Мекемелерді аралады

143
0
Бөлісу:

Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында түрлі мекеме, ұжымдарда болып, халықпен кездесу өткізуде.

Шымкент қаласына іссапармен бар­ған Мәжіліс депутаттары Елбасы Жол­дауын жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында түрлі мекеме, ұжымдарды аралады. Сондай кездесулердің бірі – «Азала-текстиль» фабрикасында өтті. Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажетті бұйымдар шығарады. Өндіріс орнында 630-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтыл­ған. Мәжіліс депутаттары Мансұрхан Махамбетов, Мұхтар Ерман, Байділда Жылқышиев, Ержан Құдайберген, Евгений Козлов «Азала-текстиль» өндіріс орнының жұмыс барысымен танысып, қызметкерлермен тілдесті. Кездесу кезінде жастарды жұмыспен қамту, қоғамдық көлік, техникалық мамандар тапшылығы сынды көптеген әлеуметтік мәселелер айтылды.
– Депутаттардың мiндетi – Қазақ­станның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, елімізде жүргізіліп отырған саяси және рухани рефор­маларға қолдау шараларын өткізу. Біздің топ Шымкент қаласында 3 600 адамның қатысуымен 42 кездесу ұйымдастырдық. Өңiрдiң ең күрделi мәселелерiн анық­тап, оның шешу жолдары бойынша ұсы­ныстар бердік. Қазіргі уақытта Шым­кент қаласындағы кезек күттір­мейтін мәсе­ле­лерді шешу жолдарын қарастырып жа­тырмыз, – деді Мансұрхан Махамбетов.
Шара соңында депутаттар түрлі сұ­рақ­тарға жауап беріп, айтылған ұсыныс-пікірлерді атқарушы органдарға жеткі­зіп, орындалуын қадағалайтынын айтты.
«Кедергісіз келешек» пар­тия­лық жобасы аясында депутат, парла­менттік фракция мүшесі Жанат Омар­бе­кова Астанадағы Паралимпиада орта­лығында болып, спортшыларымен кездесті. Басқосу барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету, оларға арналған «Инватакси» қызмет­терінің қолжетімділігі мен қамтамасыз етілуіне, соның ішінде арнайы қалалық логистикалық инфрақұрылымды дамы­туға қатысты, Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің дене­шынықтыру және спорт факультетінің базасында «Спорттық доктор» және «Спорттық психология» салаларындағы академиялық бағдарламаны пысықтау, сондай-ақ Паралимпиадалық да­йын­дық орталығында инклю­зив­тік спорт түрлерін құру және өзге де мәселелер талқыланды.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу: