртібіне сәйкес, облыстық партия филиалының конфе­рен­циясына 45 делегат сайланды.

Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы

Бөлісу: