Қарияларға арналған орталық

419
0
Бөлісу:

Қарағандыдағы Достық үйінде қарт адамдар уақыттарын тиімді өткізетін «Белсенді өмір» атты орталық ашылды. Мұнда қариялар үшін мәдени-рухани клубтар, тіл үйрету және компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Енді зейнет жасындағы қариялар шахмат ойнап, кітап оқып, домбыра тартып, компьютерлік сауатын жетілдіріп, ағылшын тілін үйреніп, қолөнермен шұғылданып, тіпті фитнес залында жаттығу жасай алады.

Орталық «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының Қара­ғандыдағы филиалының қолдауымен ұйым­дастырылды. Салтанатты шараға зейнеткерлер, Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Альберт Рау, Гүлнәр Бижанова, этномәдени орталық өкілдері, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің, ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері және қала тұрғындары қатысты.
«Өз уақытын заман талабына сай тиімді өткізуі – қарттар үшін ғана емес, ең алды­мен, келешек ұрпақ үшін маңызды. Үлкен­деріміздің ұлық жасын қадірлеу – барша­мызға парыз. Еліміздің өркендеп, дамуына үлес қосқан әр саланың арда­гер­лері немесе зейнетке енді шыққан арда­гер­леріміз үшін Достық үйінде ашылып отырған бұл орта­лыққа келушілердің саны көп болады деп ойлаймыз. Сондықтан дүние танымы терең ардақты аға-апала­рымыз бен жас ұрпақ арасында байланыс орнап, қарияларымызға деген қамқорлы­ғ­ы­мызды арттыруға, олардың өмір сапа­сын жоғарылата түсуге бағытталған «Бел­сенді өмір» орталығының ашылуы ізгі бастама деп білемін», – деді депутат Альберт Рау өз сөзінде.
«Ардагерлерді ардақтайық» әлеуметтік қайырымдылық жобасының аясында, Елбасының тапсырмасына орай қария­ларға арналған орталық ашып отырмыз. Бұл – еліміздегі алғашқы орталық. Енді басқа өңірлерде де қарттарға арналған орындар ашу көзделіп отыр. Зейнеткер­лердің уақытын тиімді өткізуде таптырмас орын саналатын орталықтың ашылуымен құттықтаймын», – деді «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.
Орталықта психолог пен заңгерлер де қызмет көрсетіп, ардагерлерді толған­дыр­ған сұрақтар бойынша кеңес береді.
«Бос уақытыңда үйде отырмай, осында келіп, өзіңмен үзеңгілес жандармен әң­гі­мелесіп, шахмат ойнап, домбыра тартып, та­рих жайлы пікірлесуден артық бізге еш­теңе де керек емес. Кейбір қарияларымыз компью­тер үйренуге де талпыныс танытып жатыр. Бұл жаңа заманның жаңашыл­ды­ғынан қа­лып қоймай, заманауи өмірге бе­йім­делудің бір түрі. Осы жақсы бастама­ның нәтижесінде, қарттардың жасы ұзақ болып, болашақ ұрпаққа берер тәрбиесі мен айтар ақылы көп боларына сенімім мол», – деді зейнеткер Қайролла Дәулетбекұлы.
Орталықта қарияларға ғана емес, жастардың бос уақытын да тиімді өткізуге арналған шаралар қолға алынған. Мо­бильді кітапханада жастар тегін интернет арқылы кітаптарды жүктеп, оқи алады. Коуоркинг орталықта жаңадан жарық көрген кітаптар да назарға ұсынылған. Жайлы, әдемі залда жастарды кітап оқуға тарту үшін бар жағдай жасалған.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы

Бөлісу: